Майра Айсина: Баспаналы болам деушілерге мүмкіндік көп

325
1
Бөлісу:

– Елбасының қазан айындағы Жол­дауында айтылған жұмыссыздық, баспа­намен қамту, әлеуметтік көмек, несие мә­селесі қашанда өзекті. Баспанамен қамту үшін «Нұрлы жер», «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Алғашқы жарна үшін тұрғын үй сертификаты беріле бастады. Десе де, ипотеканы қолжетімді етудің басқа қандай жолы бар? Себебі, тұрғын үй сертификаттары бюджеттік мекеме қызметкерлеріне ғана беріледі. Басқа салада да баспана алу үшін бастапқы жарна жинай алмай жүргендер көп қой?
– «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей, адамның басында баспанасы болмаса, тұрмысының берекесі кірмейді. Әлі күнге дейін әкімдікте баспана алу кезегінде тұрғандар тізімі аз емес, ол жерде берілетін пәтерлер әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған. Бірақ әлеуметтік бағдарламалар да үздіксіз іске асырылып жатыр. Әрине, Елбасы Жолдауында айтылған халықты бас­пана­мен қамтуға арналған бағдарламаларды тиімді пайдалануымыз керек. Қазіргі таңда тегін баспана жоқ және болмайды да. Себебі, нарық заңдылықтарына қарай бейімделіп, өмір сүруді үйрену – заман талабы. Баспаналы боламын деген азамат­тарға елімізде мүмкіндіктер жоқ емес. Мысалы, «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы шеңберінде бірнеше бағыт бар. Соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге, жас отбасыларға «Тұрғынүйқұрылыс­жинақбанкі» арқылы жүйелі түрде қаржы жинап, жеке баспанаға қол жеткізуге болады. «7 – 20 – 25» бағдарламасы бо­йын­­ша әкімдіктер Елбасы тапсырмасымен бастапқы жарнаның мөлшерін жеңілдету үшін қаржылай көмектесуде. Соңғы жылдары баспананы ұзақ мерзімге жалға алу тетіктері де қарастырылған. Мақтанған емес, басқа елдерде тап біздегідей тұрғын үй сатып алуға арналған бағдарламалар қабылдағандары шамалы, іссапарға бар­ғанда көріп жүрміз. Сондықтан елімізде қандай бағдарламалар бар, қайсысына қатысу ыңғайлы екенін қарап, бар ақпа­ратқа қол жеткізіп талаптанса алынбайтын қамал жоқ.
2012 жылы Парламенттік тыңдау өт­кіздік. Сонда бізде «үй алсақ тек жекемен­шікке алу керек» деген түсінік қалып­тасқанына көз жеткіздік. Ауданы үлкен 2-3 бөлмелі пәтерлерді сатып алуға екінің бірінің қаржысы жетпесі анық. Сондықтан Үкіметке елдің бәрінің бірдей үй сатып ала алмайтынын ескеріп, баспананы жалға беру жолын және шаршы метрін шағын­дап, үнемдеп, екі-үш бөлмелі пәтерлер са­луды ұсындық. Қазіргі кезде осының бәрі қолға алынып, іске асып жатыр. Мәселен, Еуропада халықтың 80 пайызы пәтер жалдап тұрады. Ал жастар мүлдем пә­тер­ді алғысы келмейді, бір жерге тұ­рақ­ты байланып қалғысы жоқ. Ол да дұрыс. Заманға сай, біздің де жастар солай бейім­деле бастады. Елдің бәрін «жүз пайыз бас­панамен қамтамасыз етеміз» деп ешкім мін­деттеме ала алмайды. Оған мемлекеттің шамасы да жетпейді. Ал жекеменшік үй алатындарға, әрине, мүмкіндік беруіміз керек.
– Қанша мүмкіндік берсек те баспана бағасының қымбаттығы өзекті қалпында қалып отыр. Астана, Алматыда бір шаршы метрі кем дегенде – 180 мың теңге, өзге аймақтарда – 160 мың теңге. Осыдан он жыл бұрын баспана бағасын арзандату үшін құрылыс материалдарын өндіретін 20-ға жуық кәсіпорын салынды. Қажетті мате­риал­дардың 80 пайызы өзімізде өндіріледі деген дерек бар. Ендеше, мемлекеттік бағ­дарлама бойынша салынатын үйлердің бағасы неге қымбат?
