ҚАРАТАЛДЫҢ ҚАРАШАСЫ

120
0
Бөлісу:

…Біреу сенер, біреу сенбес. Астананың төрінде отырып, сон-ау-у қиырдағы Балқашымның жағасындағы балалық шағымның думанына айналған ыстық ұямды жиі ойлаймын. Қарттықтың белгісі ме? Әлде қым-қуыт шаруадан мойын босап, еркіндік тізгіні өз қолыңа тигеннен бе екен?! Қырда туып, ауылда өскендіктен болар. Осындайда қалада дүниеге келіп, жер баспай, асфальтта ойнаған қатар­ластарымның балалық қиялдарын көз алдыма елестете алмай қиналамын-ай. Мінеки, жанарымның алдына тағы да қияндағы балықшы ауылының сұлбасы көлбеңдегендей.Қызығы сол, жұпыны да, шат-шадыман аядай ауылымның бұл күнде жұрнағы да жоқ. Қазір «Жетім жұрт» аталып кеткен ежелгі елді мекеннің табанында жалғыз үй малшы тұрады…


Көңіл құсымның канатына ілесіп, ша­рық­таған ойымның әлем-тапырығын шығарған телефон трубкасын құлықсыз көтердім.
– Әл-л-о, Жәке…
Жарқылдаған таныс дауыс, бірден шырамыттым.
– Иә, Қареке… Халдеріңіз қалай?… Не жаңа­лық?… Қыстан хабар біліне ме?
– Бәлендей ештеңе жоқ-ау. Кешеден бері суық ызғар лебі айқын сезіледі. Қа­ра­талдан қашқан судың беті мұзқа­быр­шақтана бастаған тәрізді. Ал сіздің Балқашыңыздың Көпбірлік жағалауы қатыңқырағанға ұқсайды. Балықшылар аулары мен сүзекілерін жинаған-ау, шамасы… Айтпақшы, «Жетім жұрттың» іргесіндегі ескі тоғанға су түсіпті ғой биыл. «Байшегірдің» үстінен өтетін каналдың құла түзге текке кетіп жатқан суын көне тоғанның өзегіне бұрғызып жүрген Қобай мен Санат бауырларың көрінеді. Естіген шығарсыз, дұрыс жасаған…
Қареке деп елпілдеп жатқаным, өзі­міздің қаламдас әріптесіміз – Қараша Қараман. Аудан орталығы Үштөбе қаласында тұрады. Жерлесім десе де болады. Оның аты-жөнін естіген жазу-сызуға жақын жандардың дені, курстас достары, ең ақыры туып-өскен ауылдас­тарына дейін ерекше үкілеп «Қараталдың Қарашасы» атап кеткен. Ал шынтуайтына келгенде, ол – Сыр өңірінің түлегі. О жағын кейінірек егжей-тегжейлі біле жатарсыз, сүйікті менің оқырманым. Сәл шыдаңыз. Өзім Қарашамен ең алғаш қашан, қалай танысып едім…
Жаңылмасам, Қарашаның есімін бірінші рет Ержұман Смайылдың аузынан естіген сияқтымын. Шамамен осыдан отыз жыл бұрын болса керек. Жаны жәннатта болғай, айбынды да, қаһарлы Шер-ағаңның – Шерхан Мұртазаның «Социалистік Қазақстан­ның» тізгінін ұстаған кезі. Қазіргідей он-жиырма беттен кем шықпайтын топан газет қай-д-а, қазақтың маңдайына біткен жалғыз басылымы «СҚ»-ның өзі қалт-құлт күйге түсіп, аптасына үш-төрт реттен, небәрі төрт бет болып шығатын әупірім шағы. Сықиған сұрғылт газетті қайтсем беделін көтерем деп екі білегін сыбанып, құлшына кіріскен Шерхан аға ертеңгісін макетті шұқшия сүзіп, қадағалап бекітсе, кешкісін дайын полосаларды тағы да жіті қарап, ойлана- толғана қол қоюшы еді. Көкейіндегі күпті түйткілін жасырмайтын. «Ертеңгі газетімізде жұрт оқитын не бар, осы? Алақандай төрт бетті не болса, сонымен тығындай бермей, елең еткізетін дүниелерді көбірек жазғанымыз жөн. Мына Қараша Қараманның «Балқаштың соңғы жолбарысының терісі» деген хабары тамаша. Осы жігіттің Жеңіс күніне орай өткенде жазған Кеңес Одағының Батыры Иван Косенков туралы мақаласы да көпті елең еткізді емес пе? Мінеки, осындай материалдар керек-ақ…»
Ержұман екеуміздің бетімізге тесіле қараған бас редактордың сөзін бөлген орынбасары:
– Шераға, сіздің мақтап тұрған жігітіңіз менің курстасым ғой, – деп көңілдене езу тартқан.
