«Бозақ аруы» оқырманға жол тартты

100
0
Бөлісу:

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» сериясы бойынша жарық көрген «Бозоқ аруы» кітабының таныстырылымы өтті.

Қыздар университетінің ұжымы мен студенттері қатысқан жиынды оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенова кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны мен шығармашылығына тоқталды.
– Өткенге көз салсақ, қазақ әдебиетінің тарихында өмірін әдебиетке арнаған әйелдер аз емес екенін көреміз. Мария Хакімжанова, Зияш Қалауова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова есімдері бұл сөзімізге айқын дәлел. Осы тізімнің көш басында, алдыңғы сапында тұрған ұлт әдебие­тін­де өзіндік өрнегі бар нәзік жанды­лар­дың бірі һәм бірегейі – Шәрбану Бейсе­но­ва. Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Шәрбану Қонақбайқызының шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Қаламгердің «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек», «Тағылымды тағдырлар», «Мизамшуақ», «Сүзгенің соңғы күндері» сынды шығармалар жинағы көзі­қарақ­ты талай жанның көкейіне сіңді. Сыр­ласар серігі болды. Таусылмас рухани азығына айналды. Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» топтамасымен жарық көріп келе жатқан кітаптар сериясы – ұлт тарихында ерекше орын алып, ел жадында сақталған әулие аналар өмірінен сыр шертеді. Шәрбану Қонақбайқызы жасаған қасиетті аналар галереясы көзі ашық, көкірегі ояу талай ұрпақтың рухани азығына айнала­ты­ны­на сенімдімін. Біздің буын Фаризаны, Күләшті, Қанипаны, Марфуғаны, Ақұштап­ты, Шәрбануды жақсы біледі. Құрметтейді. Талай ұрпақ Фаризаның шығармашылығына шын сүйсінсе, Күләш пен Қанипаның, Ақұштап­тың лирикасын жатқа оқыды. Шәрбанудың өміршең туындыларына тебі­ре­н­ді. Олар әде­биет арқылы қазақ қызының жаңа обра­зын сомдады, жаңа тұлғасын бейнеледі. Олар сырлы да нұрлы шығармаларымен қазақ қызын тәрбиелей білді. Олар ана бола тұра, ақын бола тұра қиындыққа мойымай, әде­биет­тен теріс айналмай, адалдығынан, аза­маттығынан айнымады. Ардың ісі санал­ған әдебиет арқылы тұтас бір ұлтты тәрбиелеуге үлес қосып келе жатқан қазыналы қалам­гер­лер­ге деген ордалы оқу орны – Қыздар универ­ситетінің ілтипаты ерекше. Бүгінгі жиын соның нақты айғағы десек артық айтқанымыз емес, – деді Г.Алдам­бер­ге­нова.
Сонымен қатар шара барысында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сара Латиева, қаламгер, журналист Заря Жұманова Шәрбану Бейсенованың қаламгерлік қолтаңбасы турасында әңгіме өрбітіп, естеліктерімен бөлісті. Жиында университет студенттері жазушыға қыз бала тәрбиесі, бүгінгі әдебиеттің жай-күйі және өзінің қаламгерлік жолы жайында сұрақтар қойып, толымды әрі пайымды жауап алды.
Айта кетейік, Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» жобасы шеңберінде бұған дейін «Сүйінбике» кітабы жарық көр­ген болатын. «Бозоқ аруы» – аталған топтамадағы екінші кітап.
«Фолиант» баспасынан шыққан жинақта атақты әйел-аналар туралы мәліметтер фольк­лорлық мұрамен сабақтастырыла қара­лып, танымдық, ақпараттық баян түрінде ұсы­нылған.
Жазушы «Бозоқ аруында» елорданың іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ару қаңқасына тіл бітіре отырып, елдік мәселенің иіріміне қатысты танымдық, тағылымды ойларды қозғайды. Бүгінгі елорда тарихы кешелі беріден емес, ежелгі дәуірлерде іргетасы қаланғанын, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ортағасырлық Бозоқ қала-
сы – Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соң­ғы ұрпағы – қазіргі Қазақстанның елор­да­сы Астана деп есептеуге болады», – деген сөзін басты дәйек ретінде алып, Бозоқ қаласын топырақтан аршыған археолог-ғалым Кемел Ақышевтың дәлелдерін, оның ішінде қазба жұмысы кезінде табылған әйел мүрдесінің екі жағына қойылған 800 інжу моншақтың табылуы мысалдармен айтылып, хикаяттың басты кейіпкері Шырақбектің түсіне елес болып тіл қататын Інжу арасында дамиды.

Жандар АСАН,
Қыздар университеті Баспасөз орталығының басшысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*