– «Құрылыс материалдары өзімізде өндірілсе де, үй бағасы арзандамады» де­ген мәселеге келер болсақ, ол көп нәрсеге байланысты. Біріншіден, әлі де құрылыс материалдары қымбат. Әрине, құрылыс комбинаттары әр облыста салынды, олар­дың салынуына кезінде біз де атсалыстық. Бұрын цементке дейін Қытайдан әкелі­нетін, қазір цемент, кірпіш сияқты бірқа­тар құрылыс заттары өзімізде өндіріледі. Дегенмен әйнек, есік-терезе, сантехни­каның керек-жарағы әлі де шетелден тасымалданатынын ұмытпайық. Сырттан әкелетіндіктен бағасы қымбат. Сондықтан үйдің құны да арзандамайды. Екіншіден, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қан­шама жеңілдік жасалып жатса да, жеке кәсіпкерлер ең бірінші кезекте өз пай­дасын ойлайды. Олардың арасында халыққа жанашырлық танытатындары, өкінішке қарай, аз.
– Қазіргі күні 1,5 миллионнан астам адам несиесін уақытында төлей алмайды. Бұл мәселені реттеуші заңның, бірінші кезекте банктерге ыңғайлы етіп жазылғаны жиі талқыланды. Табысы күнкөрісінен артылмайтын халықты тығырықтан шығарудың жолы бар ма?
– Нарық заңы – қатал. Кредит аларда адам шама-шарқына қарауы керек. Он жыл бұрын банктер азаматтардың төлем қабілетіне қарамай жапатармағай несие берді. Қазір де ауылда тұрмыстық техни­каны несиеге алады. Ал мен кір жуатын машинаны 2006 жылы Вице-министр болған кезімде ғана сатып алдым, нақты ақшаға. Өйткені несиеге тұрмыстық тех­ника алып, қарызданғым келмеді. Үнемдеп қаржы жинауға дағдылануымыз керек. Жастармен жүздескенде «несие алмаңдар, 2-3 есе көп пайызбен төлейсіңдер» деп үнемі айтамын. Ауылда «қалада үлескер­лерге пәтер де беріп жатыр, біздің теледи­дардың қарызын кешіре салса қайтеді» деген психология қалыптасқан. «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауына «кәсіп ашуға жеңілдетілген несие неге беріл­мейді?» деп келген азаматпен сөйлестім. Себебі, бұрынғы несиесін уақытында тө­лемеген. Мемлекет 3 миллион теңге несие берсе, 400 мың теңге қарызымды жаба саламын ғой» дейді. «Бір несиені екінші жаңа несиемен жабамын» деген көзқарас қалыптасты. Ол мүлдем дұрыс емес және ипотека, кредит алған кезде банк берген құжаттарға қол қоярдың алдында бәрін жақ­сылап оқып алып, түсініп, оны орын­дау қолыңнан келе ме, жоқ па, мың ойлану қажет. Атам қазақ айтқандай, «судың да сұрауы бар». Сондықтан ертеңгі күнімізге өзіміз жауапты екенімізді естен шығармау керек.
– Сізді әлеуметтік мәселелерді жиі кө­теретін депутат ретінде білеміз. Үкіметке жол­даған депутаттық сауалдарыңыздың про­блемаларды шешуге ықпал еткені бар ма?
