Ұлттық дүниетаным салтанат құрады

166
0
Бөлісу:

Дүниежүзіндегі 4 мыңға жуық этникалық топтың бүгінде 200-ге жуығының ғана мемлекеті болса, сол елдердің арасында қазақтар жер кө­лемі жөнінен тоғы­зыншы орында. Мемлекеті­міздің әлемдік қауымдас­тық алдындағы абыройы биік.

Президент Н.Назарбаевтың: «Қа­зақ халқының тарихы кейбіреу­лер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ға­сырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ хал­қы – сонау есте жоқ ескі заман­дардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақ­тардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық» деп айтуы көп жағдайды аңғартады.
Ежелгі кезеңдерде Алдыңғы Азия­ның Ассирия, Вавилония, Пер­сия сияқты алып мемлекеттерін өзімен санасуға мәжбүрлеген бүгінгі қазақтардың арғы бабалары Еуразия құрлығындағы саяси және эконо­ми­калық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Оның бір ғана мысалына бүкіл Батысты бағындырған құдіретті Рим импе­рия­сын құлату арқылы тұтастай бір қо­ғамдық жүйенің екіншісімен алма­суына тікелей ықпал еткен, сондай-ақ Қытай сияқты алып империяға Батысына Ұлы қорған салуға мәж­бүр­леген ғұн тарихынан ғана көз жет­кізуімізге болады. Қазіргі ба­тыс­тың Италия, Германия сияқты алдыңғы қатарлы мемлекеттері тарихтың бастауы ретінде Ежелгі Рим империясы мен ежелгі готтарды мақтан тұтуы біздің де өз тарихи тамырымызға терең үңіліп, оны ұлықтаудың келелігіне меңзейді. Ендеше, ежелгі сақ, көне ғұн, байырғы Түркі империяларының біздің тікелей ата-бабаларымыздың тарихы екендігін нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, әлемге жария ету – біздің бүгінгі міндетіміз.
Елбасы Н.Назарбаев Тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы кезеңдерінен бастап-ақ ұлы дала елінде тарихи сананы және дүниетанымды қа­лып­тастыру саясатын ұстанып келеді. Ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға бағытталған шаралар мен тарихымызды ұлықтауға арналған мемлекеттік бағдарламалар тәуел­сіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап рухани құндылықтарымызды дамыту жолында қызмет жасап ке­леді. Осы қатарда 2004 жылдан бас­талған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы және 2017 жылы жа­рық көрген «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалары ұлттық тарихымызды зерделеу мен жаңғыртуды көздеп, рухани құн­ды­лығымызды дәріптеуге тікелей атсалысып отыр.
«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасының жалғасы бо­лып саналатын, Елбасының күні ке­ше ғана жарық көрген «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласы бү­гінгі қазақ халқының тарихи бас­та­уына, территориямызда түрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген прото­мем­ле­кеттік бірлестіктердің адамзат өр­кениеті мен әлемдік тарихқа қосқан үлесін зерделеп, бағалауды және ру­­­хани жаңғыру үрдісін жаңа сапа­лық деңгейде жалғастыруды көздеп отыр.
Еуразия даласындағы саяси үрдіс­терде зор рөл атқаруымен бірге, ата-бабаларымыз кең-байтақ терри­торияда бүкіләлемдік мұраны құрай­тын зор мәдени жетістіктер шоғырын жасап шығарды. Осы уақытқа дейін еліміздің аумағынан табылып келген Ұлы дала жәдігерлері бабалары­мыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарды игере білгенін көрсетеді. Ұлы дала мекендеушілері ойлап тапқан бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар ХІХ ғасырға дейін пайдаланылып келді. Ұлы дала халқы өз кезеңі үшін таптырмас материалдық құнды­лық­тарды шығарумен бірге, мәдениеттің озық үлгілерін де қалыптастырды. Соның ішінде шоқтығы биік атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруа­шы­лығының Еуразиядан тарағаны тарихтан белгілі. Адамзат өркение­тіне үзеңгіні ойлап тауып қосқан Ұлы дала иелері ат әбзелдерін жасап, пай­далану ісінде адамзат өркение­тінің өз заманы үшін озық үлгісін қалыптастырды.
Бабаларымыздың металды игеруі тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, Еуразия даласын ғана емес, адамзат дамуына түбегейлі өзгеріс әкелді. Есік қорғанынан табылған Алтын адам сақ тайпаларының алтын өңдеу техникасын жоғары меңгергенін тұтас әлемге дәлелдеді.
