Бизнес кілті – цифрландыруда

111
0
Бөлісу:

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысын сандық жүйеге көшіру жөніндегі жобалар мен мұнай-газ саласына цифрлы технологияларды енгізудің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті.

Іс-шара Батыс Қазақстан облысы әкім­дігінің қолдауымен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) ком­па­ниясының бастамасымен ұйым­дас­ты­рылды. Форум жұмысына Премьер-ми­нистрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі, басшылығы, KAZENERGY қауымдастығының басшылығы, Қазақстан және БҚО жетекші университеттері, сондай-ақ ІТ және цифрлы жүйеге көшіру саласында қызмет көрсетуші аса ірі халық­аралық компаниялар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Форумда талқыланған басты тақы­рыптардың бірі Батыс Қазақстан облысын цифрлы жүйеге көшіру жобалары мен «Цифрлы Қазақстан» инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылатын КПО компаниясының бизнес процестерін технологиялық жаңғырту болды.
Өзінің құттықтау сөзінде Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұма­ға­лиев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың бес бағыты туралы айтып өтті. Онда адам капиталы мен иннова­циялық экожүйені дамытуға айрықша орын берілген.
Өз кезегінде, Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Алтай Көлгінов: «Тәуелсіздік жылдары ішінде, біз, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіре алдық. Ел Президенті Н.Назарбаев цифрлы транс­формацияны Қазақстандағы Төртінші өнер­кәсіптік революцияның стратегия­­лық бағыты ретінде белгіледі. Бұл – 2050 жыл­­ға қарай әлемнің 30 дамыған ел қата­рына кіру үшін жасалуы тиіс технологиялық серпілістің басты құраушылардың бірі».
Форум қатысушыларының назарын аудара отырып, КПО бас директоры Эдвин Блом былай деді: «Бүгінде аса ірі мұнай компанияларының барлығында дерлік зияткерлік кен орнының тұжырым­дамасын әзірлеумен және енгізумен шұ­ғылданатын бөлімдер бар. Бүгінгі фо­румның мақсаты КПО цифрлы транс­фор­мациясына арналған жолдарды, тех­но­логияларды және шешімдерді талқылау. Біз цифрлы жүйеге көшірудің, иннова­циялар мен компанияның өндірістік қыз­метіне заманауи әзірлемелерді енгі­зудің өзекті мәселелері бойынша бизнес пен мемлекеттік ашық үнқатысу мүмкіндігін қолдаймыз. Бүгінгі форум бірлескен кә­сіп­­орындар құру, бизнесті кеңейту және на­рықтың мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да барлық өкілдерімен байла­ныс орнатудың келешегін талқылауға ар­­налған тиімді алаңқай ретінде қызмет ете­ді деп үміттенеміз. Бүгінгі кездесу сон­дай-ақ, жергілікті және халықаралық ком­па­ниялар үшін Қазақстандағы бизнес про­­цестерін цифрлы әзірлемелер мен авто­­маттандыру салаларындағы казақ­стандық қамтуды дамытуға жаңа серпін береді».
Сонымен бірге, форум кезінде «Цифрлы Қазақстан» мемекеттік бағ­дарламасы және Digital Aqjaiyq аймақтық тұжырымдамасы аясында аймақта іске асырылатын және жоспарланған 40-тан астам жоба ұсынылды.
КПО сандық жүйеге көшірудің жеке жол картасын ұсынды, онда бизнес-процестерді оңтайландыру, жетілдіру және жеделдету мақсатында цифрлы техноло­гияларға ауысу үшін қызметтің негізгі салалары белгіленген. Соның ішінде: өндіру процесі, ұңғыма операцияларын жүргізу, болашақ жобаларды іске асыру, сондай-ақ жергілікті қамту әлеуетін ұлғай­ту және өндірістік инфрақұрылымның басқа да компоненттерімен біріктіру.
Форумның басты оқиғаларының бірі КПО компаниялары, Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі және KAZENERGY қауымдастығы арасындағы ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Ондағы мақсат – жаңа кәсіби кадр­ларды оқыту және стартаптар құруға қолдау көрсету арқылы жергілікті қамтуды дамыту.
Пленарлық сессиялар барысында форум қатысушылары кәсіпорынның өндірістің қызметінің түрлі аспектілерінде цифрлы технологиялар мен ақпараттық жүйелерді қолдану талқыланды. Дөңгелек үстел форматында КПО өкілдері форум қатысушыларының КПО цифрлы жүйеге көшірудің Жол картасының тетіктеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде, форум делегаттары іс-шараның тиімділігі мен ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтті. Олардың ойын­ша, қатысушылардың қомақты сарап­та­малық деңгейі күн тәртібінде ұсынылған мәселелерді жан-жақты талқылауға және талдауға септігін тигізді.

Серік ӘЛІМЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*