Мөлдір Әуелбекова Астананы әнге бөледі

244
1
Бөлісу:

1 желтоқсан күні  Қазақстан орталық концерт залында Мөлдір Әуелбекованың «Туған ел» атты ән кеші өтті. Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақконцерттің» қолдауымен өткен концерт Тұңғыш Президент күніне орайластырды.

 

Астананы әнге бөлеген кеш – әншінің 15 жылдық есеп беру концерті. Әнші Мөлдірдің ән-ғұмырдағы ең бақытты сәті. Көрермен толы зал. Ерекше атмосфера. Сезім қылын шертер әндер. Халқының алақанында тербелген Мөлдір.

 

Концерт Forte Trio мемлекеттік триосының, «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің және Zaratushtra Band оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Концерттің беташары – «Әдемі қыз» әні. Әрине, бұл әнсіз бола ма? Мөлдір мен халықты табыстырған туынды емес пе? Әуелбекова ән бастағанда халық сілтідей тынды. Көрерменнің тұңғиық дауыстың шегін білгісі, ән құдіретін сезінгісі, «Әдемі қызбен» әдемі кештің куәсі болғысы келгендей…

 

Кеш қазақ даласындағы ән-айтыспен басталды. Қазақтың халық әндерін қыз-жігіт болып кезекпе-кезек орындағаны жұрт көңілінен шықты. Артқы фонда тамаша үйлесім тапқан. Құдды бір өзіңізді жайлаудағы сауыққа тап болғандай сезінесіз. Артынша Мөлдірдің қолына домбырасын алып, «Балбырауынды» ойнауы тіптен керемет. Жайлауда отырып шарықтаған жұрттың домбыраның күмбірін естіп делебесі қозды. Осылайша, елорданы дүбірлі-думанға бөлеген Мөлдірдің кешінде таңғалған үстіне таңырқай түстік.

 

Жанды дауыста өткен концерттің әрін  Мейрамбек Беспаев, Төреғали Төреәлі, Райым Уайыс, Ұшқын Жамалбек, «Назар» тобы кіргізді. Әр әншімен Әуелбекова өзінше жарасым құрды. Дуэтті демер қойылым да бар.

Көпір үстінде Райым Уайыспен «Қасыңдамынды» орындағаны әсерлі шықты. Ұшқын Жамалбек екеуінің дуэті халықты бір билетіп алды. «Өзіңді кездестірмесем» әдеттегідей ерекше. Сырлы сезімге толы әнді Мейрамбек Беспаевпен әдемі орындады. Ағасы қарындасын жеке концертімен құттықтап, ақ жол тіледі.

 

Төреғали Төреәлімен бірге шырқаған «Қоштасудың қиын-ай» мен «Сен болмасаң» тіптен әсерлі шықты. Қос әнші түсірген кино-клип жұрттың таңданысын тудырған-ды. Концерт алдындағы брифингте әншіге «Кино түсіру ойыңызда бар ма?» деген сұрақ қойылды. Әнші болса, ойында сценарий барын, бұйыртса әдемі бір хикаяның жарыққа шығарын мәлімдеді. Демек, киноқоржын тағы бір туындымен толығады деген сөз.

Мөлдір Әуелбекова мен концертті ұйымдастыруға атсалысқан топтың жұмысы көрініп-ақ тұрды. Әуезді ән қойылыммен астасқанда тіптен әсерлі шықты. «Халқым-ай» деп еркелеген әншіні халық екі сағат бойы қошеметіне бөледі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*