– Өй, солай ма, өзі!
– Рас айтамын, мына Жанаттың жерлесі, Талдықорғанның Қаратал ауданынан жазып тұрады.
– Шын, біздің аудандық газеттің журналисі, – деп әңгіменің байыбына тереңірек зер салмаған мен де қасымдағы Ерекеңді қоштай жөнелдім.
– Кәне, ендеше осы қарқынымызды бәсеңдетпей, жер-жердегі тілшілерімізді жұмылдырайық. Жақсы, ең қажетті тақырыптарды қозғайтын материал­дарды тауып жазсын, жатпай-тұрмай ізденсін. Әсіресе, ойы ұшқыр, қала­мының желі бар авторлар тартуымыз керек. Аузымызды қу шөппен сүртпей, ел ішіндегі жігіттерге арнайы тапсырма беріңдер. Меншікті тілшілер бөліміне тура қазір тағы да қайталап ескертіңдер. Жарайды, ендеше мыжи бермей, нақты іске кірісейік…
Міне, содан бері де қаншама су ақты, қаншама су қатты. Уақыт – зымыран. Өзінің бедер ізін салып, дәуір көшін ілгері сүйрей бермек. Екі-үш шағын суреттемесінен-ақ қауырсын қаламның қуатын жазбай аңғарған қамқор жүрек­тердің лүпілін де естімейміз. Қандай өкінішті! Есесіне бірі – курстың Ераға­сы, екіншісі Алаштың Шерағасы атан­ған тұлғалар сара да, дара қолтаңба­ны дер кезінде көріп, бағалай білді. Ал қала­мына сүйенген белгілі журналист, жазушы Қараша Қараман бұл күнде жетінші белесіне абыроймен көтеріліп отыр. Сыр бойынан түлеп ұшқан тас­тү­лек Қаратал аспанында да еркін самғап, небір мұзарттарға қанат қақты. Талай-талай қияндарға қиял құсын ұшырып, алыстағы армандарға қол созды. Жер шолды, ел аралады, адам­дармен тілдесті. Романтикаға толы ма­мандықтың қыры мен сырына бойлай түскен қағілез де, сергек жас осылайша марқайып, есею баспалдақтарынан өтті. Құдайға шүкір, құпиясы мен сынағы шаш етектен асатын жауапты жолдан сүрінбей шығыпты.
Қашан жолықсақ та, қандай жағ­дайда ұшыраcсақ та сәлемі түзу. Ең ақыры оқта-текте телефонмен тіл­дес­кеннің өзінде де ежелгі әдебінен ай­нымайды-ау. Әлгінде ғана әңгіме­міздің әлқиссасында телефон шалған­дағы көңіл-күй райын әдейі қаз-қалпында келтіргенім бекер емес. Екі-үш ауыз ләмінен-ақ адамгершілігі биік заман­дасымыздың бүкіл бітім-болмысын байқатар мәдениеті бірден сезіліп тұр емес пе?! Дәл солай! Көбіміздің бойы­мыздан кездесе бермейтін, көзге көрін­бейтін тамаша қасиет. Қараша үлкенмен де, кішімен де тең сөйлесіп, ашық пікірлеседі. Қандай сауалыңа да селқос, атүсті жүрдім-бардым тіл қат­пайды. Ең ғажабы, мінезге бай аза­маттың құлағы түрік, жақсылық атау­лыға жақын жүреді, ауыл-аймақта болып жатқан жаңалық пен оң өзгерістерді өз қуаны­шындай қабылдайды.
Біраздан бері көмейімді бүлкілдетіп жүрген күмәнді сауалдың түйінін орайлы тұста Қарашаның өзі тарқатқан еді. Өкшемізден ерген қаламдас іні-достың ақтарыла шерткен сырын бірге тыңдалық.
– Сіз білесіз бе, Жәке? Көп адамдар мені күні бүгінге дейін Қараталдың өз тумасы деп ойлайды. Іші-бауырыма кі­ріп, елжіреп отырған олар, жағдайдың мән-жайына қаныққан кездегі көңіл-күйлерін көрсеңіз. Әуелде ыңғай­сыз­данып, тыпыршып қалатыным рас. Қазір тіптен елемеймін. Бойымыз әбден үйреніп кетті ғой. Ойлап отырсам, осында тұрып жатқаныма қырық үш жыл бопты. Бір адамның ғұмыры емес пе? – деген ол әдетінше жұмсақ жымиып, езу тартқан бойы әңгімесін сабақтаған.
