БАҚУАТТЫ ӨМІРГЕ БАСТАЙДЫ

187
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Қазақстандық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс са­пасын арт­тыру» атты Жолдауында ха­лықтың өмір сүру деңгейін жаңа сапаға көтеру үшін нақты ұсыныстар енгізді.

Жолдаудың басты өзегі – білімді, білікті мамандарды барынша қолдау және сол арқылы табысты мемлекетті дамыту. Бұл ретте бюджеттік ұйымдар­да қызмет істейтін мамандардың айлы­ғын арттырып, ең төменгі жалақының мөлшері 1,5 есе көтерілетінін айтты. Әдетте, аз жалақы алатын мамандар пәтер жалдап тұрады, ал жалға алы­натын пәтердің құны айына 50 мыңнан 150 мыңға дейін шарықтап кеткен. Сон­дықтан ойлап қараған адамға 30 мың жалақымен тіпті өмір сүрудің өзі ақылға сыймайтын ерлік секілді. Шын мәнінде, бұл ақшаның құнсызданып, азық-түлік пен халықтың қарапайым сұранысын өтеуге қажетті тауарлардың бағасы қымбаттап тұрған қазіргі заманда тұрғындарымызға жасалған үлкен қамқорлық деп білеміз. Елба­сының Жолдауды осындай жағымды жаңалықтармен бастауы – халықтың көңілін серпілтіп тастағаны анық.
Мұғалімдердің мерекесіне үлкен сыйлық жасап Елбасы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау туралы тапсырма берді. Бұрын-соңды болмаған маңызы мен мәні ерекше заңды құжаттың қабылданатыны ұстаздар қауымын зор қуанышқа бөледі.
Елбасы білім саласының барлық сатысы бойынша (балабақшадан бас­тап жоғары оқу орындарына дейін) нақты міндеттер қойып отыр. Жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарла­малары жаңартылып, озық білім мен үздік тәжірибе сабақтасқан жағдайда ғана нәтиже шығатынына мән берді. Мемлекет басшысы еліміздегі жоғары білім берудің озық үлгісін көрсетіп отырған – Назарбаев университетіне Үкіметпен бірге жасанды интеллект, балама энергетика және т.б. жаңа технологиялар жөніндегі арнаулы жобалар туралы әзірлеуге тапсырма берді. Өңірлерде орналасқан жоғары оқу орындары Назарбаев универси­тетінің оқу-ғылым үдерісін үлгі етіп алуы қажет. Шетелдің білікті профес­сорларын шақырып, ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты дамыту қа­жеттілігі де туындап отыр. Биылғы жылы мектеп түлектеріне түрлі деңгей­дегі грант көп бөлінгені белгілі. Осы за­манға лайық жатақханалар са­лу жұмыстары да қолға алынып жатыр.
Келер жылдың Жастар жылы болып жариялануы жастарымыздың білімі мен білігін пайдаланып алға қарай ұмтылуын ынталандыра түсері анық. Негізі, Президенттің қай жылғы Жол­дауын алсақ та, халықтың тұрмысын жақсартып, ел экономикасын көте­румен қатар, жастар мәселесін қозғап, оның дамуына септігін тигізіп отыра­тынына көзіміз жетіп отыр.
Президент денсаулық саласында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онко­логиялық орталық құруға тапсы­рыс берді. Онкологиялық орталыққа әлемдегі ең озық, заманауи құрылғы­лар­ды орналастыру қажетін айтқан­да, халықтың келешекке деген үміті мо­лая түсті деп ойлаймын. Себебі, біздің елде бұл қауіпті дертке шал­дық­қандардың саны күннен-күнге ұлғайып келе жатқаны да жасырын емес. Сондықтан мұндай орталыққа зәру екеніміз рас.
Маңдай терін төгіп тұрып алатын аздаған жалақысын қанағат тұтып жүрген учаскелік дәрігерлердің жала­қысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көте­рудің қолға алатынына аса риза­мыз. Елімізде аса ауыр да жауапты ма­мандық иелерін қолдауға бағыт­талған шарапаты мол істерді жүзеге асыруға ден қойылып отырғаны көңіл­ге қуаныш ұялатады.
Салауатты ұрпақ тәрбиелеп, сау ұлттың қамын ойлайтын Елбасы ай­мақтық деңгейдегі жалпы спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігін арттыру үшін нақты атқаратын шара­ларды тізбектеп берді.
Президент өзіміздің елде өндірі­летін тауарларды пайдалануымыз керек дегенді үнемі айтып келеді. Туған жерімізді сүйіп, оның дамуына қолдау білдірудің бір парасы отандық тауарды қолдануда жатыр. Сондықтан дер шағында қозғалған шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе, ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері орынды. Бұл ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеуге үлкен серпіліс болады деген ойдамыз. Десек те, жастардың, олардың соңынан ата-аналарының қа­лаға үздіксіз көшіп-қонып жатқа­ны­ның да куәсі болып отырмыз. Бұл – өмір заңы. Сол себепті мемлеке­тіміздің қалалық жерлердің инфрақұрылымдық жағдайын жоғары деңгейде дамытуды қолға алуы маңызды. Кез келген адам­ның тұрмысын жақсартатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы жағдайды реттеу жөнінде де ауқымды мәселелердің қозғалғаны аса қажет шаралардың бірі.
Мемлекет басшысы елімізде ішкі туризмді дамыту мүмкіндіктері зор бола тұра, біз оның әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырғанымызды тілге тиек етті. Экологиялық жағдайы жақ­сы, улы газдармен лайланбаған, сұлу табиғатымен тамсандыратын жерле­рімізді ел ішінде насихаттап, демалатын орындарды дамыту керек. Өз жерін, елін танып-білген, рухани құнды­лықтармен сусындаған, оны бойына сіңірген азамат қана нағыз отаншыл патриот болмақ. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында туризмді қай­та жаңғырту жұмысы жандана түсе­тініне сеніміміз зор. Бұл міндет – елі­мізде жүріп жатқан «Ру­хани жаң­ғыру» үдерістерінің маңызды қырының бірі.
Халқымыздың рухани қажетін өтеп, тұрмыс сапасын жақсарту мақса­тында қабылданған «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру», «7 – 20 – 25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «100 нақты қадам», «Бес әлеуметтік бастама» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар­дың өзектілігі артпаса кемімейтіні бел­гілі. Тәуелсіз мемлекетіміз даму жолын темірқазық етіп алып, әлемнің озық елдерімен иық тірестірер мықты да әлеуетті мемлекет болуды көздеп келеді. Еліміздің әрбір азаматы туған жерінің дамуына қолынан келген жақсылығын аямай, барынша адал еңбек етсе, жаңа технологияларды меңгеріп білікті маман атануға ұмтылса, мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан қазақ елінің алар асуы мен шығар шыңының көп боларына сенімдіміз.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ профессоры,
«Нұр Отан» партиясының Саяси кеңес мүшесі

Бөлісу:

Пікір жазу


*