Үшінші бесжылдық: не ұтамыз?

100
0
Бөлісу:

Үкімет Елбасы жариялаған Индустрияландырудың үшінші бесжылдығының құжатын бекітті. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың тұжырымдамасы құпталды.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Үкімет мүшелері ең алдымен 2021 жылға дейінгі Агроөнеркәсіптік кешен­ді дамыту мемлекеттік бағдар­ла­масын жүзеге асыру бары­сын қарады.
Ел Президенті агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойды. Осыны ескере отырып, Үкімет биылғы шілдеде Агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту бағдар­­ламасының өзекті тұстарын қарап, қайта бекітті. Ауыл шаруа­шы­лығының бірінші вице-министрі А.Евниев жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы жайында баяндады.
– Биылғы жылдың екінші жартысынан бері шағын және орта шаруа қожалықтарына иек артатын етті мал шаруашылығын дамыту бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарлама іске асырыла бастады. Осы мақсатта біз арнайы «Сыбаға» атты жеңілдетілген кредиттік өнімді іске қостық. Оны екінші жарты­жыл­дық­та ғана қолға алғанымызға қара­мас­тан, осы жылғы жоспар асыра орындалды. Бүгінде 600-ден астам фермер кредит алды. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспа­ры 50 мың басты құрайтын. Өткен 11 айда-ақ 67 мыңнан астам басқа өті­нім қабылданды, 55 мың басқа арнал­ған кредит мақұлданып, беріл­ді, – дейді Арман Евниев.
Оның мәліметінше, сиыр табы­нын тұқымдық түрлендіру жос­пары 1 млн бас болып белгі­лен­ген. Қазір­дің өзінде тұқым­дық түрлендіруге шамамен 977 мың сиыр немесе 98%-ы қатысып жатыр.
2018 жылғы 11 айдың қорытын­ды­сында 14,5 мың тонна сиыр еті шетелге экспортталған. Ғажабы сол, барлық экспорттың жартысына жуығы – 45,2%-ы жаңадан құрылған Түркістан облысына ғана тиесілі!
Бұл ретте АШМ бірінші вице-министрі: «Жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты жөнінен жоспар­да­ғы 15 мың тоннаны асыра орын­даймыз», –деп уәде берді. 2012 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына ет экспортын 2016 жылға дейін 60 тоннаға жеткізу міндеті қойылған.
– Сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда тағы 1 млн тоннаға артты­руды көздейді. Мақсатқа жету­­дің индикативтік көрсеткіштері анық­талды. 2027 жылға дейін қуат­ты­лығы 400 сиырға дейін же­те­тін жаңа 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейінгі 19 өндірістік тауар­лық сүт фермасын ашу жоспарланып жатыр. Биыл 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның оны – жалпы қуат­ты­лығы 7400 басты құрайтын өнді­ріс­тік, ал бесеуі – отбасылық ферма. Жыл аяғына дейін жалпы қуатты­лы­ғы 4500 басты құрайтын қосымша 10 фер­маны іске қосу жоспарда
бар, – деді бірінші вице-министр.
Ұйымдасқан шаруашылықтар өткен он айда 1,3 млн тонна сүт беріпті. Салыстыру үшін айтсақ, 2015 жылы олар 900 мың тоннасын өндірген. Бұл санға ауылдықтардың қолындағы малын сауып, өзі тұтын­ған не басқа адамға сатқан ағы кір­мейді. Тек зауыттарға өңдеуге келіп түскен сүт қана нақты есеп­тел­ген.
Құс шаруашылығы бағдарламасы аясында АШМ құс етін өндіру деңгейін алдағы 10 жылда 3 есеге, яғни 200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін ұлғайтуға, сол арқылы импортты елден ысырып шығаруға міндеттелген. 2018 жылы жылдық қуаты 60 мың тонна ет шығаруға жететін «Макинка құс фабрикасы» қолданысқа берілді. Бұл осы кезең­дегі отандық құс шаруашылығындағы «ең ауқымды жоба» деп танылды.
Министрлік өсімдік шаруашы­лығындағы ең үлкен резервті суар­ма­лы жерлерді дамытудан көріп отыр. Осыған орай, мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде осы жылы 65 мың гектар жерді айналымға тарту көзделуде. Әзірге 41,9 мың гектар, соның ішінде Алматы облысы бойынша – 11,6 мың гектар, Ақтөбе облысы бойын­ша – 5,2 мың гектар, Жамбыл облы­сы бойынша – 17,4 мың гектар, ШҚО бойынша 2,7 мың гектар суар­ма­лы жер айналымға енгізіліпті. Қал­ған жерлер жыл соңына дейін іске жаратылатыны мәлімделді. Бұл үшін ведомство шетелден қарыз алуда.
–Осы міндетті орындау мақса­тын­да Ислам даму банкімен және Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп, 100 млрд теңгеден астам сомаға 128 мың гектар сұра­ныс­қа ие суармалы жердің гидро­мелио­рациялық жүйелерін қалпына келтіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жерлердің Алматы облы­сына – 35,4 мың гектары, Ақтө­бе облы­сына – 16 мың, Жамбыл облы­сы­на – 51 мың, Түркістан облысына 25,7 мың гектары тиесілі. Бұдан басқа осы салалық бағдарлама шеңберінде тағы 1,5 млн гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға қосымша тартып, еліміздегі суарма­лы жерлер­дің жалпы аумағын
3,5 млн гектарға дейін жеткізу қарас­ты­­­ры­­лады. Нәтижесінде егістіктер­дің жалпы ауданындағы суармалы жер­лердің үлесі – 16%-ды, ал жалпы өнімі­нің көлемі 2,4 трлн теңгені құрамақ. Суармалы егіншілік – тек көкөніс пен жеміс қана емес, бұл мал шаруашылығы үшін кепілді азық көзі! – деді А.Евниев.
