Нью-Йорктегі тұсаукесер

154
0
Бөлісу:

Нью-Йорк қаласында 4-7 желтоқсан аралығында Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп  Ұлттық академиялық кітапхана «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениет және әдебиетінің халықаралық форумын өткізді.   

Іс-шараның басты мақсаты – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке ин­теграциялануы. Форум әлемдік қауымдастыққа қазақстандық шығармалармен танысуға және қазақ авторларының әлемдік жаһандық әдеби үрдіске бірігуіне мүмкіндік береді. АҚШ-та іс-шараға «Парасат» орденінің иегері Шөмішбай Сариев, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, танымал журналист Марат Тоқашбаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан, белгілі тележүргізуші Майя Бекбаева және т.б қатысты.
Форумды өткізу игі дәстүрге айналып келеді. Өйткені осыған дейін Сеул, Лондон және Берлин қалаларында ұйымдастырылған еді. Іс-шаралар аясында қазақстандық әдебиет, мәдени алмасу мен ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну, мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру үшін көпсалалы жұмыстар атқарылды.
Сонымен бірге, отандық кітаптардың тұсаукесері және «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» фотокөрмесі өтті. Марат Тоқашбаев Facebook желісіндегі парақшасында әсерімен бөлісіп: «Нью-Йоркте өтіп жатқан «Қазақ мәдениетінің форумында» қазақтардың жаһандық өркениетке дөңгелек ойлап табу (қаңлылар), жылқыны қолға үйрету, ондық сан жүйесінің түркі xалықтарынан арабтар арқылы әлемге таралуы, көне қазақ жазуының әлемдік жазу мәдениетіне ықпалы туралы ойларымызды ортаға салдық. Менің «Тәуелсіздік – тынысым», «Жан-Дауыс» атты публицистикалық кітаптарымның тұсаукесері осында жасалды» деген жазба қалдырды.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*