Жүрегімнің қалауы – өнер

593
3
Бөлісу:

Сахна биігінен төменге қарағанда оған не көрінуі мүмкін. Әрине, өмір. «Бірінші, балалық шағым еске түседі. Сол балалық шақпен ілгері жылжисың. Қай қиындықта да, келеңсіз тұстарда да, еске оралатыны – алаңсыз бала кездерің екен.
Сонау Сырдарияның жағасында жалаңаяқ жүгіріп жүргенім ойға оралады. Әке-шешемнің санама құйған сәулесі, көңіл түкпірінде қалған әдемі әсерлер өмір бойы алға жетелеп келеді. Бұл да менің бақытты сәттерім шығар», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева.
Ол театрдағы ғұмырын 1-курстан бастаған. Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрында көпшілік сахнасында ойнап, Шәкен Аймановтың көзіне түскені бар. «Шәкен Айманов «Жас Абай» спектаклін қойды. Сонда бізді, яғни студенттерді көпшілік сахнасына шығарады. Бала болсақ та, сол сахнаның өзінен үлкен сабақ алдық. Өйткені Аймановтың мектебінен өттік. Шәкен аға көпшілік сахнасы деп бөле-жармай қарап, киімінің түріне дейін белгілеп қоятын еді. «Ана қыз бала қызыл қамзол, қызыл көйлек, қызыл тақия, қызыл етік кисін» деп мені көрсеткені бар», – дейді сахна саңлағы. Кейіпкеріміздің жүрек көзіне үңіліп, келмес күндердің елесі жайлы сыр шерттік.

Жастар театры мені биікке жетеледі
Оқуды бітірген соң, бірден Жас­тар театрына жұмысқа қабыл­дан­дым. Ол кезде жасым – 19-да. 25 жыл осы сахнаға қызмет еттім. Мә­кіл Құланбаев, Байділда Қал­таев, Әмина Өмірзақова, Сәлима Сат­тарова, Мәриям Жақсым­бе­то­ва, Күләй Мұраталиева, Аққағаз Мәм­бетова, Жамал Бектасова, Қа­сым Жәкібаев сияқты кіл мық­тылар қызмет еткен киелі сахна ғой бұл. Менің Ғазиза болып қа­лып­тасуыма сол кісілердің сіңір­ген еңбегі зор. Досхан Жолжақ­сынов, Нұр­қанат Жақыпбаев, Лидия Кә­денова, Роза Әшір­бе­кова, Гүл­жамал Қазақбаева – бұлар сах­налық серіктестерім. Солар ар­қылы жарқырадым, солар арқылы өс­тім. Актерлік шеберлігім қалып­тас­ты. Нұрлан Оразалиннің «Шы­рақ жанған түнінде» спек­такль үшін Жастар комсомол сый­лығын ұсынды.
Одан кейінгі жас буынмен де сах­нада әріптес болдым. Біл­гені­міз­бен бөлістік, білмегенімізді үй­рендік. Небір жақсылар мен жай­саңдар салтанат құрған сах­нада кіл мықты режиссерлер қыз­мет атқарды. Виктор Пұсырманов, Есмұхан Обаев, Оразхан Кенебаев қойған спектакльдерде ойнадық. Райымбек Сейтметов қойған спек­такльдер қандай еді! Дүрілдеп тұр­ды. Сол кісінің қолтаңбасы бол­ған ғажап туындылар актер­лер­дің бағын ашты. Ол қойған «Алуа» спектаклі ғажап болды. Бас­ты рөлде – Гүлжамал Қазақ­баева. Осы спектакль Мемлекеттік сый­лық алды. Райымбек Сейт­ме­тов­тің еңбегі көп айтыла бермейді. Ол кісі қазақ сахнасына поэзияны алып келді. Поэзияны оқуды үй­рет­ті бізге. Жастар театрында Мә­риям Жақсымбетова дейтін ғажап акт­риса болды. Сахнаға шыққанда қы­зыл-жасыл болып, өзгеріп сала бе­ретін. Бәлкім, менің көзіме со­лай көріне ме? Әйтеуір, өзі де, сах­на да құлпырып кететін еді. Мә­риям апа – Мұхтар Бақты­ге­реев­тің жолдасы. Ол кісі «Арма­ным Әсел» спектаклінде Әселдің рө­лін ойнады. Шыңғыс Айтма­тов­тың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесі желісімен қойылған еді.
Сол себепті де, жастар теат­ры­ның мен үшін орны бөлек. Әр­дайым жүрегімнің төрінде қалады.

