Спорт алаңы стандартқа сай

89
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, дені сау болуына лайықты жағдай жасау керегін үнемі тілге тиек етіп отырады. Осы ретте жергілікті атқарушы органдарға денешынықтырудың көпшілікке қолжетімді болып, мектептердегі спорт құрал-жабдық­тарын тиімді пайдалану керек деген болатын. Сонымен бірге, аула, саябақ, скверлерді спортпен шұғыл­дануға ыңғайлы ету де тапсырылды. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы «Мектептерде спорт алаңдарын салу немесе қайта салу» жобасын қолға алды. Аймақтарда оң нәтиже көп. Жоспардың ауқымы да кең.

Партиялық жоба шеңберінде бірқатар аймақта ауыз толтырып айтарлық істер атқарылып жатыр. Мәселен, Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы нәтиже­лерді тізіп көрелік. Жақында партиялық топ Жосалы кенті мектептеріне тексеріс жасап, жобаның барысын байқады. Жалпы ауданда, бүгінде 19 білім ошағы бар екен. Олардың жетеуі кент орталығында болса, қалған ­12-сі – ауылдық елдімекендерде. Жобаны жү­­зе­ге асыру аясында нұротандықтар ауданға қарасты 10 мектепте болып, спорттық алаң­дарының талапқа сәйкестігіне бақылау жүр­гізген. «Біз Жосалы кентіндегі 7 және ел­ді­мекендердегі 3, яғни барлығы 10 мек­тепке бақылау жүргіздік. Олардың бесеуі арнайы спорт алаңдарымен қамтылса, 3 мек­тепте мүлдем жоқ және 2 мектептің спорт­тық алаңы жөндеуді қажет етеді. Жо­ға­рыда атал­ған 5 мектептің спорттық ала­ңы­ның үшеуі футболға арналған, қалған екеуі де толық стандартқа сай. Бұл алаңдар тек оқу­шыларға ғана емес, жақын маңай­дағы тұрғындар үшін де футбол, волейбол, баскетбол ойнап және басқа да спорт түрлерімен айналысуына ыңғайлы етілген. Қазір жөндеуді қажет ететін спорттық алаңдары бар мектеп директорларына тиісті тапсырмалар берілді. Өзіміз де демеушілер іздестіріп, көмек ­көр­сетуге жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы ­уа­қытта арнайы бекі­тілген жоспарға сәй­кес қалған мектептерді де аралап, тиісті ор­гандармен нәтижеге жұ­мыс істейміз», – дейді аудандық мәсли­хат­тағы «Нұр Отан» пар­тиясы депутаттық фрак­циясының мү­шесі Алтай Үсенов. Жал­пы алғанда, Қы­зылорда облысында 293 мек­тепте 682 спорт алаңы бар, оның 91-і фут­болға арналған алаң. 78-і жөндеуді талап етеді.
Алматылықтардың атқарған жұмысы көңіл қуантады. Әсіресе, осы жобаның арқасында әлеуметтік салада мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы серіктестік институты нығая түсетінін атап өту керек. Мәселен, бүгінде жеке инвестор қаражатына салынған бірқатар нысандар бар. Соның бірі – жалпы білім беретін № 40 орта мек­теп. Аталған нысанды партия өкілдері жуыр­да аралаған болатын. Жыл өткен сайын Ал­матыда спорт­тық инфрақұрылым жақ­сарып келеді. Жаңа спорт объектілері ашы­лып жатыр. Олар­дың дені әлемдік деңгейде екенін айта кету керек. Бұл нысан – қалада ғана емес, рес­публикада ашылған алғашқы алпауыт алаң. Мұнда футбол, волейбол, баскет­бол ойнауға болады. Сонымен бірге, вор­каут-жаттығу құрылғылары да бар.
Заманауи технологиялар бойынша са­лынған әмбебап алаңдар тұрғындар­дың салауатты өмір салтын ұстануына жағ­дай жасайды. Алматыдағы көп кешенде инклюзия элементтері бар. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балалар да осы спорт алаңдарында жаттыға алады. Алдағы уа­қытта тағы бірқатар мектептердің жа­нынан бірнеше алаң ашылмақ.
Ақтөбе облысында да жағымды жаңа­лық­тар көп. Балалардың тек футбол ғана емес, өзге де спорт түрлерімен айналысуына лайықталған көпфункциялы 20-ға тарта алаң бар. Жаңа алаңдардың ашылуы бұқа­ралық спорт түрлерінің дамуына оң әсер берері анық. Футбол алаңында доп теуіп ойнайтын Әмірхан Оразбаев болашақта атақты фут­болшы болғысы келеді екен. «Бүгінде жаңа алаңда алаңсыз ойнаймыз. Бәрімізге ұнайды. Топ-топқа бөлініп, тактикаларды қолда­намыз. Футболды бұ­рыннан жақсы көреміз. Ол кезде допты бір тепсең, алысқа ұшып кететін. Кейде көшенің келесі бетіне дейін баратынбыз. Жаңа алаң ашылғалы жақсы болды. Өйткені қоршау бар», – дейді ол.
Облыстағы 21 алаңның бесеуі – қала мектептерінде, қалғаны аудандарда жұмыс істейді. Кей спорт алаңдарында денешы­нықтыру сабағы да өтеді. Бұлардың бір артықшылығы – көпфункциялы болуында. Әрқайсының қаржыландыруы әртүрлі. Яғни, бірі – аудандық, енді бірі облыстық бюджеттің көмегіне жүгінеді. Кейде «Туған жер», «Түлек.kz» жобаларының аясында демеушілердің арқасында бой көтереді.
Жалпы алғанда «Нұр Отан» ұлт саулығын жақсартуға қатысты оншақты жобаны іске қосты. Олардың бірқатарын осы күнге дейін газетімізде берген едік. Мәселен, білім ошақтарындағы тамақтану орындарының сапалы болуы – партия бақылауында.

Бөлісу:

Пікір жазу


*