– Біздің депутаттық сауалдарымыздың нәтижесінде, Үкімет сағатынан кейін бер­ген ұсыныстарымыздан соң Үкімет, Ұлт­тық банк ипотекаға қатысты көп мәселені шешті. Қарызы бар адамдар ең бірінші кезекте банкке тиесілі пайызды емес, не­гізгі қарызды төлейтін болды. Төлеуді жеңілдеттік. Мемлекет ипотекасын төлей алмаған адамдардың несиесін қайта қар­жыландырды. Жалғыз пәтерінен айы­ры­луға шақ тұрғандардың бәріне баспанасы қайтарылды. Бұл жерде ескерер жайт: ипотеканы қайта қаржыландыруға жұм­салған қаржы – сіз бен біздің жұмыс істеп, салық төлеп, жинаған ақшамыз. Сон­дық­тан бұл салық төлеушілердің де нара­зылығын тудырады. Бүкіл халық ипотекаға пәтер алған азаматтардың қарызын төлеуге міндетті емес. Ұзақ жылға ипоте­каға пәтер алар кезде неге ойламаған? Сон­дықтан бұл мәселеге жан-жақты қарауымыз қажет. Қарақан басының қа­мын ғана ойламай, ертеңін, болашағын да ойлағаны жөн. Масылдыққа үйреніп кетпегеніміз орынды болар еді. Мемлекет, банк, азамат мынандай жағдайда бәріне бірдей жауапты болуы қажет.
– «Банктер және банктік қызмет туралы» заңда қайтыс болған адамның несиесі болса, «мұрагерлік несие» деп есеп­теліп, оны бала-шағасы төлеуге міндетті. Несие төлейтін мұрагерге арнайы жеңілдік қарастырылуы керек пе, қалай ойлайсыз?
– Бұл мәселені бөлек қарастыру керек. Оны банктермен келісе отырып шешкен абзал. Алған несиені төлеу – міндет. Бірақ өмірде қиындыққа душар болған мұрагер­лер мәселесі жеке қарастырылғаны жөн дер едім.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзар­тылды. Жыл сайын, кемінде, 30 млрд тең­ге бөліп, 22 мың жұмыс орнын ашуға тап­сырма берілді. Сөйтсек те экономикадағы шағын кәсіпкерліктің үлесі көбейер емес. Бұған не кедергі немесе кәсіпкерлерге не жетіспейді?
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Десе де, әр кәсіпкер несие алып, кәсіп ашатын болса, мүмкіндігіне қарағаны дұрыс. Жаңа істі бастамас бұрын жан-жақты ізденіп, бар тәжірибемен танысып, жаңа техно­логиялардың мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Оның бәріне қол жеткізуге бүгін мүм­кіндік бар: интернет, кәсіпкерлікке оқыту орталықтары бар. Баяғыша «Жұрт еккен егінді мен де егемін» деген түсінік жарамайды. Кәсіптің көзін таппаған соң, шаруасы құлдырайды. Нарықтың талаптарына сай болғаны өзіне тиімді. Бүгінде алға жылжуға қадам жасамаса, көштің соңында қалып қояды. Жас-кәрі демей, жаңаны оқуға талаптанған дұрыс. Мысалы, жері бола тұра оны игере алмайтындар кәсіпті дамытудың тәсілін білмейді, үйренгісі келмейді. Қара базарда арба айдаса да, қалада жүргенді «мәртебе» санайды. Бірақ ауылға барып, егін егіп, мал баққанға намыстанады. Ауыл шаруа­шылығы институттарын қаншама түлек бітіреді. Былтыр берілген 20 мың гранттың саны биыл тағы көбейіп жатыр. Бітірген соң ауылға барғысы келмейді. Мамандарды барлық әлеуметтік жағдайын жасап, ауылға апарсаң да тұрақтамайды. Оның бір себебі, тәртіпке бағынып, жұмыс істегісі келмейді.
– Балалар құқын қорғау, бала еңбегін заңсыз пайдалану, құлдықта жүрген балалар мәселесі жиі айтылады. Сіздіңше, бүгінгі қоғамда балаларды кімнен және қалай қорғау керек?