Актердің бағын ашатын – режиссер
Мұхтар Әуезов атындағы ака­де­миялық драма театрға жетелеп әкел­ген не нәрсе десеңіз, жастар теат­рының репертуары бір басқа да, әкем театрдың репертуары бө­лек. Жасың белгілі бір мөлшерге кел­генде, яғни 45-тен асқанда, жас қыздың рөлін ойнай алмайсың ғой. Үлкен рөлдерге барғым келді. Ол үшін әкемтеатрдың сахнасына шы­ғу керек болды. 1993 жылдың кү­зінде Жастар театрынан кеттім. Қа­зір академиялық театр сахна­сын­да жүргеніме 25 жыл толыпты. Та­лай-талай мықты рөлдерім бол­ды. «Айман-Шолпанда» – Теңгені, «Па­ра» спектаклінде – Анна Анд­реев­наның рөлі бұйырды. Бұл спек­такльдерді қойған – Есмұхан Обаев. «Ай тұтылған түнді» Ораз­хан Кенебаев қойды. Сонда Таң­қабикенің рөлін ойнадым. Әубәкір Ра­химовтың, Болат Атабаевтың да спектакльдерінде мықты-мықты рөлдерім болды. Өкінішке қарай, Әзірбайжан Мәмбетовтің спек­так­лінде ойнай алмадым. Ол кісі мен келгенде, Астанаға ауысып жа­тыр екен.
Қандай бір биікке көтерілсем, қандай бір жетістікке жетсем, ол – әріптестерімнің арқасы. Ма­ңа­йым­да жүрген аға-әпке, дос-бауыр, қатарластарымның мейір­бан көңілі. Кейінгі буын жастар­дың өзінен үйренеріміз көп болды. Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбаев, Ерлан Біләл, Гүлшат Тұтова, Шынар Асқарова, Шынар Жанысбекова, Дәрия Жүсіп – бірінен-бірі өткен, біріне-бірі ұқсамайтын талантты ак­тер­лер. Актердің бағын ашатын – ре­жис­сер. Сахнадағы парт­нер­лерің­нің де актерді жарқыратуға септігі көп тиеді. Рөлдің үлкен-кішісі бол­­майды. Шағын эпизодтық рөл­­дің өзі актердің маңдайын жар­­қыратып жатады. Сол себепті бо­­лар, рөл таңдаған емеспін. Ре­жис­сер қандай рөлге бекітті, со­ның кілтін таба алсам, маңызды­сы – осы. Өзімді режиссердің актри­са­сымын деп санаймын. Ол бағыт-бағдар бермесе, бір жағына қи­сайып кетуім мүмкін.

«Жарқырағысы» келіп тұратын актер көп
Театрда іргетасы дұрыс қалан­ған актер кино өнерінде де жар­қы­рай алады. Қазір жастардың көбі эфирге шығуды көбірек армандай­ды. Сол арқылы тезірек «жұлдыз» болу­ға асығады. Мықты актер әуе­лі театрды бағындыруға тыры­са­ды. Сахнада жақсы көріне алса, кейіпкерін сәтті сомдай алса, одан жақ­сы кино актері шығуы мүмкін. Ал бірден экранға ұмтылса, онда бір сәттік ғана «бейнеге» айналады. Бір кездері телевидение пайда бол­ғанда, «театр өледі» деген де пі­кірлер болған. Мүлдем, олай емес. Сахнаның сәні басқа. Театр­да жарқыраған бала экранда да жақ­сы бейне жасайды. Қазір жас­тар­дың арасында таланттар өте көп. Өзімнен кейінгі өкшемді ба­сып келе жатқан буынның өзі орта жас­қа келді. Олардың өзі бір қауым ел. Сахнаны кеше аттаған жас­тардың да арасында жарқырап тұрғандары жетерлік. Тек олардың бағасын білетін жақсы режиссер қажет. Өз режиссері табылмай, ак­тер театрда да, кинода да ашылмай қалуы мүмкін. Біреудің қалқанын көтеріп жүргенде өмір өтіп кетуі де мүм­кін. Режиссері табылмай, өмір­ден өтіп кеткенде актерлер да бар. Болат Атабаев, Жанат Хад­жиев, Есмұхан Обаев болмаса, ба­ғым ашылмас еді. Сол кісілерге дән ризамын.

