ЕҢ ӘДЕМІ КИІМ – ҰЛТЫҢНЫҢ КИІМІ

148
0
Бөлісу:

Қай елдің қанжығасын майлап жүрміз?

Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Тіпті оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан құрмет көрсетудің көрінісі деп баға­ланған. Иә, «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» депті бұрынғылар. Мұны соңғы жылдары Елбасы да ерекше құнттап жүр. Ішкі нарықты отандық тауармен толтырудың маңызын әр жолдауында айтады. Бір жолы өзінің кигені де осы отандық өнім екенін жеткізсе, тағы бірде «Егер, сіздер киген шетелдік киімді алып қалсақ, тыр жалаңаш қаласыздар» деген астарлы әзілімен жаншып өтті. Күні кеше Ұлы даланың ерекше қырларына тоқтала отырып та осы киімге ерекше мән берді. «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті – салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды» деп, қазақтың киім тігуде кенже қалуға құқысы жоғын тағы бір еске салды. Осыған орай еліміздегі киім өндірісімен айналысып жүрген шағын және орта кәсіп иелерін әңгімеге тартып, отандық өнімдерге сұраныс қандай, олардың жұмысына қандай кедергілер бар деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Шикізат тек шетелден келеді

Соңғы жылдары тек шетелдік киімдерді киіп алып, онымызды «жеңіл өнеркәсіп саласында шикізат тапшы, құрал-жабдық ескі, жаңа технология мен жұмысшы кадр жетіспейді» деп ақтап алумен ғана жүр­ге­німіз жасырын емес. Өйткені елдегі киім-кешектің 90 пайызы импорт арқылы келіп жатыр. Отандық тоқыма-тігін өнімі ішкі қа­жеттіліктің 8 пайызын ғана өтеп тұрға­нын біліп отырып, кінәні өзімізден ізде­гі­міз келмейді. Қолда бар деректерге сен­сек, еліміз бойынша 1534 жеңіл өнер­кә­сіп орны бар. Оның 20-сы – ірі, 35-і – орта­ша және 1479-ы – кішігірім өнеркәсіп. Де­рек­терге сенсек, бұл өнеркәсіп орын­да­рының тек
58 пайызы ғана жұмыс істей­ді. Қазақ­стан­дық нарықтағы отандық өн­ді­ріс ошақ­та­рының үлес салмағы – бар-жоғы 0,6 пайыз. Оған қоса биылдың өзінде 20-дан астам кәсіп­орын жұмысын тоқта­тып үлгеріпті.
Расында, жүнге жарығанымен, жейдеге жарымай жүрміз. Кең-байтақ жеріміздің мақтасын матаға айналдыра алмай отыр­мыз. Осының салдарынан киім өндірісіне келгенде өзгеге телміруді тоқтатқан жоқ­пыз. Жыл сайын өндірілетін 15-20 мың тонна жүннің 10 пайызын ғана пайда­ла­нып­­пыз. Қалғаны – ұстағанның қолын­да, тістегіннің аузында. Сәнді киімнің отаны саналатын Италия мен Франция қой­дың жүнін бізден арнайы тапсырыспен ал­дыр­тып отыр. Ал біздің киіп жүрген жем­­­пір­леріміз бен кеудешелеріміздің 98,9 пайы­зы – шетелдің өнімі. Қара қой­дың жүнінің қадіріне жете алмай жүріп, қара­дай күйіп жүрген – тағы өзіміз. Осы жерде қателік қай жерден кетті деп қамығып та қаламыз. Hаzifa брендінің негізін қалап, ұлттық бренд сыйлығының иегері атанған, EXPO халықаралық көрмесі кезінде де бұйым­дарын ұсынып, көпті қызықтырған ісмер Қазипа Қалиқызы бұл сауалымызға мар­дымды жауап берді. Оның айтуынша, отандық өнімдеріміздің қымбат болуының бірінші себебі – елімізде тігінге қажет не­гіз­гі шикізаттың болмауы. Тауар өнді­руге жұм­салатын материал, мата, жіп шетелден келеді. Екіншіден, ма­ман жетіс­пейді. Сон­дықтан еңбек күші де қымбат. «Өз өнім­де­рімізге қолданатын материал­дардың ешбірі елімізде шық­пай­ды.Тігінге қажет мата­ларды шет елдерден алып ке­ле­міз. Бізде сатылып жатқан ине, жіп, түй­­мелер – жалпы фурнитураның барлық түрі Қы­тайдан, Ресейден әкелін­ген», – дейді ол.