Біздің дәуіріміздің І мыңжыл­дығының орта шенінде қазақ та­рихында ерекше орын алатын Алтай тауларының баурайында Түркі мем­лекеті пайда болып, аз ғана уақыт ішінде ол алып империяға айналды. Түріктердің құрған мемлекетінде өнер мен ғылым, әлемдік сауда өр­кен­деп, көшпелі және отырықшы мә­дениеттер керемет үйлесім тапты. Түркі мемлекеті тұсында Еуразия­ның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы бай­ланыс­тардың трансконтиненталды желісі ретінде жұмыс істеген Ұлы Жібек жолы халық арасындағы тауар айна­лымы мен зияткерлік байланыстар үшін орнықты платформаға айналды.
Бұл мәселелердің барлығы ата-баба мұрасын әлі де терең зерттеп-зерделеуді, оны әлемге таныту арқы­лы қазақ халқының әлемдік қауым­дастық алдындағы беделі мен абы­ройын асқақтатуды мақсат тұтады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Ел­басы бірнеше ірі жоба ұсынып отыр. Алғашқысы – «Архив – 2025» жо­басы. Ел тәуелсіздігінің ши­рек ға­сырында өткенімізге қатыс­ты де­ректерді шетелдік архивтерден іздес­тіріп, жинау бағытында көптеген іс атқарылды. Қытай, Иран, Мысыр, Ресей, т.б. елдердегі мұрағаттарда Қазақстан тарихына қатысты тарихи деректер, қолжазбалар, кітаптар жинау жұмыстары жүргізіліп, бір ғана Қытай елінен қазақ тарихына байланысты 5500-дей тарихи дерек әкелінді. Дегенмен ата-бабала­ры­мыздың өмірі мен өркениетіне қатысты көптеген деректі құжаттар әлі де болса отандық және әлем архив­терінде сақтаулы, ғылыми айналымға түскен жоқ. Міне, осы маңызды деректерге іргелі зерттеулер жүргізіп, ғылыми айналымға енгізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағ­дарламасының маңызы мен ор­ны бөлек болғалы отыр. Мақалада архив деректерін жинақтап қоймай, мүд­делі зерттеушілер мен қалың жұрт­шы­лыққа қолжетімді болуы үшін цифр­лық форматқа көшіру қажет­тілігі айтылды.
Сондай-ақ Елбасы қолға алып отырған мектептер мен өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-ар­хео­логиялық қозғалыстар құру ісі қазақстандықтар бойында тарихына деген ортақ жауапкершілікті қалып­тастыратыны сөзсіз.
Елбасымыз «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және бола­шақтағы – тарих толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүм­кіндік алып отыр. Бірақ бұл мүм­кін­дік қана: ол шындыққа, қазақтар­дың ғана емес, барлық қазақстан­дық­тардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет», – деп атап өтуінде өмір ақиқаты бар. Қазақ халқының тарихында қаншама жасампаз ұлы тұлғалардың болғаны белгілі. Өзге жұрттар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтып, дәріптейді. Қазақтың да шежірелік зердесінде жеке тұлғалар тарихтың қозғаушы күші болып келді. Ұлы даланың
әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды тұлға­ларының ел тарихындағы салмақты орнын бағалап-бағамдау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы ретте Ел­басы ұсынып отырған «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашудың маңызы – жас ұрпақтың тарихи тұлғаларымызды ұлтымыздың баға жетпес символдық капиталы ретінде тануына үлес қосары сөзсіз.
Республикамыздың ортағасыр­лық Түркі империясының тікелей мұрагері ретінде түркі тарихы мен мәдениетін әлемге таныту, оны да­мы­тып, жаңғырту жолындағы ша­ралары түркі өркениетін әлемге танытуға өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі жаһандану үрдісінде ұлттық біре­гейлігімізді сақтап қалудың тиімді жолы – ұлттық мәдениетіміз бен өркениетімізді сақтап, рухани бай­лығымызды ұлықтау болатын болса, осы бағытта түркілік түп-тамы­ры­мыз­ды бағамдаудың орны бөлек. Ендеше, Елбасы мақала­сындағы Түркі өркениетінің тарихына қатыс­ты жобалары, халқымыздың рухани орталығы ретіндегі Түркістан қала­сын көркейтіп, дамыту бағдар­ла­ма­лары құптарлық шаралар деп білеміз.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компонент­тері ата-бабаларымыздың сан мың­жылдық мұрасының бүгінгі цифрлық өркениеттің сұранысына толық сай келуіне мүмкіндік береді.
Елбасының халқымыздың тарихи шежіресін, этногенетикалық арқа­уын, рухани төлтума дәстүрін терең­дете тарата отырып, әлемге қазақ халқының адамзат өркениетіндегі орнын жаңа қырларымен танытуы ұлттық тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан зерделеу арқылы бо­лашақтың тұғыртасын берік орнатуға жасалған ұлы қадам деп түсінуіміз қажет.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының «Білім беру»
бағыты бойынша партиялық кураторы:

Бөлісу:

Пікір жазу


*