ЖУРНАЛИСТ, ҒАЛЫМ, ҰСТАЗ…

114
0
Бөлісу:

«Кел, балам, ғылым оқы, өнер – серік, ақ жолға ықтиқатың болсын берік!..» Бұл – ұрпағының келешегіне алаңдаған әке аманаты. Аманатқа қиянат жасамай, әке үмітін ақтау – әр перзенттің парызы. Зар заманның қатал сын-соқпағынан өткен Мәшһүр Нұрқожаның әкелік тілегі ақталды десек, қателеспейміз. Қайыржан Нұрқожаұлының сәулелі ғұмырында атқарған еңбегі мен қалдырған мол мұрасы осы сөзіміздің дәлелі болмақ.

1910 жылы 25 желтоқсанда Павло­дар­да дүниеге келген Қайыржан Бекхожин қаршадайынан зерек өседі. Ата-анасы қарапайым шаруа болғанмен, білімге құмар бала үй шаруасынан жат жүреді. Әкесі Нұрқожа ұлдарының оқуына асқан жауапкершілікпен қарайды. Нәтиже­сін­де, Қайыржан Бекхожин Павлодар совет еңбек мектебін бітіріп, лениндік комсо­мол қатарына кіреді. Сол жылдары оның журналистік қарымы да ашыла бастайды. Оның ауылдық, облыстық басылымдарға жарияланған мақалалары бұл сөзіміздің айқын дәлелі. Жас тілші алғашқы қыз­ме­тін Павлодардағы Кереку аудандық «Колхоз» газетінен бастайды. Сол жылда­ры біршама түйткілді мәселелерді көте­ріп, заметка­ларын баспа бетіне жария­­лайды. «Қалың малы 600» замет­ка­сын­да әйел теңдігін сақтамай, заңсыз түрде қалың мал алушы­ларға жаза қолданбай жүрген тиісті заң органдарын сынға алады. Осылайша, барлық шаруашылық-саяси бастамаларға белсене араласып жүрген, қаламы жүйрік маманды Шығыс Қазақстан облыстық «Екпінді» газетінің редакциясына жұ­мысқа алады. Біраз тәжірибе жинақтап үлгерген журналист С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетіне түседі. Оқу орнын мерзімінен бұрын аяқтап, басқа да басылымдарда қызметін жалғастырады.
Қайыржан Бекхожин – көптеген әлеуметтік мәселелерді қозғап, әртүрлі тақырыпта қалам тербеген журналист. Мысалы «Көрмес түйені де көрмес» мақаласында («Екпінді», 5 қазан, 1935 ж.) театр мәселесін көтеріп, ашық түрде «облоно» қызметкерлеріне сын айтады. Мұндағы басты мәселе – театр актер­лерінің нашар тұрмыстық жағдайы, театр ғимаратының жоқтығы, сахналық образ­ды ашатын киім-кешектердің аздығы. Ал­дыменен: «Шаттық өмірдің салтанаты, қаламыздың көркі, жұртшылықтың үлкен мектебінің бірі болған театрды облоно біле ме екен?» деп мәселенің басын ашып алады. «Көрмес түйені де көр­мес» деген­дей, облоно басшылары өз міндетін көрмегенімен біздің көрмеуіміз­ге болмайды», – деп орынды сын айтып, бұл мәселені шешу үшін жасалуға тиісті жұмыстар тізімін нақты келтіреді. Мақа­лада мәселе де нақты қойылған, оның туындау себептері мен шешу жолдары да жазылған, дәлелді фактілер де жеткілікті. Оқып отырып, нағыз публи­­цистикалық мақаланың үлгісін көреміз. Бекхожиннің қаламынан туған «Жар­маның жаңа газеті жабулы жатыр», «Еңлік-Кебек пос­та­нов­кісі», «Қазақ тілін Мыр­қымбайға жүк­тей салыпты», «Мал­дың міндетімен мықты­лап күресейік» атты мақалалары да жас журналистің қоғамдағы өзекті мә­се­леге деген өткір көзқарасын айғақтап тұр.
Нақтылық, мәселені түбіне дейін сарап­тау Бекхожиннің ғылыми мақала­ларына да тән. Ол «Қазақтың демократия­лық баспасөзі» мақаласында революция­ның жаңадан өрлеуі кезеңіндегі қазақ баспасөзінің пайда болуын, баспасөз бетіне жарияланған мақалаларды зерт­тейді. Қазақ даласында ең алғашқы болып жарияланған газет-журналдар жайлы жазған мақалалары да аз емес. Сондай-ақ Абайдың, Шоқанның публицистикасына, Ыбырай Алтын­сарин­нің шығармашы­лығына кеңінен үңіледі. «Қазақ ағарту­шылары туралы соны деректер» мақа­ласында жазған мына бір сөзін келтіре кетсек: «Алдыңғы қатарлы орыс публи­цистикасы мен журналистикасынан үлгі ала отырып, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев еңбекші бұқараның қанаушыларға қарсы, феодал­дық-патриархалдық салт-сананың қалдық­тарына қарсы, кертартпа ағымға қарсы күресті. Қазақ ағартушыларының өз ұлтының әдебиеті мен әдеби тілінің жаңа бағытын белгілеп, қоғамдық және ғылы­ми ой-пікірінің негізін салумен бір­ге, қазақтың демократиялық публицисти­касы­ның негізін қалады». Қайыржан Бек­­хо­жин қазақтың ағарту­шы­лары жай­лы жазып отырып, олардың әділетсіз­дік­пен, кертартпалық­пен батыл күрескен, ең­бекші бұқараның мүддесін қорғаған өз заманының мықты публи­цистері екенін дәлелдейді.