Мектеп формасын тігуден аса алмай отырмыз

Халықаралық тәжірибеде экономи­ка­лық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан артық болуы керек. Бізде 10 пайыздық бүгінгі көрсеткіштің өзі тек тапсырыспен, тендер арқылы дайындайтын мектеп, әскери формадағы киім үлгілерін тігуден аса алмай отыр.
1990 жылдарға дейін Қазақстанда 1 мың­нан астам жеңіл өнеркәсіп кә­сіпорны жұмыс істеп тұрса, бүгінде мұның тұтас ел өнеркәсібіндегі үлесі жылдан-жылға кеміп келеді. Егер 90-жылдары бұл салада 220 мың адам жұмыс істесе, бүгінде саны 13 мың адамға дейін қысқарған.
Қазақтың қыз-келіншектері әу бастан ине-жіпке епті. Ендеше, бұл күйге қалай түстік? Оған тігіншілер, дизайнерлер, кәсіпкерлер жауап бере алмаса, бұл кімнің кінәсі? Мүмкін осындай тоқыраудың астарында мемлекет қолдауының ақсауы жатыр ма? Білетініміз, біздегі мәселе отандық тігін фабрикаларының көпшілігі тек тапсырыспен ғана күнелтетінінде болып отыр. Қыркүйектің қарсаңында мектеп формаларын тігеді, сосын жыл бойына бәсеңсіп қала береді.
Қазақстандық дизайнер Ұлбосын Төленова мұның негізгі себептерін сана­ма­лап берді. Оның айтуынша, менеджмент мәселесіне мән берілуі керек. Киім тігетін кәсіпорынның немесе цехтың жанында тұтынушының талғамын саралап отыра­тын мониторинг болуы қажет. «Бізде отан­дық киім өндірісі дамымай отыр деуге нег­із жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары қай­тадан қолға алып келеміз. Бірақ тек мектеп формаларын тігуден аса алмай отыр­ғанымыз шындық. Мұның түрлі себептері де бар. Қаржы, маман, шикізат… деп кете береді. Киім үлгілерін бұрынғы сол қатып қалған қағидамен дайындамай, жас ерек­шелігін, тұтынушы талғамын ескеруіміз керек. Тағы бір мәселе, бізде бұл салаға жарнама жетіспейді. Жарнамасы жер жарған небір шетелдік киімдерді ұстап та, киіп те көріп жүрміз. Бізге өзіміздің өнді­ріп отырған киімдерді жарнамалауды мық­тап қолға алсақ жеткілікті. Сосын матаның сапасы, түрі сән үлгілеріне қарай өзгеріп отырса, аз уақытта өз өзімізді киін­діре алатын ұлтқа айналамыз», – дейді ол.
Біздің де ойымыз осыған саяды. Өйткені қазірдің өзінде «отандық киім өндірісі алға жылжып келеді» деп, сәл де болса мақтана алсақ, оған еліміздегі нәзікжандылардың үлесі бар. Оларға мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл істе де белсенділік танытары сөзсіз.

