Жолдың жайы қалай?

142
0
Бөлісу:

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс» және «Орталық-Шығыс» көлемді жобалары қолға алынған. Елдің логистикалық әлеуетін көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ұсынады деп күткен жобаның жүзеге асу барысы туралы сауалдарымызды Инвестициялар және даму министрлігіне хат жолдап, жауабын оқырман қауыммен бөлісіп отырмыз.
Отандық өнім – 95 пайыз

«Орталық-Оңтүстік» дәлізі 1 292 ша­қырымды құрайды. «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында Астана – Ал­маты автомобиль жолын толығымен реконструкциядан өткізу көзделген. Республикалық маңызы бар қалаларды байланыстыратын жолдың Астана –Қарағанды бағытындағы 161 шақырым, Қапшағай Алматы арасындағы 114 шақырым пайдалануға берілген. Те­міртау – Қарағанды – Балқаш және Бұрылбайтал – Күрті учаскелерінде құрылыс жұмыстары жалғасып, ал жолдың Балқаш – Бұрылбайтал және Күрті – Қапшағай бөліктерінде жобаға мердігер мекемелерді таңдауға арналған конкурстық шаралар жүргізіліп жатыр.
Жобаға шетелдік компаниялар да қатысады. Мәселен, Қарағанды –Балқаш бағытында Citic Construction Co. LTD (Қытай), Күрті – Бұрылбайтал аралығында Sinohydro Corporation Li­mited (Қытай), Todini Construzioni Generali S.p.A. (Италия) және OJSC Akkord Industry Construction Investment Corporation (Әзірбайжан) мердігерлік мекемелері құрылыс-монтаждық жұ­мыс­тарды орындауға атсалысады. Бі­рақ қолданылатын материалдардың 95%-ы отандық өнім екенін атап өту керек.

Сапаға сын бар ма?

Биылғы маусым айында блогер Бей­біт Әлібековтің Алматы – Астана бағытындағы жолдың апатты жағдайда тұрғаны жөніндегі мәлімдемесі қоғам­дық талқылауға түскен болатын. «Орта­лық-Оңтүстік» жобасы аясында жөн­деуден өткен жол учаскелерінің сапасы калай қадағаланатынын Инвести­циялар және даму министрлігі Авто­мобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Әуезханұлынан сұрадық.
– 2005 жылғы 29 қазандағы №1305 «Автожол саласындағы сапаны артты­рудың кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысымен 14 облыста, соны­мен қатар Президент тапсырмасымен Астана, Алматы қалаларында жол зерт­ханалары құрылған. Аталған «Обл­жолзертханасы» РММ қолданыстағы стандарт талаптарының және техно­ло­гиялардың сақталуын қадағалап, жол құрылыс материалдарына сынақ жүр­гізу үшін заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ облыстық жол зертханалары лазерлік геора­дар­лардың көмегімен сынаманы алмай-ақ конструктивті қабаттардың техникалық параметрлері сәйкестігін тексеру мүм­кіндігіне ие. Одан бөлек мобильді зерт­ханалар да жұмыс істейді, – дейді ол.
Министрлік мәліметіне сәйкес жол сапасын бақылауда ұстаудың бес сатылы жүйесі қалыптасқан. Мәселен, сала мамандары мердігердің сапасын бір, жолдың техникалық жайы мен тапсырыс берушінің есебін бөлек қа­райды. Нысанның сапасы сын көтер­мейтіні құрылыс кезінде анықталса, қайта жөнделіп, қолданысқа берілген жолдардан анықталған ақауды жою міндетін мердігер ұйым кепілдік бо­йын­ша өз мойнына алады. Ресми орган­ның дерегіне сәйкес «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша жолдың талапқа сай орындалмаған бөліктері кездеспеген.
Қаржының 88 пайызы – шетелдік

«Орталық-Батыс» жобасына кіретін Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз –Қандыағаш, Ақтөбе – Атырау – Астра­хань және Атырау – Бейнеу – Ақтау бағыттарының құрылысына қажетті қаржы Халықаралық қайта құру және Даму банкі мен Азия даму банкінен қарызға алынады. Бұл үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. 2019 жылдан бастап банкпен бірлескен жобаны қаржыландыруға дайындық жұмыстары басталады. Қаржыландыру көздеріне байланысты мәселе оң шешімін тапса, жоба 2020 жылы қолға алынып, 2022 жылы аяқталатыны жоспарланған.
Жобаны жүзеге асыру үш учаске (Ақтөбе – Қандыағаш, Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань) бойынша жүргізіледі. Қазір Азия Даму банкі есе­бінен мақұлданған қаржыға Қанды­ағаш – Мақат учаскесіндегі құрылыс жұ­мыстары басталған. Дәл осы банк ар­қылы қаржыландырылған Аты­рау – Бейнеу – Ақтау жобасы 2017 жылы то­лықтай пайдалануға берілді.
«Орталық-Батыс» дәлізіне тар­ты­латын қаржының 88 пайызы шетелдік, қалған 12 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен бөлінеді. Биыл Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань учаскелерінде республикалық бюджет есебінен 120 шақырымнан құрылыс жұмыстары қолға алынған. Қалған шақырымдар бойынша банктермен несиелік келісімдерге қол қоюға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Мерзімінен неге кешікті?

«Орталық-Батыс» жобасының елі­міздің транспорттық дәліз ретінде әле­уетін арттыру, экономикаға үлес қосу тұрғысынан маңызы зор. Бұл пікірмен Амангелді Әуезханұлы да келіседі.
– Жоба батыс өңірінің дамуына, еліміздің ірі қалаларының арасын сапалы инфрақұрылыммен қамта­масыз етуге, автомобиль көлігі арқылы тран­зит жүк тасымалы көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Отандық тауарлардың Ресей нарығына экс­портқа өзіндік құнын жоғалтпай шы­ғуына және көлік шығындарын қыс­қартуға ынта­лан­дырады, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сондай-ақ жоба жол апатының саны қысқа­рып, ауыл шаруа­шы­лығының дамуына, аумақтық өнімнің жалпы өсіміне үлкен ықпал етеді, – дейді Амангелді Әуезханұлы.
«Орталық-Батыс» жобасының ор­ындалу мерзімі уақытынан кешігіп жат­қаны туралы бірқатар сын айтылды. Жол құрылысының дер кезінде аяқтал­мауының негізгі себептерін жобаға жауапты орган өкілі былай түсіндіреді:
– «Орталық-Батыс» жобасын жү­зеге асыру халықаралық қаржы инс­титуттарының қаржысына негізделген болатын. Қаржы көлемінің шектеулі болуына байланысты «Орталық – Батыс» жобасының іске асу мерзімі 2020-2022 жылға ауыстырылды. Ислам даму банкінің қаржысынан бас тартып, қаржы көзін ауыстыру да жобаның ұзақтығына әсер еткен себеп болды. Ақтөбе – Қандыағаш (60 шақырым) және Атырау – Астрахань (60 шақырым) учаскелерінің реконструкциясы рес­публикалық бюджет есебінен жүргі­зілетін болды, – деді ол.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*