ӘЛИЯНЫҢ ӘСЕМ ӘЛЕМІ

217
0
Бөлісу:

Арулардың көркін сәнді шаш үлгісіндегі сұлулықпен ұштастырып, жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрген атыраулық шаштараз Әлия Ахметова Сочи қаласында өткен халықаралық  конкурста үш номинация бойынша жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді. Бүгінде оның есімі, хас шеберлігі  туған елінен асып, шартарапқа тарап кетті.

Сочи қаласында өткен шаштараздар конкурсына әлемнің 26 елінен 500 қаты­сушы қатысқан. Қалыңдыққа арналған «Раушан» атты сәнді шаш үлгісіне 80 шаштараз шеберлері бар өнерін салған сында қазақстандық шебер Әлия Ахметова өздеріне берілген 40 минуттың әр секундын ұтымды пайдаланып, әлем елдерінен келген шаштараз шеберлеріне алтын медальді иеленуге мүмкіндік қалдыр­мады. Халықаралық конкурсқа алғаш рет қатысып отырса да «Бірінші орын аламын!» деген мақсатпен келген Әлия­ның арманы орындалды. Әлем елдері­нің шаштараз өнері саласында өзіндік орны мен атағы барлардан Әлияны оқ бойы озық еткен өз жұмысына деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі, алға қойған мақсаты болды.
– Атырау мұнай және газ инсти­ту­тын инженер-механик мамандығы бойынша аяқтадым. Тұрмысқа шығып, тұңғышымды өмірге әкелген соң қатты ауырып, ұзақ емделдім. Дерттен айыққан соң, шаштараз апам Эльмира менің де осы саланы меңгеріп, кәсіп ашқанымды қалап, ұсыныс жасады. Өз ісінің шебер­лер­інен бірнеше ай бойы шаш үлгі­сін жасаудан тәжірибе алдым. Кешкілік ғаламтордан түрлі сәнді шаш үлгі­лерін көріп, оны таңертең жасап көре­тінмін. Алты жыл бұрын ұзын шаш­тан түрлі әдемі шаш үлгісін жасау сәнге айналған еді. Менің де соған ынтам ауды. Ресейге шеберлігімді шыңдау үшін жиі барамын. Шаштараз өнері бойынша ресейлік әлемнің абсолюттік чемпионы Кира Гончардың шеберлік сабағынан өтуім, мені жеңіске жетелейтін. Себебі оның адамды өзіне сендіруге деген толғамды ойлары санаға сілкініс беріп, адамды қайрайды. Сочиде өткен конкурсқа қаты­су 600 мың теңге болды. Жалпы кон­курс­тың барлық шығынын өзім төледім. Менің сәнді шаш үлгілерімді көрсететін модельге конкурста жеңіс сыйлайтындай әдемі көйлек тігіп беретін дизайнерді табу қиынға соқты. Көптеген уәделер болды, алайда сөзінен тайқымай, әдемі көйлек тігіп беруге уәде беріп, оны орындаған алматылық Гүлжан Мұратова болды. Менің шаш үлгілерімді өзінің жан және тән сұлулығымен, әртістік шеберлігі­мен көрсете білген «Атырау аруы–2016» конкурсының жеңімпазы Ақкүміс Елеме­сова болды. Сайып келгенде осы үшеуміздің тандеміміз елімізге алтын медаль алып келуге мүмкіндік берді. Мені мақсатыма жеткізген оларға айтар алғы­сым шексіз. Мен бұл конкурсқа тек қана бірінші орын алып келемін деген сенім­мен бардым, – дейді шаштараз өнері­нің хас шебері Әлия Ахметова.
«Адам көркі шүберек» деп бекер айтыл­маса керек. Ал сол әдемі шүберекке қо­­лаң шашты арудың үлесін қосса сұлу­лық атаулыға көз сұқпайтын назар бол­мас еді.
Есімі әлем шаштаразшылары арасын­да танылған Әлия Ахметова халықаралық конкурста үш номинация бойынша бағын сынап көрген. «Қалыңдықтың сән шаш үлгісі» бойынша 1-орын алған Әлия Ахметова «От Кутюр» және «Фантазийная техническая» номинациялары бойынша үшінші жүлделі орынды иеленіп, Сочи сахнасында еліміздің көк туын алып шығып, марапатталды.
Әлияның ендігі мақсаты – 2019 жылы Парижде өтетін халықаралық шаштараз­шы­лар өнер конкурсына 8 номинация бойынша қатысып, бас жүлде иегері болу. Арманы асқақ Әлия қайтсем де бас жүлде алып келемін деген сенімімен сүйсіндіріп отыр. Біз оның сенімі ақталарынан үміт­тіміз. Себебі, оның өнерін бағалайтын жандар көп. Тіпті 2019 жылдың маусым айындағы мектеп бітірушілердің салта­натты кешіне арналған тапсырыс күнгі сағаттары минутына дейін бос емес. Әлияның шеберлігіне тәнті болғандар тойға шақыру билеті қолдарына түскен сәтте-ақ оның телефон нөмірін теріп, кезек­ке жазылады. Бұл да болса – еңбектің баға­ланғаны. Бүгінде дерт меңдеген жыл­дарды өткен шаққа қалдырған Әлия Ахметованың шаш сәндеуге қатысты фантазиясы дамып келеді. Оны құпия сақтауды жөн көрген шебердің шешіміне біз де келістік.

P.S: Біз бүгінгі күні жантүршігерлік оқиғаларды жиі жазып, қоғамда өз күшіне сеніп, еңбегімен елдік мүддені жоғары қойып, байрағымызды жоғары көтеріп жүрген жандар туралы жазуға сараң болып кеттік. Бұл тұрғыда көшбасшы «Нұр Отан» партиясының қырағылығы осы олқылықтардың орнын толтырумен келеді. Қай салада болмасын өзінің кәсібін сүйген, еңбегін ел ішінде де елден тысқары да көрсетіп, сүйсіндіріп жүрген қарапайым жандар туралы жаза түссек, жан дүниемізден жырақтап бара жатқан адамгершілік атты ең асыл қасиетті сақтауға болатынын көшбасшы партия әрдайым ескеріп келеді. Бұл үрдісті баспасөз саласындағы басқа да құрылымдар ескеріп жүрсе, қоғамдық сана парасаттылыққа қадам басары сөзсіз. Жақсы сөз айту, жақсы ойлау, жақсы іс тындыру әр адамның адами парызы екенін естен шығармасақ екен.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*