Адам құқығы күніне арналды

113
0
Бөлісу:

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Халықаралық адам құқығы күні аясында атағы әлемге жайылған World Press Photo – 2018 көрмесі өтті. Көрмеге жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан бірегей фотосуреттер қойылған. Олардың көпшілігі қоғамның ортасынан қайнап шыққан тақырыптарды, саяси-әлеуметтік түйткілдерді көрсете білген.

Бұл жолы қазылар алқасы өтінімге келіп түскен 73 мыңнан астам суретті қарап, салыстырып, үздіктерін анықтауға тырысқан. Жалпы, бәйгеге әлемнің 125 елінен 4,5 мыңнан астам фотограф қатысыпты. Соның ішінен қырық екісі ғана жүлдегер санатына енген.
World Press Photo–2018 көрмесі – фотожурналистердің мықтысын анық­тайтын халықаралық аса беделді конкурс. Жыл сайын тәуелсіз сарапшылар тобы үміткерлердің ұсынған суреттерін 9 түрлі категория негізінде анықтап, сараптайды.
«Жыл фотосуреті – 2018» аталымында венесуэлалық Роналдо Шемидтің туын­дысы жеңіске жеткен. Ол 2017 жылдың
3 мамырында Каракаста өткен үкіметке қарсы шеру кезінде үстіне от тиіп, жанұшыра жүгіріп бара жатқан адамды суретке түсіріп алған. Сол арқылы қоғам­ның бейнесін, елдегі қалыптасқан қиын ахуалды анық көрсете алған. Ал суретте түсіп қалған адам 28 жастағы Хосе Виктор Саласар есімді жігіт екен. Көрмені аралай жүріп, сан түрлі тақырыпты арқау еткен фотосуреттерді көріп, таң-тамаша қалуға болады. Үздік суреттердің барлығы дерлік өзінің кәсіби ұтқырлығы, ерекше тақы­рыбы, айтқысы келген ойы тұрғысынан дараланады. Бірінен бірі асып түсердей. Көрме кураторы, World Press Photo шарасының ресми өкілі И Вэнь Сияның айтуынша, Қазақстаннан екі фотограф бұл бәйгеге өз туындыларын жіберген. Алайда олар жеңімпаздар қатарына ене алмапты. «Қазақстандық кәсіби фотографтардың деңгейі жоғары. Олар алдағы көрмелер барысында топ жарады дегенге өз басым сенемін», – дейді көрме кураторы. Ал Нидерланды Король­дігінің Қазақстандағы елшісінің орын­басары Нора Дессингтің айтуынша, қазір қоғамдағы мәселелер ашық айтылып, ақпарат кез келген форматта еркін жеткізілуі тиіс.
– Халықаралық адам құқығы күнін бүкіл әлем 10 желтоқсан күні атап өтеді. Бүгінгі көрме де соның аясында өткізіліп жатыр. Себебі, әлемнің әр түкпірінде сан түрлі себеппен адам құқықтары әлі аяқасты болып жатыр. Көрмедегі батыл, өткір фотолар арқылы осы бір түйткілді мәселеге адамдардың назарын аударғымыз келеді. Жыл сайын конкурс категориялары өзгеріссіз қалады. Қатысушы елге, авторға ешқандай шектеу қойылмайды. Олар өздерінің жақсы деп тапқан кез келген туындысын жібере алады. Жалпы, бұл көрме әлемнің 45-тен астам елінде көрсетілді және оны 4 миллионға жуық адам тамашалай алады. Бұл – үлкен жетістік, – дейді шара ұйымдастыру­шыларының бірі.
Маңызы зор, ауқымы кең көрмені ұйымдастыруға Нидерланды Корольдігі елшілігінен бөлек, Сорос-Қазақстан қоры, «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры мұрындық болған.
– World Press Photo – 2018 көрмесінің біздің елімізде өткізілуінің өзі – үлкен мәртебе. Осының арқасында жергілікті мамандар көп нәрсені үйреніп, шеберлік сағаттарына қатысу мүмкіндігіне ие бо­лады. Ең бастысы қазақстандықтар осынау тамаша көрмені өз көзімен тамашалап, ондағы тақырыптарға, көмкерілген мәселелерге ой жібере алады, – дейді Сорос-Қазақстан қоры басқарма төрағасы Антон Артемьев.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*