ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК БОЛЖАМЫ АҚТАЛМАУЫ МҮМКІН

457
3
Бөлісу:

Ержан САЛТЫБАЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институты директоры:

– Дүниежүзілік банк 2018 жыл­­ға арналған болжамында мұ­най өндірудің артуы мен салық­тық бюджеттік ынталандыру шара­ларының тиімділігі әлсіреуі­не байланысты Қазақстан эконо­ми­ка­сының өсімі 2,6 пайыз деңгейінде қалыптасатынын айтты. Маман ретінде осы пікірмен келісесіз бе?
– Аталмыш болжам ақтал­мауы мүмкін, себебі жыл қоры­тын­дысы бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсу қар­қыны көрсетілген цифрдан жоғары болатыны анық. Атап айт­қанда, бүгінгі күні Қазақ­стан экономикасы өсудің оң ди­намикасын сақтап отыр және жыл соңын 4 пайыздық көр­­сеткішпен аяқтайды деген жоспар бар.
Ұлттық экономика министр­лі­гінің соңғы ақпараты бойынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айлары ішінде экономикамыздың өсімі 4,1 пайызды құрады. Ішкі жалпы өнімнің мұндай деңгейде дамуына әсер еткен факторлардың қатарында жоғары инвестициялық белсенділік, баяу инфляция мен экономиканың негізгі салаларындағы өндірістің өсуін атап өтуге болады.
Биыл экономикамыздың өсі­мі 4 пайызға жететіндігі тура­лы жақында Елбасы да айтқан болатын. 21 қарашада өткен дипломатиялық корпуспен кезде­суде Президент 2018 жылы ІЖӨ өткен жылмен қатарлас деңгейде немесе артық болып шығады деді.
– «Бір белдеу – бір жол» баста­ма­сы – әлемдік экономикада­ғы ең үлкен жобаның бірі. Бұл жоба Қа­зақ­стан үшін қаншалықты тиімді?
– Шынымен де, бүгінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» (BRI – Belt and Road Initiative) бастамасы ғаламдық сипаттағы мегажобаға айналып отыр. Оның ауқымдылығын жобаға бөлін­ген қаржыландырудан байқауға болады. Мысалы, жоба аясындағы әртүрлі бағдарламалар үшін Қытай 55$ млрд құрайтын арнайы қор құрды, одан бөлек көлемі 100$ млрд-тан асып түсетін Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялық Банкі (AIIB) жұмысын бастап кетті.
Қазақстан үшін қытайлық жоба бірнеше жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы – «Бір белдеу – бір жол» арқасында Қазақстан өзінің едәуір транзиттік әлеуетін жүзеге асыра алады. Мысалы, BRI Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы байланыстыратын автомобиль және темір жолдарын дамытуды көздейтінін ескерсек, Қазақстан Батыс пен Шығысты байланыстыратын құрлықтағы көпір ретінде табыс табатын мүмкіндікке ие болып отыр.
– Қытай әлем елдеріне инвес­ти­ция құюды жалғастыруда. Қазақ­станды Қытай инвестициясы несімен тартады?
– Қытай мен Қазақстан ара­сындағы инвестициялық байла­ныстар екі елдің мүддесіне сәйкес келетін өзара тиімді сипаттағы қарым-қатынас ретін­де дамып келеді. Қазақстан үшін қытайлық инвестициялар ұлттық экономикадағы өндірістік сала­ларды дамытуға ықпалдасып отыр. Нақты айтсақ, бүгінде екі­жақты күн тәртібіндегі басты жоспарлардың бірі – қытайлық тарап­тың көмегімен құны
27$ млрд-тан асып түсетін 51 индус­триал­ды жобаны Қазақстан аумағында іске қосу.
Бұл жобалар бойынша жұмыс басталып та кетті. Мысалы, Инвес­тициялар және даму ми­нис­тр­лігінің дерегінше, Қытай мен Қазақстан биыл 6 бір­лес­кен жобаны толықтай іске қосуды жос­парлап отыр. Сонымен бір­ге, жалпы сомасы 623$ млн құрай­тын 5 жоба бойынша жұ­мыс басталған.
Индустрияны дамытудан бөлек, Қытай Қазақстан үшін көр­шілес жатқан ең ірі өтім нары­ғы, яғни осы бағытта біз­дің қолымызда орасан зор экспорттық мүмкіндік бар. Бірақ оларды жүзеге асыру үшін қытай­лық сатып алушылармен бір­ле­се отырып, стандарттар мен серти­фикаттар мәселесін шешіп алуымыз керек.
– «Астана клубында» әлем­нің белгілі саясаткерлері мен са­рап­шылары бас қосып, жа­һан­дық жағдайлар жиі тал­қы­­ланады. Осы уақытқа дейін­гі отырыстарда қандай тиім­ді ұсыныстар жасалды деп ойлай­сыз?
– Астана клубы жұмысының негізгі мақсаты – әлемдік зият­­­керлік элита өкілдерімен бірлесіп Еуразия сияқты алып континенттегі өзекті мәселелерді, геосаяси және геоэкономикалық мәселелерді талқылау. Клубтың басқа маңызды мiндеттерінің бірі – Қазақстанның сыртқы сая­сат­тағы көзқарастарын әлем­дiк саяси аудиторияға жеткiзу.
Өз кезегiнде, қарашада болып өткен Астана клубының төртінші отырысы аясында «Үлкен Еуразия жолында: ортақ болашақты қалай құрамыз?» тақырыбы қозғалған болатын. Бұл тақырыпты таңдаудағы басты себеп: бүгінде әлемде туындап отырған жаңа қауіп-қатер­лермен байланысты. Оның ішінде әлемдiк экономикадағы изоляционизмнің өсуi, сауда және санкция соғыстары, соны­мен бiрге, қауiпсiздiк мәселе­лерінің ушығуы.
Клубтың әр отырысын ұйым­дастырған кезде біз сараптамалық жұмысқа баса назар аударамыз және атқарылған жұмыс негізін­де мемлекеттік органдарға прак­тикалық ұсынымдар дайын­дай­мыз.
Клубтың биылғы отырысы­ның қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар жасалды. Оны Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде атап өткен болатын. Мысалы, ғаламдық қатерлерді еңсеру мақсатында 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартып, 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізу туралы ұсыныс жасалды. Одан басқа әлемдік сауда саласындағы даулы мәселелерді шешу үшін Дүние­жүзілік сауда ұйымы аясында көпжақты форматта келіс­сөздер жүргізу туралы да пікір айтылды.
– Елбасы алдағы жылды «Жас­тар жылы» деп жариялады. Жаңа идеялар арқылы өркениет көшіне ілесу мүмкіндігі беріліп отыр. Сіз басқарып отырған институт осы бағытта қандай бастамаларды қолға алады?
– Елімізде жастар мәселесі ерекше назарда екені белгілі. Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеуі бұл бағыттағы жұмысқа тың серпін береді деп ойлаймын. Қазіргі технологиялық және әлеуметтік өзгерістерге байла­ныс­ты келешек ұрпақтың ұста­ным­дары мен саяси көз­қарас­та­ры қандай деген сұрақ өте маңызды.
Соған сәйкес біз алдағы уақытта жастарға қатысты арнайы зерттеу жобаларын жүргізбекпіз. Біздің әлеумет­танушы маман­дар­дың сауал­намалар және фокустық-топтар арқылы бұл тақы­рыпта кешенді зерттеулер жасауына барлық мүмкіндігі бар. Зерттеу нәтижесі бойынша арнайы сарап­тамалар және мақа­лалар дайын­даймыз.

Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

3 пікір жазылған

  1. Еңлік 9 Желтоқсан, 2018 at 14:02 Жауап

    Экономиканың өсуі мен құлдырауы әлемдік көзқараспен тікелей байланысты. Өйткені, ол доллардың өсуі тәрізді нәрсе. Ал, бағаны тұрақты ұстау арқылы талай игі істі істеуімізге болады. Еліміздегі мұнай бағамы да сондай.

  2. ДАМИР 9 Желтоқсан, 2018 at 17:02 Жауап

    Ел экономикасы шикізат сатумен бір қалыпты өсуде бұны 2030 жылға дейін болжануы да бекер емес. Ал өндірістің дамуы қашан болады? Адами капитал деп ұрандатып басқаннан басқа нақты істегеніміз шамалы. Ол үшін ғылым-технология дамыту керекпіз. Жастарды шетелге жібергенімен нақты талап қоятын кез келді. Жаңа білімдер мен технологияларды пайдалануымыз керек. Кәсіби мамандарға оқытудан басқа әлемдегі озық білімдерге жету крекпіз

  3. Ками Талгатовна 11 Желтоқсан, 2018 at 14:46 Жауап

    ел экономикасына қатысты қандай да бір сөз қозғалса, бұдан қиын шешілмейтін мәселе жоқтай көрінеді….

Пікір жазу


*