ЕЛ БАЛАСЫ НАҒЫЗ ЕР (әңгіме)

252
4
Бөлісу:

Ақаңның «Балқадишасының» әуезіне еріп ұршық басы шыр айналады. Көз алдыңда балет бишілері тоқтаусыз Балқадишаның бейнесін сомдап жатқандай күй кешесің-ау, шіркін! Әженің қос білезігі жарқырап, оң қолымен жіпті көкке иіре әкетіп, халық әндерін ыңылдап әнге қосып отырғанына осымен екі-үш күннің жүзі болды. Қалаға қонақ боп келгелі ұлы жұмыста, келіні де қу тіршілік қамымен іс қылып жүргенін біліп, осы бір серігін өзімен ерте келген. Үлкен немересі сабақта. Назарбаев мектебінің білімгері болғандықтан заман ағымынан қалып кетпеудің қамын жасап, қарманып жүргені.

Апта күнінің демалыс екеніне қарамай, таңмен жарысып тұрған немересі таңғы асын ішпестен бір көзді жіпсіз алыптың алдында байланды да отырды. Ісі оңға баспады-ау деймін, үстелді қойып-қойып қалады.

– Қалқам, бәрі дұрыс па? – деп алаңдай басып Тұмаркүл әжей жанына барды.

– Бекхожин оқулары болады әже. Біреулер бейне материал, енді бірі мақала жазады. Барлық жерде бір мәлімет қайталанып жазыла берген. Қатысушының барлығы осы мәліметтерді алса, бірдей мақала ұсынбақпыз ба?

– Қалқам-ау, қартайды демесің білгеніммен бөлісейін. Сен әлгі Нұрқожаның ұлы жайлы сұрап тұрсың ғой? Қалижаны ма, Қайыржаны ма? Қалижаны белгілі ақын. Оның «Батыр Науан», «Орман қызы» секілді поэмалары бар. Ал Қайыржаны белгілі журналист, кезінде баспасөз тарихын зерттеген.

– Қайыржан Бекхожиннің бейнесін аша білсек болғаны-ау деймін.

– Онда дастархан басында шәй ішіп, әңгімелесейік, – деп әже немересін түскі асқа шақырды.

– Шабыт деген шіркін бар! Шабытты ғана пір тұтып, қайрақ уақыт жігерін қайраған Қайыржан тарих пен журналистиканы ұштастыра білген.   69 жыл жанына мақсаты мен шабытын серік қылған оның мақалалары бүгінде тарих қойныуында сақтаулы тұр. Оның мақалаларынан менің жастық шағымның, 30-ыншы жылдардағы ауыл өмірінің бейнесін көресің. Ең алғаш жұмысын колхоз газетінен бастаған. Сол газеттің шетінде кішкентай ғана ақпарат берілетін. Сонда Қайыржан үш-төрт сөйлемге толық оқиғаны сыйдырып, себеп-салдарын анықтап әлек болмайтын. Ол кезде халықтың басым бөлігінің сауаты жоқ. Жастардан сен секілді школда оқитындары аз. Сонда біз «Екпінді» газетіндегі Бекхожинның мақаласын күтетінбіз. Бәріне түсінікті қылып, менімен сөйлесіп отырып, ішіндегісімен бөліскендей әдемі жеткізетін. Халыққа мәселе төңірегінде есепті жақсы беретін. Бірде өлкелік партия комитетінің жергіліктендіру туралы қаулысының іс жүзінде іске аспай отырғандығын жазды дейсің. Бүкіл халықтың назарын сол комитетке түсіріп, Бекең комитеттің екі аяғын бір етікке тықты-ау келіп, – деп күлімсіреп қойып, шәйін құя берді.

– Ее, бұл күндері елдің уайымы ұлттық тілдің болашағында болып тұрған жоқ па? «Бізге жұмыс жоқ, жағдайды өзге ұлтқа ғана жасайды» деп мән-жайды білмесеңдер де бұлқынып қоясыңдар ғой. Ал Нұрғожа көкенің ұлы сол қиын заманның өзінде совхоздардағы жұмысшылардың көбі еуропалықтар екенін айтып, жиналыстардың орыс тілінде өтетіндігіне ашынып жүретін. Бірде нормалау және бау-бақша туралы дейме, нақты аты есімде жоқ. Ана бір көмпютеріңнен қарап аларсың, қалқам. Әйтеуір сол курсқа бір-екі-ақ қазақ баласы қатыстырылыпты.  Кейін оларды әр нәрсені себеп қылып қатардан шығарып жіберді. Әй, соны да қаймықпай сынап жазды-ау келіп.

– Қайыржан аға қандай батыл болған! Бұл мәселелер әлі күнге дейін шешімін таба алмай жүргенде, сонау 30-ыншы жылдары кеңес үкіметінің қаһарынан қорықпай еркін сөйлеген қайсар кісі тарихта өте аз.

