Алар биігім әлі алда

581
0
Бөлісу:

Илья Ильинді еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жақсы біледі. Ауыр атлетикадан төрт дүркін чемпион атанып, елімізді әлемге танытқан азамат. Бір кезде чемпиондығынан айырып, спорттан шеттетіп те тастаған еді. Алайда қандай жала жабылып, күйе жағылса да, халық оны чемпион деп біледі. Басынан өткен қиындыққа қарамастан, сағы сынбаған чемпионнан сұхбат алудың реті келді.

– Илья, денсаулығыңызға байланысты Әлем чемпионатына қатыса алмағаныңыз өкінішті. Ел-жұртты алаңдатып отырған басты мәселе – осы. Бүгінде хал-жағдайыңыз қалай, дәрігерге қаралдыңыз ба?
– 2007 жылы жарақат алып, сол жақта емделіп, келесі жылы Пекинде алтын алған едім. Жаттықтырушының айтуы бойынша сол дәрігерге қайтадан қаралмақшы болдым. Оның үстіне ол жақта спортшыға арналған емдеу орталығы жақсы жасақталған. Сөйтіп, қараша айында Анкараға барып, дәрігерге қараламын. Жарақатым бар. Омыртқа жотасының дискі қозғалып кеткен, протрузия бар. Дәрігер «бәрін қалпына келтіреміз» деген. Сол жақтан МРТ-ға түскен соң белгілі болады. Бәрін уақыт көрсетеді.


– Қандай жарақат алып едіңіз? Әлде бұрынғы жарақатыңыз ба?
– Қазақстан чемпионатынан кейін бір қалыпқа түскендей болғанмын. 102 келі салмақ бойынша шығып, 400 келіні көтеріп жүрдім. Әлем чемпионатына дайындық барасында жарақатым байқалды. Штанганы жерден көтергенде кеудемен қарсы аласың. Сол кезде 200 келілік штанга екі есе ауырлай түседі. Міне, сол штанганы кеудеден жұлқа көтеру мүмкін емес. Жұлынның қысылғаны ма, әлде жүйкенің әсері ме, білмедім. Бірақ сол кезде арқамнан ұстай бастады. Сол кездегі дәрігерім: «Сенде үлкен проблема бар. Шынымды айтайын, саған алаңдаймын. Дайындығыңды қоя тұр, көтеріп болмадың ба?» – дегенде «Токиодағы Олимпиадаға баруым керек. Әлі бір жарым жыл бар, мүмкіндік жоқ па?» дедім. «Көтерме, қатыспа деп саған тыйым сала алмаймын. Жаттығуыңды тоқтатсаң, бір жылда аяғыңа тұрғызамын» деген. Сөйтіп, командамызбен сайысты өткізетін болып шештік.


– 2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысу жоспарыңызда бар ма?
– «Үмітсіз – шайтан» дегенде, Олимпиадаға қатысуды жоспарлап отырмын. Кішкентай үміт болса да, оны ақтауға тырысамын. Әлі жаспын, алар биігім де бар. Қателеспесем, Ашхабадта өтетін Әлем чемпионатына қатыса алмаймын. Бірақ біздің команданы қолдауға барамын. Негізі, ол кезде өзімді қалыпқа келтіру үшін Сочида боламын. 19 желтоқсанда Катар елінің Доха қаласында Күміс турнир өтеді. Оған да қатысу үшін емес, тізімде бар екенімді көрсетуге барамын. Ауыр атлетикадан ақпан айында Тайландта тағы бір жарыс өтеді. Мүмкін болса, соған қатысуға тырысамын. Оған қатыса алмасам, сәуірде өтетін Азия чемпионатына қатысып, жақсы көрсеткіш көрсетуім керек. Негізі, лицензия алу үшін үш старттан 6 жарысқа қатысуым қажет. Оған қоса, үштіктің бірінде болсам, олимпиадаға қатысуға мүмкіндік аламын.


– Егер спорттан кететін болсаңыз, немен айналысасыз? Жоғары лауазымды қызметке шақырса барасыз ба?
– Әлем чемпионатында жаттықтырушы әрі спортшы ретінде қатыстым. Түсінгенім, спорттағы әріптестің бәрін сағындым. Олар да мені құрметтейді. Меніңше, спорттан кетсем де ауыр атлетика саласында жұмыс істеуім мүмкін. Себебі, өзім білетін сала. Орнымды табу үшін өмірімнің он екі жылын спортқа арнадым. Менен жақсы саясаткер шығады деп ойламаймын. Бірақ қандай салаға барсам да, оны оқып, толық меңгеруім керек. Ол оңай емес. Өйткені қандай қызмет атқарсаң да бастысы, не істеу керегіңді білуің және оны атқара алуың қажет. Егер қолыңнан келмесе, ол қызметте босқа отырудың керегі жоқ секілді.
Әрине, жеңіске қол жеткізгім келеді. Токио Олимпиадасында алтын алуға барынша күш саламын. Соған көмектесіп жатқан ұжым мен жаттықтырушыларыма ризамын. Мені қолдайтын елім, жаққындарым бар. Бірақ денсаулығыма байланысты қатыса алмасам, оны да хабардар етеміз. Дайындыққа үлгере алмай қалып, жарысқа қатысып, күш-жігерім таусылмағанын сезсем, спортты жалғастырамын. Бәрін уақыт көрсетеді.

Сұхбаттасқан Анар ҚОНЫС

Бөлісу:

Пікір жазу


*