ӨНЕРЛІ ҰРПАҚ – ӨРІСТІ БОЛАШАҚ

117
1
Бөлісу:

Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Мен – елімнің ертеңімін» атты республикалық балалар шығармашылығының байқауы өтті. 4 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысқан шараны белгілі журналист, диктор Бағдагүл Рахметқызының «Сөз мерген» медиа студиясы ұйымдастырды.

Өнерпаздар байқау барысында «Көркем сөз оқу шебері», «Дәстүрлі ән», «Халық аспаптар», «Хореография» және «Эстрадалық ән» номинациялары бойынша өнер көрсетті. Кешті тамаша­лай отырып, егемен елімізде талантты, білімді де талапты буын өсіп келе жатқанына көз жеткіздік.
«Өнерлінің өрісі кең» демекші, қазақ халқының қанына сіңген құді­рет­ті өнері ауыз толтырып айтарлық­тай. Оған тамыры тереңде жатқан бай тарихымыз дәлел. Еліміздің әр өңірінен өнерін паш етуге келген 350-ге жуық өнерпаздың басын қосқан мұндай шара алғаш рет ұйымдастыры­лып отыр. Кеште еліміздің ертеңіне айналар өнерлі балалар мен жасөспірімдер жезтаң­дай әншілігімен, күмбірлеткен күйші­лігімен, мың бұралған биші­лі­гі­мен, сөз қадірін түсінген шешендігімен көзге түсті. Өнерпаздар­дың талантын өнер мен мәдениет саласындағы елі­міз­ге белгілі, білікті мамандар бағалап, байқауға қатысушылардың баршасына жарқын болашақ тіледі.
Елбасы алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сондықтан қай салада болсын, жастарға қолдау көрсе­ті­летін, олардың бойындағы талантын тану мақсатында өткізілетін игі баста­малар қолға алынатыны сөзсіз. «Елінің бола­ша­ғын білгің келсе, жастарына қара» деген. Көк туымызды көкте жел­бі­ретер білімді, өнерлі ұрпағымыз­ мақтанышымыз.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Еңлік 12 Желтоқсан, 2018 at 01:08 Жауап

    Өнерлі баланың талабы өте кішкене кезінен көрініп тұрады. Сондықтан қабілетін қарай, жас жеткіншекті бағыт берген жөн.

Пікір жазу


*