– Қараталда тамыр жайып, өсіп-өндік, қара орман бір әулетке айналдық. Ұл-қыз өсіріп, немерелер тәрбиелеп отырмыз. Шүкір, бүкіл тіршілік-ты­нысым мен өмірім әулие-әмбиелер мен батырлар мекеніне айналған құтты өңірмен етене өріліп кеткенін өзіңіз де жақсы білесіз. Өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы қазақ журналистика­сының дәуірлеу шағын есіңізге ал­саңызшы. Ғажайып мамандыққа құл­шына қол созып, отыз-қырық жол хабар үшін жер түбіне баруға әзір тұратын жалын жылдардың жетегімен жол түсті бұл өлкеге. Өкінбеймін. Жетісудың шырайлы аймағы саналатын Қаратал бойы өзім туып-өскен Сырдарияның жағасындағы Қазалыға қатты ұқсайды. Мұнда да әрі қала, әрі әйгілі Түрксібтің үлкен стансасы Үштөбе Қаратал өзеніне иек артып тұрған жоқ па… Болашақ жарым, өзіміздің қазалылық Айзадаға да бірден ұнаған-ды…
– Солай ма еді, әйтпесе өзіңді жур­налистік жолдамамен келгенде, Қара­тал­дың аруымен жүрек жарастырған шығар деп ойлаушы едім.
– Емен-жарқын әңгімені орта жолдан бұзып.
– Әлгінде ескерткенім қайда?! Жаңа­дан танысып, сырласқандардың дені «Үштөбенің үшкілтайына жолығып, ешқайда мойын бұра алмай, Қараталдың сұлуына байланып қалған-ау, шамасы» деп ойлайды. Олар Сырдың ақ шағаласын ертіп келгенімді кейіннен біліп жүр ғой.
– Рас айтасың.
– Менің бағыма қараталдық жаны жай­саң адамдардың көңілдері мен ықы­ластары айрықша болды. Жақсы ортаға түскенімді алғашқы мезетте-ақ еркін се­зіндім. Аудандық «Коммунизм жолы», қазіргі «Қаратал» газетінің ұжымы құшақ жая қарсы алды. Басылымның бас ре­дакторы Мәкен Өсербаева апай бірінші күннен маған жас маман ретінде үлкен қамқорлық көрсетті. Екі тілде шығатын аудан өмірінің айнасы саналатын өзіндік тарихын, қалыптасқан мектебін газеттің мазмұны мен бет-бейнесінен айтқызбай-ақ аңғарасың. Қат-қат болып тігілген газеттің әр жылдардағы сандарын ауда­рып-төңкергенде 1932 жылдан жарық көріп келе жатқан басылымның арғы-бергі жолынан хабардар болғаным анық. Айдарлардың алуандығы, көтерілген та­қырыптардың аясы газет журналистерінің ізденістерін көрсетсе керек. Әсіресе, әдебиет, мәдениет, мораль төңірегіндегі жып-жылы дүниелер мен аудан жар­шысының тікелей өз сипатына қарай жарияланған суреттемелер, шып-шымыр очерктердің қылаң беруі қатты қуантты. Мамандығымыз, кәсібіміз газет кеміру болғандықтан, кеше ғана университет қабырғасында алған білімімізді, баспа­сөздің қара қазанында қайнап-піскен мүйізі қарағайдай ұстаздардың ақыл-кеңестері, студенттік жылдары аудандық, облыстық, республикалық газеттерде өткізген іс-тәжірибемізді еркін пайда­ла­нудың мүмкіндігі құлашты кеңге сермеуге үйреткені даусыз. Өткенді ділмарсып еске түсіріп отырғам жоқ. Бүгінгі журналис­тиканың да, журналистің де қадірі мен беделі құлдырап кеткені жасырын емес. Микрофон мен қаламды ұстап жүргендер, тіпті, жанр түрлерін ажырата алмайды…
Ащы да болса ақиқат. Журналистика әліппесінен бейхабар «шыбық тимес, шыңқ етпестерге» осы ескертпенің өзі де жетер. Жазу өнерінің, тіл өнерінің талай өткелектерінен өткен тәжірбиелі қаламгердің кейінгі лекке айтар ақылы мен кеңестері мол. Тек тыңдар құлақ болса дейік. Қаламын құрметтеген журналист Қараша Қараманның өзі ішке бүгіп қалған өмірбаянына қатысты кей деректерді ғана ұрымтал тұста айта кеткенді орынды санадым. Өз ісіне әрдайым жауапкершілікпен қарайтын ол ауданның рухани-мәдени өміріне белсенді араласып қоймай, нағыз ұйтқысы әрі ұйымдастырушысы болып жүреді. Студенттік аудиториядан келген бетте журналистік қызықты да, қиын қызметінің тізгінін босатпай, он бес жыл үздіксіз қалам сермеді. Аудан аумағында оның бармаған, табанының ізі түспеген жер жоқ-ау. Қасиетті де, киелі Қаратал өңірінің адамдарымен жүздесіп, болашақ кітаптарының қаһармандарымен тілдесіп сыр бөліскені күмәнсіз. Сондай-ақ қабілетті де, қарымды журналист талай тағдырлы жандармен әр жылдары қатар жүріп тер төкті. Әр буынның талантты өкілдері Ордаш Кендірбаев, Қайрат Әлімбеков, Гүлайым Түстікбаева, Әміре Әрін, Асхат Өмірбаевтармен шығармашылықтың ыстық-суығын бірге кешіп, сезім құсын шарықтатқан қуанышты сәттердің әдемі әсерлерін әлдилей еске түсіретіні мәлім.
