ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

146
0
Бөлісу:

Алматыдағы Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтында «Нұр Отан» партиясының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша комиссиясының көшпелі мәжілісі өтті. Басқосуда еліміздегі ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері қарастырылып, оны шешу жолдары әңгіме болды.
Қазіргі таңда Мәжілісте АӨК мәселе­лері бойынша заң жобасына өзгерістер енгізу жайы қарастырылуда. Депутат­тардың пікірінше, еліміздің ветеринария жүйесіне біраз өзгерістер қажет. Қазақ­станның ветеринариялық қызметін ха­лықаралық стандарттар деңгейіне ауыстыру бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыру барысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2013 жылы ұзақмерзімді Қазақстан Республикасының ветеринариялық қыз­метін дамыту стратегиясы әзірленді. Стра­тегияда жануарлардың аса қауіпті ауру­ларын бақылау, алдын алу, жою ветери­нариялық іс-шараларды жүргізудің ұлттық жоспарларын қайта қарау қа­растырылған және мұндай іс-шараларды жоспарлау талдау, бағалау және қауіптерді басқару принциптеріне негізделген.
Биылғы алғашқы 9 айда аса қауіпті жануарлар ауруларының 137 ошағы тіркелген. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға төмен.
Биыл елімізде жануарлардың аса қауіпті аурулардың 18 түріне егу бойынша 139 619 158 манипуляциялар жүргізу жос­парланған. Биылғы жылдың 9 айы бо­йын­ша 122 258 254 манипуляция орын­дал­­ған немесе жылдық жоспардың 88 пайызы.
Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды сатып алу республикалық бюджет қара­жаты есебінен жүзеге асырылады. Биыл профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін ветеринариялық препараттарды са­тып алуға және республикалық қорды то­лықтыруға 4,7 млрд теңге қарасты­рыл­ған.
Уәкілетті органмен бекітілген тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы респуб­ли­калық бюджеттен қаржыландырылады.
Мәжіліс қарауындағы «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық акті­леріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында ветеринария саласын­дағы мәселелер бойынша негізгі түзетулер енгізу қарастырылған. Соның ішінде 86 түзету мен 10 өзгеріс бар. Олардың бірқа­тарына тоқталып өтетін болсақ, Қазақ­стан аума­ғында алғаш немесе жаңадан пайда болған жануарлардың экзотикалық, аса қауіпті ауруларын оқшаулау және (немесе) жою үшін тауарларды, жұмыс­тарды, көрсе­тілетін қызметті жедел сатып алу жағдай­лары; Жануардың аса қауіпті аурулары, сондай-ақ Қазақстан аума­ғында алғаш анықталған жануарлардың аса қауіпті аурулары туындаған кезде жедел және уақытылы айқындау мүм­кіндігі; Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібін айқындау; Ветеринария саласында қыз­метті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның бөлім­шелерін бағалау және өңірлер бөлінісінде ветеринария саласын­дағы нысаналы индикаторлардың жоспар­лы мәндерін бекіту ветеринария саласын­дағы уәкілетті органға жүктеу; Еуразиялық экономи­калық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қолданыстағы заңдар мен кодекстерді сәйкестендіру.
Бұл өзгерістер аграрлық мемлекет бо­лып саналатын еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласының дамуына, әсіресе, мал шаруашылығының жұмысы ілгері басуына мұрындық болады деген үміт бар.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*