АБАЙЛАСАҚ ҚАЙТЕДІ?

228
1
Бөлісу:

Демографиялық мәселе – ең маңызды мәселе. Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында: «Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді. Қазір 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр. Біз тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық. Бүгінде бауырларымыз Қазақстанның азаматы атанып, ел дамуына үлестерін қосуда. Сонымен бірге, ағайындар демографиялық жағдай жақсарып, халық санының өсуіне ерекше ықпал етті. 1991 жылы қазақтардың үлесі 40 пайыздай болса, қазір 70 пайыздан астық», – деген болатын.

Кеңес Одағы заманында қазақтар Орталық Азияда басқа этностардың арасында саны жағынан ең көп халық еді. Көрші Өзбекстанның халық саны 30 миллионнан асып кетті, ал Қазақстанда 18 миллионға енді жетті. Демограф Мақаш Тәтімов ХХ ғасыр­дағы қанды қасап болмағанда, қазақтың саны бұл күнде 32-35 миллионға жетуі мүмкін еді деп болжам жасаған-ды.
Территория көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда бір шаршы шақырымға небәрі 6,2 адамнан ғана келеді. Халық тығыздығы бойынша мем­лекетіміз әлем елдері арасында 184-орында тұр. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында экономикалық жағдайдың нашарлауы, өтпелі кезеңдегі ауыр ахуал бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуіне алып келді. Бірақ соңғы жылдары әлеуметтік жағдайдың жақсаруы бала туудың үздіксіз өсуіне септігін тигізді.
2018 жылы 1 наурызда еліміздегі халық саны 18 195,9 мың адамды құрады. 2017 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда халық саны 240,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсті. АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерге қарасақ, 2018 жылғы қаңтар-ақпанда туылғандар саны 63,1 мың адамды құрады, бұл 2017 жылғы қаңтар-ақпанға қарағанда 3,3 пайызға артық.
Онсыз да «мың өліп, мың тірілген» халық едік. Енді аборт жасауға 16 жастан рұқсат беру деген пәле шықты. 16 жастан бастап жасанды түсік жасатуға рұқсат беру – демографияға жасалатын соққы болмақ. Бұл ереже кәмелет жасына жетпегендерді қалай болса, солай жүріп-тұруға итермелейтіні анық. Дәрігер жасөспірімнің ата-анасына ескертпестен жасанды түсік жасап береді. Бұл – ұлтымызды азғындыққа бастайтын жол.
«Қара қызға – қырық үйден, сары қызға – сексен үйден тыйым» дейтін қағи­датты басшылыққа алған ел едік. Соңғы үш жылда жыныстық қатынасқа зорлау фактісі бойынша елімізде 5 мыңнан артық қыл­мыс­тық іс қозғалған. 2018 жылдың тоғыз айында 91 ер бала, 43 қыз бала болған жағдайға шы­дамай, өз-өзіне қол жұмсапты. Жеткен жеріміз осы ма?!
Денсаулық сақтау министрлігі елімізде 16 жастан бастап жасанды түсік жасатуға рұқсат беру туралы ұсыныс жасады. Қазақстандық оқушыларға көп ұзамай тегін мүшеқаптар таратылуы мүмкін. Осылайша шенеуніктер жоспарсыз жүктілік санын азайтуды көздейді екен. Бұл норманы халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске енгізу жоспарланып жатқанға да ұқсайды.
Медицина саласы өкілдерінің айтуынша, қазақстандық жасөспірімдер дұрыс ақпарат алмағандықтан контрацепция құралдарын пайдаланбайды. Соның салдарынан ерте жүкті болып қалады. «Мектепте мүшеқаптың таратылуы бұл мәселені шешуі мүмкін» деген сөзді де олар аузы қисаймай айтып отыр.
Ашық күнде адасуымызға жол болсын?! Дәрігер жасырын түрде жасанды түсік жа­саған соң, қыз бала қайтадан бала көтере алатындығына кім кепілдік береді? Жастық желікпен жаза басқан жас қыздың иығына барлық жүкті артып қоюымыздың жөні бар ма? Басқасын былай қойғанда, азғындықтың отауын көтергеннен ұлт ұта ма? Оның орнына ұлттық тәрбиені жолға қойып, отбасы құн­дылықтарын қолға алған жөн емес пе? Ойлансақ, абай болсақ қайтеді?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Еңлік 12 Желтоқсан, 2018 at 00:03 Жауап

    Әр қазақ менің жалғызым деп түсінетін мына қоғамда қазақтың санын арттыру күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі емес, бірегейі.

Пікір жазу


*