Жылдар жаңғырығын қоңыраулатқан сайын шешіле, ақтарыла әңгіме өретін Қараша өзінен гөрі өзгелер хаққында көбірек толғап кететіні бар. Бұл да кез келген кісінің бойынан көре бермейтін жақсы мінездің нышаны деп ойлаймын. Сыр ұшқынын жалғыз тілім нанды бірге бөліп жеген курстас достарына қарай бұрғанда ол екпіндетіп сала құлаш тізімді жатша шұбырта жөнелген. «Біздің курстан сөз киесін тұмардай қастерлеген небір дүлдүл дарындар, атақты ақын-жазушылар, білікті редакторлар шық­қан…». Есімде қалғандарын қалам ұшына түсірейін: Ербол Шаймерденұлы, Серік Байхонов, Байбота Қошым-Ноғай, Оразхан Жарқынбек, Қуаныш Жиенбай, Маңдайлы Қосымбай, Алма Мұхамед­жанова, Сүлеймен Мамет, Мағауия Сембай, Жайберген Болат…
Өзіңіз де байқаған шығарсыз, жазу-сызуға құштар, алау жүректердің қарасын. Бейнелеп жеткізсек, осыдан отыз-қырық жыл бұрын мынау аласапыран өмірдің үлкен де, ұзақ аламанына қосылған сәулелі шоғырдың қатары селдіремеген секілді. Еліміздің қай түкпірінде жүрсе де олар қазақтың рухани әлемінің көкжиегін кеңейтіп, әуелден өздері темірқазық нысана етіп алған әдеби, мәдени мұрамызды байытып келеді. Сол саңлақтардың са­пынан өзіміздің Қараталдың Қарашасын көру қандай ғанибет. Жазу мен жұ­мыстың делбесін бірдей ұстаған ол үнемі алғы шепте жүрді. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізген маңызды кезеңде аудандық Қазақ тілі қоғамының жетекшісі, одан кейінгі жылдары да аудандық әкімшілікте білікті маман ретінде мәдени-саяси, ұлтаралық қаты­нас секілді жауапты да, шетін салалардың қайнаған ортасында жүрді. Тіл орта­лығының директоры лауазымды қыз­метін абыроймен атқарды. Шамасы жеткенше өзіне жүктелген міндеттер биігінен табылуды көздеді.
Қаламын бабында ұстай білген журналист-жазушы қалт еткен бос уақытын текке жібермей, ала қағазға тесілді. Еңбегі жеміссіз емес. «Ел мен Жер», «Қаратал ақтаңдағы», «Қарасақал Ерімбет шайыр» тәрізді кітаптарын жазды. Сонымен қатар өлкетанушы қаламгер «Қаратал – күндіз күміс, түнде алтын» «Ақылмен хан-төрені бағын­дырған», «Қасиетті Қаратал», «Айна­лайын атыңнан, Қараталым» т.б құдды бір аудан шежіресі іспетті тарихи-танымдық, деректі-публицистикалық жинақтарын құрастырған.
Табиғатынан сабырлы да, қанағатшыл қалам иесі пешенесіне бұйырған ризық-несібенің із-түссіз кетпейтінін имандай сезеді. Аласұрып жанығуды білмеді. Тек «Қаратал ауданының құрметті азаматы» деген ардақты атағына дақ түсірмеуді ойлайды. Иә, біздің Қараша сондай азамат.

Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Бөлісу:

Пікір жазу


*