– Ол тіпті, ұлым, қазақ тілінің жұмыс орындарында соңғы сатыға қойылғандығын басты мәселе етіп көрсетіп берген. Қайыржан бірде газетке былай деп жазды: «Авсовет тресте қазақылануға зор мүмкіндік бар. Қазақылану мәселесін кеңінен талқылап, ұлы орысшылдықтың тамырына өткір балта шауып, тез жергіліктендірудің жауларын жоюын талап етеміз» Осыдан-ақ оның мақсатын байқамайсың ба? Ол орысшылдықты жойып, қазақшаға көшуді армандап-ақ кетті ғой, – деді таңнан бері нәр татпаған немересінің алдына ыстық бауырсақтарын қойып жатып.

– Кеше телевизордан естідім, біздің елде 80 мыңнан астам жетімдер үйі бар екен. Кезінде «Крупская» деген балалар үйі болды. Сол жерде бізге белгісіз талай жағдай болыпты. Сорақылықтар көбейіп, соңы бала өліміне әкелді. Сендер қазір факт дейсіңдер ғой, Қайыржан да болған нәрсені тайға таңба басқандай көрсетті. Панасыз жүргендерге көңіл бөлді. Осы мәселелермен күресуді Қазақстандағы барлық партия мен кеңес жұртшылығына міндет етті.

– Неге дәл Қайыржан Бекхожиннің мақалаларын сүйіп оқыдыңыз әже? Одан да мықты, жақсы жазатын журналистер болған шығар, – деп әжесі ол кісінің ерекшеліктерін жіпке тізіп берсе де, түсіне қоймаған албырт көңіл, сұраулы көзімен ойлана қарап.

– Жаза алғанның бәрі, журналист емес қой. Мықтылары болды. Бірақ менің есімде қалғаны осы – Қайыржан ғана. Ол мақаламен қоса, очерктер жазатын. Ашық айтуға болмайтын дүниелерді майдан қыл суырғандай етіп очерктерінде айтатын. Оның «Тақтай бұрышында» ауыл еңбеккерлерінің мұң-мұқтажы суреттелген болса, «Сан жетпейтін жетеуінде» материалдында ауыл басшыларының қызметіндегі келеңсіз көріністерді, жалқаулардың ісін қарапайым тілмен қайрап салған. Бұл очеріктерінен заман лебі  есіп тұрған жоқ па? «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» демей ме? Қайыржан басын бәйгеге тікпей-ақ, әдемі әңгімелерімен мән-жайды жеткізіп қоятын, – деп байыппен түсіндіре отырып, жаздың күні қаймақтан жасаған сары майға қолын соза берді. «Осымен қоя тұрайық» дегендей байыппен сүтті шайын ішуге кірісті. Есіне бір қызық оқиға оралғандай болып, жүзіне күлкі үйрілді. Бір күліпсіреп алып:

– Бірде «Жерден екі есе үлкен Марс деген пәле жерге құлап, бізді басып қалады» деген өсек сөз елдің зәресін алды. Көрінген түтіннен, естілген дүрсілден біз деген шошынып жүрміз. Бір күні ауыл адамдары апыр-сапыр болып, шулап далаға шықты. Будақтаған түтінге бәрі тілдерін жұтып қойғандай қарап тұрды. Ол түтін тоқтай ма? Жақын маңнан зу етіп өте шықты. Сөйтсек ол пойыздың түтіні екен. Сол жағдайдан соң Қайыржан да қарап жатпай елдің сауатсыз екенін алға тартып, мақаланы қарша боратты. Осылай жеңгелеріміздің «комета» дегенді дұрыс түсінбегенінен біраз шу да болған.

– Әже, журналистер оқиға ортасында жүргенге шапшаң, сөзге шебер келеді ғой. Қайыржан Бекхожин ел есінде қандай мінезімен қалды?

– Ол тек батыл болған жоқ. Қарапайым қазақтың қара домалақ баласы дерсің. Қарапайымдылығы сол, шатаспасам 1964 жылы ау деймін, 13 баспа табақ көлеміндегі баспасөзді зерттеген еңбегі шықты. Ол кітапта баспасөздің 80 жылдық тарихы қамтылды. Ең алғашқы көлемді еңбекті жазса да, мақтанбаған. Ол үнемі: «Қазақ баспасөзіне алғаш болып баға бергендердің бірі – жазушы, академик Сәбит Мұқанов» деп санап өтті.

– Әже, сіз осы кейде біздің интернеттен көп білесіз! Тарихсыз ғой, әже, жанды кітапсыз ғой сіз! – деп Жүрсін шабыттанып қара жәшігіне барып жайғасты. Бастысы өзіне сенімді. Жеңістің иісі мұрнына келгендей маңғаздана мақаласын бастап кетті.

Жанерке Мұратханқызы
Журналистика факультеті, 2 курс
Жетекшісі: Алма Құрманбаева

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. Нұрсұлтан 7 Желтоқсан, 2018 at 02:22 Жауап

    Кейіпкер Қайыржан Бекхожиннің мінезі мен батылдығын аша алған. Көз алдыма елестеп кетті ғой…

Пікір жазу


*