Әрине, техника болмаса ауыл шаруашылығының адымы ашыл­май­ды. Сондықтан негізгі құрал­дарға арналған кредиттер бойынша сый­ақы мөлшерлемелерін субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникалары мен жануарларының лизингі секілді бұрын жойылған тетіктер биыл қалпына келтірілді. Нәтижесінде, жыл басынан бергі он айда аграр­шы­лар 50 млрд теңгеден астам сомаға 2752 техниканы лизингке сатып ала алған. Бұл былтырғыдан 20 пайызға көп:
2017 жылғы ұқсас кезеңде олар
40,2 млрд теңгеге 2400 техника иеленген болатын. Жыл соңына дейін бұл соманы 60 млрд теңгеге жеткізу межесі белгіленді.
Мемлекеттік бағдарламаның өңірлерде қалай іске асып жатқаны туралы Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Түркістан облысы­ның әкімі Ж.Түймебаев, Ақмола облысының әкімі М.Мырза­лин, БҚО әкімі А.Көлгінов, Маңғыс­тау облы­сы­ның әкімі Е.Тоғжанов баяндады.
Мәселені талқылауды қорытын­ды­лаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бағдарламаның оң көрсеткішке ие екенін атап өтті. Дегенмен бірқатар облыстардың көзделген нәтижелерден артта қалғаны анықталып жатыр. Осыған байланысты АШМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу және АӨК дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасын қамтамасыз ету тапсырылды.
Осы отырыста Үкімет мүшелері Үшінші индустрияландыру бағдар­ла­масының тұжырымдамасын құптады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл құжат «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспортшыларды қолдау, шетелдік және жеке инвестицияларды тарту арқылы ірі, серпінді жобаларды іске асыру тәрізді бағыттарды қамтиды.
–Жалпы, 2020 жылы басталатын жаңа индустрияландыру бағдар­ла­ма­сы индустриялық саясат сабақ­тастығын сақтайды және күш-жігерді өңдеу өнеркәсібін дамытуға шоғырландырады. Біз қолданыстағы инфрақұрылымдық және инсти­ту­цио­налдық ұстын-каркасты барын­ша пайдаланатын боламыз, – деді министр.
Қойылған мақсаттарға қол жет­кі­зу үшін индустриялық-иннова­ция­лық дамудың 5 бағыты ұсы­ны­ла­ды. Біріншісі аясында Еуразиялық одақ елдерімен саудадағы кедергілерді жоюға, Қытай, Орталық және Оңтүс­тік Азия нарығына шығуға, сондай-ақ ішкі нарықты ұтымды қорғауға бағытталған проактивті сауда саясаты жүргізілмек.
Екіншіден, өсу ошақтарында өндірістің мамандандырылған факторларын алдын ала құру қолға алынбақ. Бұл ретте сапалы өнер­кәсіптік, цифрлық және серти­фикатталған инфрақұрылым­ды, адам капиталын, біліктілік орта­лықтарын дамытуға күш салынады. Үшіншіден, мемлекеттің шикізаттық ресурстарды бөлу және инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау мүмкіндіктерін пайдалана отырып, капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашуға басымдық беріледі.
Төртіншіден, ішкі және сыртқы нарықтарда тиімді кәсіпорындар тікелей қолдау көреді. Олардың тиім­­ділігі ішкі және сыртқы нарық­тар­да тұрақты бәсекеге қабілет­ті­лі­гімен өлшенетін болады. Бесіншіден, индустрияландыру саясатын үйлес­ті­ру, қаржыландыру және монто­ринг жүргізу үрдістерін барынша жолға қою арқылы индустриялық-инно­­вациялық қызметті қолдау жүйе­сінің тиімді­лігін арттыру жоспарланып жатыр.
Ж.Қасымбек Үшінші индустрия­ландыру бағдарламасы алдыңғы екі бесжылдықтан ерекшеленетінін жеткізді. Біріншіден, Қазақстан бұған дейін белгілі бір салаларға басымдық беріп келген, енді басым­дық өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларындағы тиімді өндірушілерді қолдауға ауысады. Яғни, сала емес, өндіруші қолдау көреді. Екіншіден, өндірілетін өнім­нің, оның ішінде халық тұты­на­тын тауарлардың жаңа түрлерін игеруге, ал қолданыстағы аталым-номенклатураларын кеңей­туге және күрделендіруге күш салы­на­ды. Үшіншіден, мемлекеттен нақты қолдау бұдан былай бизнес өз өндірісін жаңғырту, экспортын өсіру және басқа да нақты көрсет­кіш­терге қол жеткізу бойынша міндеттеме алса ғана беріледі. Төртін­шіден, өнеркәсіпті цифрлық дәуірге дайындау аясында қажетті инфрақұрылым мен стандарттар түзілетін болады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*