Илья Ильин карьерасын аяқтауға байланысты мәлімдеме жасады

387
0
Бөлісу:

Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин алдағы мақсаты жайлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Айтуынша, спортшы кәсіби мансабын аяқтағысы келеді. Бірақ тек олимпиада ойындарының алтын медалін алғаннан кейін ғана.

«24 жыл бұрын бұл бала ағасына ілесіп ауыр атлетика залына келген болатын. Содан бері залдан шыққан емес. Оның жеңістері өте көп болды, әлі де болады. Өмірде де, спортта да мені қолдап, дем беріп жатқан адамдарға айтар алғысым шексіз!

Менің жасым 30-да. Мен әлі спот залда жүрмін. Иә, шаршадым… Өз қалауымнан тыс жаттығатын кездер де болады. Бірақ спорттық жолымды көңілді нотада аяқтағым келеді. Бар мақсатым – Токио олимпиадасының алтынын алу.

Бір кездері мен өзіме миссия белгілеген едім. Қазір сол жолмен жүріп келемін. Өзімнің күшті немесе таза екенімді әлдебіреуге дәлелдеу үшін емес, төрт олимпиадаға қатысамын деген мақсатымды орындау үшін жүріп келемін. Шаршадым, бәрін тастағым келеді, бірақ тек әдемі аяқтау керек. Олай болмаған күнде де менің спорттық мансабым өте сәтті өрбіді деп есептеймін» деп жазды Илья.

Ильия үлкен спортқа биыл қайта оралып, Қазақстан чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта алтын алған. Алайда Ашхабадта өткен әлем чемпионатына денсаулық жағдайына байланысты қатысқан жоқ.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*