Жомарт жүректер марапатталды

114
1
Бөлісу:

Астанада «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қайырымдылық, меценаттық және филантропия идеяларын насихаттау мақсатында Қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырды. «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен еріктілік», «Үздік ұйым» номинациялары бойынша туған жерін дамытуға үлес қосқан бизнес-құрылым, үкіметтік емес ұйым, еріктілер мен филантроптардың 50 өкілі марапатталды.

Жеңімпаздар қатарынан табылған аза­мат­тардың ісі көпке үлгі болатын тәжірибеге толы. Мәселен, «Жыл меценаты» атанған Болат Өтемұратовтың «Асыл мирас» жеке қайырым­ды­лық қоры балаларға арналған аутизм орта­лығын ашқан. Төрт жыл ішінде 5 мыңнан астам балаға көмек көрсеткен орталықта оңалту бағдар­ламасы мен дәрістер тегін жүргізіледі. Болат Өтемұратов биыл Шығыс Қазақстан облы­сында болған су тасқыны кезінде «Қа­зақстанның Қызыл Жарты Ай» ұйымымен бірге 21 елдімекенде тұратын 863 отбасыға 81 млн теңге көлемінде қолдау көрсеткен.
«Ерен еріктілік» номинациясын алған Созақ ауданының Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Нұрсұлу Әбдәшім қайырымдылық іс-шараларын өт­кізетін еріктілер тобында әлеуметтік қорғауға мұқтаж азаматтар мен жалғызбасты қарттарға арнап жобалар ұйымдастырады.
«Үздік ұйым» номинациясын иеленген «Уни­вер­сал» ЖШС Алматы облысы Панфилов ау­даны­ның әлеуметтік-экономи­калық дамуына үлкен үлес қосып, қайырым­дылық мақсаттарға ай­тар­лықтай қаражат бөліп келген. Жыл сайын Жар­кент қаласында аз қамтылған азаматтарға, көп­ба­лалы отба­сыларға және мүгедектерге соғыс арда­герлері мен тыл еңбеккерлеріне жалпы сома­сы 24 млн. теңге бөліп, 2018 жылы «Помощь в Ин­Дом»» қайырымдылық акциясы аясында 4,8 млн теңге қаржылай қолдау біл­дірген. Кәсіпкерлік субъектісі үздік оқыған оқу­шыларға ынталандыру сый­лығын табыс­тайды. Мысалы, Ж.Жабаев атын­дағы орта мектебінің «Алтын белгі» иегерлерінің әрқай­сысы 350 мың теңге көлеміндегі сыйақы алған.
Әрбір номинация бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының 10 жеңімпазы сайттағы ашық дауыс беру арқылы анықталған. Дауыс беруге шамамен 625 мың адам қатысқан.

Кәусар АХМЕТ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Еңлік 12 Желтоқсан, 2018 at 00:11 Жауап

    Қайырымдылықты, жомарттықты көбінде айтпай жасайтын адамдар бар. Ал, елге көрсету арқылы өзге адамдарға керемет үлгі болуға болады.

Пікір жазу


*