Салық реттелмей, өндіріс дамымайды

Экономистер керісінше бізде жаңа­шылдыққа ұмтылу бар болғанымен, ары қарай жетілдіруге келгенде кенжелеп отырғанымызды айтады.
«Үкімет жағынан қолдау жоқ деп айтуға болмайды. Әлемдік нарықта таза иірілген жүннің бәсі артық. Бізде мақта да бар, жүн де бар. Екеуіне де кенде емеспіз. Демек, өңдеу өнеркәсібін жетілдіруге мүмкіндігіміз бар» деген Мақсат Еркінбек мұның негізгі себебі киім сататын дүкен­дерде сауда нүктелерін жалдау ақысы тым жоғары, осының әсерінен кәсіпкерлер тек атақты брендтердің өнімдерін сатуға мүдделі екенін алға тартады. «Елімізде жүн-жұрқаны айтпағанның өзінде тері, мақта, былғары сияқты шикізат қоры жетеді. Ендеше, жеңіл өнеркәсіптің әлемдік нарығында әлеуеті жоғары ел бола алмай келе жатуымызға не себеп? Ши­кізаты өзінен шығатын ел өзгенікіне тәуелді болмауы керек. Керісінше, біздегі шикізаттың 80-90 пайызы экспортқа кетеді. Өйткені оларға елімізде бар зауытқа өңдеуге тапсырғаннан гөрі, өнімін шетелге сатқан тиімді. Экспортқа шыға­рылатын шикізат үшін қосымша құн салығынан босатылады. Дәл сол мақтаны ішкі нарықта сататын болса, ешқандай пайда болмайды. Міне – мәселе», – дейді ол. Осы уақытқа дейін киім нарығы Еуропа мен Солтүстік Африкада қарқынды да­мыса, бұл үдеріс қазір Азия мен Оңтүстік Америка елдеріне қарай ойысқан. Еуро­палықтар шикізаттан қандай жағдайда сапалы материал алуға болатынын жақсы меңгерген. Олар жүнмен қалай жұмыс жасауды біледі. Біз сол жүнді өзімізден өткізіп отырып, еуропалықтардың сәнді, са­палы маталарына зәру болып отырмыз. Осы саладағы кәсіпкерлеріміз солар да­йын­­даған дайын маталардан бренд киім тігіп, оған «отандық өнім» деп атау беріп отыр.

Қапшықтап киім тасығанды қашан қоямыз?

2018 жылдың бірінші жарты жылды­ғының қорытындысы бойынша елімізге жалпы көлемі 144,3 миллион долларды құрайтын импорттық киім-кешек әке­лініпті. Олардың 80 пайызы – Қытай, Түркия, Бангладеш, Италия және Өзбек­стан елдерінен жеткізілген тауар. Са­ланың дамуына кедергі келтіріп отырған тағы бір мәселе – контрабандалық тауар тасымалы. Қытай, Түркия және Қыр­ғызстаннан көлеңкелі және заңды жолмен келе­тін дайын киім-кешектер отандық өндіріс­тің баяу дамуына әсерін тигізіп отыр. «Түріктерден қандай киім шығады, қырғыздар сол киімді бір түнде сан мың данамен тігіп шығарады. Біздің нарықта осы киімдер сұранысқа ие. Енді оған Өзбекстан қосылды. Қазір бізге ең жақыны осы ел болып тұр. Халықтың олардың киіміне деген көзқарасы да бөлек. Көбі қыр­ғыздікін емес, өзбектікін алады» дей­ді базар сатушылары бірауыздан. Біздің де мұндай қарқынға жетуге шамамыз ­ж­е­теді. Бірақ жұмыс жүріп тұрған жоқ. Еліміз бойынша киім өнеркәсібімен 989 кә­сіп­орын айналысады. Оның 11-і ірі, 29-ы ор­та, 943-і – шағын компания. Соң­ғы екі жылда киім алушылар саны 3,5-тен 4,5 пайызға артыпты.
«Қазақстандық дизайнерлер елімізге де, шетелге де таныла бастады. Мысалы, «Асыл мұра» өнімімізге сұраныс өте жо­ғары. Бірақ бізге көп жағдайда жұмыс күші жетпейді. Бұл дегеніңіз – маман тапшы­лығы. Яғни, ең алдымен, киім өндірісіне, тігін саласына маман дайындаудан бастау керек. Бұл жерде біріншіден мамандарды жұмыспен қамтып ұтсақ, екіншіден отандық өндірісті дамытар едік. Бізге мамандарды тәрбиелеуден гөрі, Қытайдан қапшықпен киім тасыған оңай», – дейді дизайнер Ұлбосын Төленова.