Сәбира апамның ақ батасы
Менің ұстазым – Есмұхан Обаев. Өнердегі өсу жолымда Обаев­­тың тигізген еңбегі көп. Жа­сым жетпіске келсе де, ол кісінің алдында әлі баладаймын. Біз, шә­кірттері Есағаны айрықша қадір­леп, мақтан тұтамыз. Оның шә­кірт­тері еліміздің түкпір-түкпі­рін­де облыстық театр сахналарында өнер көрсетіп жүр. Есағаң «жа­ным – арымның садағасы» дейтін туды ұстап жүретін адам. Біз ұс­таздан өнерге адалдықты, шәкірт­ке қам­қорлықты сезініп өстік.
25 жыл – Жастар театрында, 25 жыл – М.Әуезов атындағы акаде­мия­лық театр сахнасында еңбек етіп келемін. Аллаға шүкір, талай бе­лестерді бағындырдым деп көп­сін­бей-ақ қояйын. Жастар теат­рын­­да қанатым қатайды, оң-со­лым­ды танып келемін. Ака­де­мия­­лық театрда жүріп, әже бол­дым. Өмір­дің ең үлкен түйіні – осы. Өнер­­ді ессіз сүю керек деп жата­мыз, бірақ оның бәрі жүрек қа­лауы. Одан бөлек, өз өмірің бар емес пе? Әйелдің ең үлкен мис­сия­сы – ана болу, әже болу. Кезін­де тұрмысқа шыққанымда Сәбира апам Майқанова ақ батасын бер­ген еді. Сәбира апам мен Сә­ли­ма Саттарова құдағи болып, тойым­ды өт­кізді. Сол кісілердің ақ ба­тасы­мен ана болдым, әже атан­дым. «Менің пірім – Сүйінбай» демек­ші, сүйенерім де, табынарым да Сә­бира апам болды. Театрға кел­ген­де сол кісінің киімін, аяқ­киі­мін киіп, сахнаға шықтым.
Поэзия оқығанды ұнатамын. Фа­­риза Оңғарсынованың өлең­дері­­нің тұлға болып қалыптасуыма әсе­­рі көп болды. Қалихан Ыс­қақ­тың жазбасы да жеке архивімде сақ­­таулы.
Өзім өнер адамы болсам да, ба­лаларымның актер болғанын қа­лаған жоқпын. Өне-бойымды кер­неген күш мені жетелеп, театр­ға алып келді. Егер олардың бо­йын­­да осындай қасиет болса, қар­­сылығыма қарамас еді. Демек, он­дай ішкі бұлқыныс болма­ған­дық­тан, өнерді қаламаған да шы­ғар. Сонау дарияның арғы бетінен акт­­риса боламыз деп, арман ар­қа­лап, Алматыға келген жоқпыз ба? Бой­дағы бұла күш бізді осыған итер­­меледі.

Өнер адамына керегі – тазалық

Жүрегімнің қалауы – өнер. 70-ке келсем де, сахнаны сүйіп тұра­мын. «Өнерде бақталастық бар ма?» деп сұрап жатады. Бақ­талас­тық – өз-өзіне сенбеген адам­да бо­лады. Әйтпесе, өнерін сүй­ген, өзін сүйген адам өзгені бақталас са­намайды.
Әлі есімде. Жастар театрының сах­насында Виктор Пұсырманов Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жал­­ғыз үйін» қойды. Бірінші құ­рам­­да бір орыс қыздың рөлін ой­най­­мын. Екінші құрамда Лидия ой­­найды. Лидия орысша ән айта­ды, сөйлейді, ағып тұр. Ондай қолымнан келмейді. Содан Пұ­сырманов мені екінші құрамға түсіріп, Лидияны алға шығарды. «Жұлдыз» болып қалған кезім. Іштей «өкпелеп» қалдым. Бір күні көшеде Сәлима апайды кездестіріп қал­дым. Ол кісіге екінші құрамға түсіп қалғанымды айтып, мұң ша­ғып жатырмын. Апай: «Ғазиза, мұн­дайды сенен күтпеп едім. Неге ана кішкентай қыз сияқты ән ай­тып, би билемейсің? Бұдан былай мұндай сөзіңді естімейін» деді. Бетімнен отым шығып, ұялғаным-ай… Жер жарылып кетсе, ортасына түсіп кетер едім сол сәтте. «Әр акт­­риса өзгені қайталамайтын жол іздегені дұрыс» деді. Сәлима Саттарованың сол сөзі жанымда, өне бойымда, жүрегімде мектеп болып, жатталып қалды.
Өнер адамына ең басты кере­гі – тазалық. Өнеріне, өміріне адал адам барлық жағынан биік бо­лады. Адамға ең қажеті – шын­шыл болу. Балаларыма да үнемі осы­ны ай­тып отырамын. Бүгінгі өнер­ге де керегі – адалдық, тазалық.
Театр арқылы Алла маған жа­ны таза, жүрегі нәзік, айрықша жан­дардың ортасында болуды нә­сіп етті. Екінші, бағасы биік кө­рер­­менге қызмет етуді бұй­ырды. Мұ­­ның бәрінің Ғазиза Әбдінә­бие­ва дейтін есімнің танылуына, қа­лыптасуына әсері мол болды. Сон­­дықтан өміріме дән ризамын.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

3 пікір жазылған

  1. ДАМИР 9 Желтоқсан, 2018 at 17:52 Жауап

    Ғазиза апайды алғашқы рет бала кезімде қазақстандық танымал Перекресток сериалынан білемін. Қазақтың қарапайым әйел, әже-апалардың бейнелерді шеберлікпен орындайтын дара тұлға. Жастарға кино-театр майталмандардан алатыны көп.

  2. Ками Талгатовна 11 Желтоқсан, 2018 at 15:35 Жауап

    Ғазиза Әбдінәбиева қазақ сахнасындағы көрерменге өзіндік ерекше, жағымды қойылымдарымен көзге түскен өнер иесі. Нағыз өнер адамының бейнесін көруге болады. Мен көрген соңғы рөлі, қателеспесем «Кемпір» кинофильмі, өте тамаша шыққан

  3. Еңлік 11 Желтоқсан, 2018 at 22:14 Жауап

    Қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Ғазиза ханымға деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Әлі талай театр мен кино өнеріне өлшеусіз үлесін қоса берсін.

Пікір жазу


*