«ЩЕЛКУНЧИК» «ШАҚЫЛДАҚҚА» АЙНАЛДЫ

134
1
Бөлісу:

Болашақ корпоративтік қоры Disney-дің кезекті туындысын қазақша сөйлетті. «Шақылдақ және төрт патшалық» – қор аударған 27-ші фильм. Бұған дейін «Батыл жүрек», «Коконың құпиясы», «Моана», «Мұзды өлке» тәрізді 26 фильмді қазақшаға аударды. Фильм осыдан 200 жыл бұрын жазылған ертегі желісі бойынша түсірілді.

Disney ұсынған фильмдер адамды сүйіспеншілік пен адамгершілікке тәрбие­лейді. Бұл жолғы туынды табан­ды, айтқа­ны­нан қайтпайтын кішкене қыздың құпияны ашу жолындағы іс-әрекетін баяндайды. Фильмге Гофман жазған «Шақылдақ және тышқандар королі» ертегісі арқау болады. Оған қоса Чайковскийдің «Шақылдақ» («Щел­кун­чик») балеті фильмді әрлей түседі. Кинода динамика, сюжеттегі шиеленіс, музыка мен сиқыр тамаша үйлесім табады. Жаңа жыл қарсаңында ертегілер еліне саяхат жасаймын дегенге таптыр­май­тын туынды.
Кинодағы Клара, Мари, Зімбір апа, Морган Фриман, Тышқанбек, Шақыл­дақ образын қазақшаға әдемі тәржіма­ла­ған. Фильмді аудару мен дубляж жұмысына Aray Media Group студиясы жетекші болған. Бүгінгі күнге дейін Aray Media Group Disney, Sony Pictures, Bazelevs Distribution, EuroCorp (Luc Besson) сияқ­ты компаниялардың он бір толық­мет­ражды фильміне қазақ тілінде ілеспе аударма жасаған.
«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмі дубляжінің жұмысына 40 кәсіби актер қатысады. Мәселен, бас кейіпкер­дің анасы Мари Штальбаумды актриса Алтынай Нөгербек дыбыстады. Морган Фриман бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актері Боранбай Молдыбаевтың дауысы аша түскен. Ал ерекше дауыс иесі Кира Найтлиді жас актриса Санди Ғосман дыбыстады. Қазақ ұлттық өнер универ­си­тетінің түлегі Айкөркем Әділге­реева­ның дыбыстауында бас кейіпкер Клара Штальбаум қазақша сөйледі.
Дубляж режиссері Шах-Мұрат Орда­баев: «Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінің дубляжі біз үшін нағыз сынақ болды. Бұл сөйлеу мәнері ерекше өте көркем және әдемі картина. Фильмді қазақ тіліне сауатты бейімдеу үшін бізге үлкен жұмыс атқаруға тура келді. Мәтінді аудару жеңіл болғанымен, кейбір оқиғаларды дыбыстау шынымен де қиындық туғызды. Мәселен, фильмде клоундардың тұтас тобы келетін үзінді бар. Олар айтарлықтай қорқынышты сөйлейді, бізге осы ерекше атмосфераны беру керек болды. Бұл жерде бізге ком­пью­терлік дыбыс әсері көмек болды. Бірақ ақыр соңында біз түпнұс­қа­ға жа­қын дыбысталуға қол жеткіздік»,– деді режиссер атқарылған жұмыс жайында.
Шетел фильмдерін дубляждау – мемлекеттік тілді дамытуға негізделген маңызды әлеуметтік жоба. «Болашақ» кор­поративтік қорының әлемдік ше­девр­лерді қазақша сөйлетіп жүргеніне – 7 жыл. Жобаның астарында мемле­кет­тік тілге деген құрмет пен қазақша кино көретін орта қалыптастыру жатыр.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Еңлік 12 Желтоқсан, 2018 at 01:15 Жауап

    Енді әлем туындыларын төл тілімізге аудару жақсы жүзеге асса, оның пайдасы өскелең ұрпаққа тиері сөзсіз. Тілі енді шығып келе жатқан бала қазақ тілін үйрену үшін оны мультфильмнен бастаған өте орынды.

Пікір жазу


*