Қайыржан Бекхожин «Большевиктік жол» газетінде редактор болып жұмыс жасаған жылдары үлкен дау туындайды. Сол кезде ұлт көсемі болған Сталин жайлы жазылған мақаланың тақырыбы «Улы Сталин» деп қате басылып кетеді. Бұл ақпарат Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Тоқ­пақовқа жете салып, Бекхожин редак­торлық қызметінен айырылады. Осыдан кейін Алматыдағы жаңадан ашылған университеттің журналистика бөлімінде студенттерге дәріс оқиды. Оның ғылымға қадам басуына негіз болған дәл осы жағ­дай болатын. Себебі қазақ баспасөзінің тарихынан дәріс оқып жүрген ұстазды қазақ басылымдарының тарихы ғылыми тұрғыда терең зерттелмей жүргені алаң­датты. Зор еңбектің, үлкен ізденістің нәтижесінде 1964 жылы ғалымның «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиясы жарыққа шығады. Оның осы еңбегін оқып отырып, сол кездегі полиграфияның даму тарихына, алғашқы қазақ басылымдарының шығу процесіне шолу жасағанын көреміз. Сонымен қатар газеттерді шығаруға атсалысқан азаматтар мен олардың еңбектері жайында көптеген мағлұматтарға қанық боламыз.
Қайыржан Бекхожин – 60-тан астам ғылыми мақала жазған ғалым. Сол за­манда алғашқы газет-журналдарды зерт­теуден бұрын, оларға қатысты пікір айтудың өзі қауіпті болған. Осыған қарамай Бекхожин «Дала уәлаяты» газеті жайлы диссертация­сын қорғап шығады. Десек те, осы диссертацияны сынға алғандар да табылды. «Диссертацияда Қайыржан Бекхожин тарихи фактілерді бұрмалады «Дала уәлаятының газетін» боямалап, оны қазақ халқының саяси-әлеуметтік өмірінің түйінді мәселелерін жазып отырған, прогресшіл идеядағы газет етіп көрсетуге тырысады» деген жала жабылды. Кейіннен Қ.Бекхожин кіта­бының кейбір тұстарын қысқартып, «Қазақ баспасөзі совет өкіметі орнау жылдарында» деген атпен қайта шы­ға­рады. Ғалым қазақ журналистикасының тарихын әріден іздеу керек, оны келте қайырмаған жөн деп санайды. Сондықтан өзінің еңбектерінде баспасөз тарихының бастау бұлағын анықтап, егжей-тегжейлі зерттейді. Оның ғалым ретінде салған сара жолын бүгінгі күннің ғалымдары жалғасты­рып келеді.
Профессор Бекхожиннің жарты өмірі қара шаңырақтың қабырғасында өткені белгілі. Ол саналы шәкірт тәрбиелеп, журналистика факультетінің деканы ретінде талай студенттердің қамқор­шы­сына айналды. Оның студенттерге арнап жазған мақалалары да баршылық. «Өздігіңнен жұмыс істегенде» атты мақаласында оқу орнына жаңадан түскен бірінші курс студенттеріне ақыл-ке­ңестерін беріп, дұрыс жол нұсқайды. Мақаланың қорытындысында: «Ерінбей оқып, терең білім алуға талаптанған жастар ғана болашақ мамандығын толық меңгерген, қабілетті қызметкер болып шығады. Жоғары білім алып, Отан, ата-ана алдындағы борышын өтеп, азамат атанғысы келген студенттің әр минуты бекерге өтпей, пайдалы іске арналса деген тілек айтпақпын. Шәкіртінен ұстазының қалары осы ғана», – деп жазады. Осы сөзінен Қайыржан Бекхо­жин­нің ұстаздық асыл бейнесін байқауға болады. Бүгінгі күні ғылымның дамуына зор үлесін қосып жүрген ғалымдар, белгілі журналистер мен публицистер Қайыржан Бекхожиннің шәкірттері болғанымен мақтанады.

Жәмилә БАХТИЯРҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Журналистика факультетінің студенті

Бөлісу:

Пікір жазу


*