P.S. Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Қазақ қыздары көшеде де ұлттық нақышта киінсе, тым болмаса, киімінің бір шетіне қазақша ою салып алса ғой» деп армандапты. Отандық өнім, оның ішінде киім-кешек мәселесі енді ғана еңсе көтеріп келеді. Бірақ бағасы тым қымбат. Өзіміздің шикізатты өзгеге сатып, өзгенің киімін киіп жүрген жер бетінде жалғыз өзіміз ғана шығармыз. Ендігі жерде біз тізген мәселеге мән беріп, киетін киімімізді бүтіндеп алмасақ қазақ атымызға да сын.
Өйткені өзіміз айтатындай, «Ит те киімге қарап үреді»…

Сіз не дейсіз?
Феруза ЖАҚСЫБАЙ,
этнограф:
– Қазақ киімдерінің түрі, үлгісі көп. Бұл – киім сонау көшпелі заманның салт-дәстүрімен жалғанып келе жатқан қолөнердің аса бай қазынасының бірі. Әсіресе, бас киімдер мен сырт киімдер өте ертеден күні бүгінге дейін өзінің әсемдігімен, заманауи үлгіде кәдеге жарап келеді. Қазір небір құндыз бөріктер, тондарды шетелден әкеліп, әспеттеп киіп жүрміз. Солардың барлығын ата-бабаларымыз тіккен. Жыл мерзімдеріне сай арнайы жасалған түрлері, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған және тағы да басқа жас ерекшелігіне қарай бөлінетін түрі көп кездеседі. Киімдеріміздің пішіндері мен нақыштары өзгеше таза ұлттық нұсқада болды. Оған кез келген ұлт қызығып қарайды. Сенбесеңіз, қазір мықты дизайнерлеріміз осындай үлгілерді жаңғыртып, шетелге шығарып, көрсетіп жүр. Оларға қызықпайтын адам жоқ.
Қазақ киімдері бұрын да күнделікті тұрмыстық және салтанаттық сәнді деп екіге бөлінген. Қазір де солай. Жалпы алғанда, қазақ киімдері – етек-жеңі мол, қарапайым, жұмысқа және жүріп тұруға үйлесімді, дене сымбатын ашатын сәнді.

Гүлжан ШОРАБЕК,
тігінші:
– Осы Астанадағы белді кәсіпорында жұмыс істедім. Жұмыс орнымыз тек тендерге қатысып, ауқымды тапсырыстар жасайтын. Көбіне әскери киім мен дәрігерлердің қызметтік киімін тіктік. Жалақымыз да дұрыс болды. Бірақ өзім тігінші ретінде басқа дүниелерді ойлап, жеке кәсібімді ашқым келді. Сөйтіп, жеке жұмыс істеуге көштім. Сонда байқағаным – бізде түрлі киімдерді тігуге жағдай жасалмаған. Инеден бастап, қарапайым тігінге қажетті барлық керек-жарақты сырттан сатып аламыз. Матадан бастап, түймелерге дейін сырттан әкелген соң, біздің тіккен киімдерімізге екінің бірінің қолы жете бермейді. Отандық киім өндірісін дамыту үшін алдымен сол киімге керек заттарды өндіруді қолға алу керек. Оған майда-шүйде деп қарауға болмайды. Біздің мықты кәсіпкерлер осыған назар аударса дейсің.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*