– Қазіргі кезде балаларды жастайынан еңбекке баулу қалып барады. Еңбекке баулу қара жұмыс істету деген сөз емес. Қалада тұратын ата-аналар «Өзім ауылда өскенмін. Енді балам қиналмай қалалық болсын» деп баланы еңбекке тәрбие­ле­мейді. Бір жағынан ата-анаға да, екін­ші­ден, баланың өскен ортасына да байла­нысты. Көзқарастардың қайшылығы туындаған мәселе түбінде тәрбиеге келіп тіреледі. Кішкентайымыздан еңбек еттік. Еңбектің арқасында шыңдалдық. Сенімді ақтап, ұятқа қалдырмауға тырысатынбыз. Бүгінде кеше жоғары оқу орнын бітірген жас маман 150 мың теңгеге жұмыс істегісі келмей тұрады. Тегін білім алғанда мем­ле­кеттің қаржысына оқыды емес пе? Со­ның қайтарымы да болу керек қой. Қазір Жапонияны жиі мысалға келтіреді. Ба­лалар мектепке екінші киім алып барады. Мектеп асханасында өздеріне өздері қолғанат. Екі сабақтан соң, ыдыс-аяғын өзі жуады. Бірі сыныптастарының тамағын таратып береді. Енді бірі жуады. Үшіншісі сыныпты тазалайды. Содан соң мектеп формасын киіп, сабағын оқи береді. Қазір біз соны ертегі сияқты айтатын деңгейге жеттік. Біз бала кезде солай өстік. Жапон­дар үлгіні бізден алып отыр. Бүгінде бұ­рын­нан келе жатқан еңбекке баулудың жүйесін үзіп алдық. «Бала құқығы бұ­зылды, бала еңбегін пайдаланды» дей­тіндер балаға жұмыс істетпейді. Еңбектің қадірін де, құрметін де біле алмай қалдық. Бала өзінің шамасына қарай еңбек етуі тиіс. Еңбек тәрбиесін қайтармасақ, ертең­гі күні жұмыс істейтін адам таппай қала­мыз. Үйде ме, шетелде ме, оқимын десе, барлық жағдай бар. Жастардың арасында екі-үш оқу орнын бітіргендер аз емес. Бірақ шеге қағатын адам жоқ. Үй жөн­дейтін маман жоқтың қасы. Еңбекқорлық қажет. Еңбек тәрбиесіне оралмасақ, ұтыламыз. Шетелге тым қатты еліктеп кеткендіктен көп нәрсемізді жоғалтып алдық. Рухани жаңғырудың түп төркінінде ата-бабамыздың өнегесі жатыр. Еңбектің де түрі көп. Қазіргі жастар барлық нәрсені ұршықша үйіреді. Бәрі қолынан келеді. Бірақ тәлім-тәрбие жағы ақсап жатыр. Соны жолға қою қажет. Ауылда болсын, қалада болсын «Үкімет өлтірмейді» деген түсініктен арылсақ екен.
– Жастармен жиі кездесесіз. Олардың ұсыныс-тілегі қоғамда қаншалықты ескеріліп отыр?
– Мемлекетте кішкентай адам бол­майды. Жастарымыз «Менсіз де мәселені шешетін адам бар» деген салғырттықтан арылса деймін. «Мемлекеттің дамуына қандай үлес қосар едім?» деп ойласа, сонда ғана ел дамиды. Ауылды дамыту үшін әр азамат туған жеріне жаны ашып, дамытуы қажет. Ауылдың әлеуметтік тұрмысы, қалада пәтер жалдап жүргендерден тәуір. Жаңалық, жаңа шыққан заңдардан бұқа­ралық ақпарат құралдары арқылы алыс ауылдар да хабардар. Теледидар көрсет­пейтін шалғай аймаққа газет жетеді. Одан қалса, барлық жаңалықты смартфоннан табуға болады. Жас та, кәрі де телефон қол­дануды біледі. Талаптанған адам ке­дер­­гіден қиындықсыз өтеді. Сылтауды қо­йып, іске кіріссе, алынбайтын қамал жоқ. Бәрі ма­териалдық жағдайын жақ­сарт­қысы келеді. Бірақ ол үшін ниет пен әрекет қажет.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Еңлік 12 Желтоқсан, 2018 at 02:05 Жауап

    Баспаналы боламын деп құры айтып жүрмеу керек, мемлекет тарапынан келіп жатқан пайдалы жүйені тез игеру қажет.

Пікір жазу


*