NUROTANPIKIR: ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

587
10
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының мемлекеттік тілдегі #NurOtanPikir жаңа пікірталас алаңы өз жұмысын бастады. Тұсаукесер отырыста «Тәуел­сіздігіміздің рухани негіздері» тақырыбына ар­налып, онда елдіктің тіректері, ұлттық мәдениет пен руханияттың және мемлекеттік тілдің дамуы сияқты өзекті мәселелер талқы­ланды. Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов, саясаттанушы Айдос Сарым, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы және Гарвард университетінің түлегі, қоғам қайраткері Шыңғыс Мұқан қатысты. Отырысты ғалым, Халықаралық түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жолында бірқатар тың бастамаларды қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Соның нәтижесінде көптеген игі істер жүзеге асырылып жатыр. Партия тарапынан өзекті мәселелерді талқылап, олардың оң шешілуіне ықпалын тигізетін алаңдар қолға алына бастады. Қазірдің өзінде партияның #NurOtanTrends және #NurOtanTalks деген пікірталас алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Ол жерлерде негізінен экономикалық, саяси, әлеуметтік тақырыптар, стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдары, олардың тиімділігі сияқты өзекті мәселелер талқыланады.
Ал жұмысы жаңадан басталып жатқан #NurOtanPikir клубында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту, сол арқылы ұлттың санасын ояту, мемлекеттік тіл мен мәдениетімізді одан ары дамыту, тәуелсіздігімізді нығайту сияқты ұлттық мәселелер талқыланатын болады. Сол себепті де бұл алаңның жұмысы тек қазақ тілінде жүргізіледі. Сондай-ақ қазақтілді ортада жиі көтеріліп жүрген мәселелерге қоғамның назарын аудару да жаңа пікірталас алаңының негізгі міндеттері болып саналады.
Отырыста алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бұл бас­таманың мақсаты қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті рухани мә­селелерді заманауи форматта талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру екенін айтты. Сондай-ақ ол қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, бұл күннің ұлтымыз үшін маңыздылығын атап өтті.
– Біз бүгінгі заман форматында халқы­мыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, тәуелсіздігімізді нығайту мен ұлттық коды­мызды сақтап қалу сияқты маңызды мәсе­лелерді талқылау үшін осындай жобаны қолға алдық. Бұл бағытта «Нұр Отан» партиясы көп жұмыстар атқарып жатыр. Біз бұл мәсе­лелерді талқылап қана қоймай, нақты нәтиже беріп жатқан бірнеше жобаны жүзеге асыру­дамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары көтерілген мәселеге қатысты кейбір жайттарға тоқталып өтті. Еліміздің ең басты құндылығы егемен­дігіміз екенін айтқан ол Тәуелсіздік күнін мерекелеудің аясын кеңейту керектігіне назар аударды.
– Қазір көп жерде жаңа жылға дайындық жұмыстары басталып кеткені жасырын емес. Сауда орындары да жаңа жылға сай безенді­ріліп, түрлі акциялар ұйымдастырыла бастады. Сондай кезде біздің ең басты мейрамымыз – Тәуелсіздік күнінің көлеңкеде қалып қоятынын да аңғарып жүрміз. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру үшін сауда орталықтары мен жеке кәсіпкерлер ең ұлық мерекемізді тойлауға үлкен көңіл бөліп, сауда нүктелері мейрамға сай ұлттық негізде бе­зендіріліп, халық үшін жеңілдіктер қарас­тырылса деген ұсынысымыз да бар. Биыл алғаш рет қолға алынған бұл бастаманы ал­дағы уақытта кеңінен іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Осылайша тек мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын іс-шаралармен шектелмей, әр қазақстандық тәуелсіздік күнін тойлауға өзінің үлесін қосып жатса, бұл елдігіміздің рухани негізін қалыптастыруға өз септігін тигізер еді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Мұндай бастамалардың жастарға берер тәрбиелік мәні де зор екені сөзсіз. Осы ретте партия Төрағасының Бірінші орынбасары жастармен жұмыс істеуді күшейтіп, оларға тәуелсіздіктің мәні мен маңызын түсіндіріп, ұлтты, Отанды сүюге тәрбиелеу керектігін тілге тиек етті. Бүгінде осындай игі істер –пар­тия алдында тұрған үлкен мақсаттардың бірі.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев тәуел­сіздікті нығайту, сақтау, ұлттық мүддеге сай өз саясатымызды жүргізу, тарихи сананы жаң­ғырту, дұрыс құндылықтарды қалыптастыру сияқты маңызды мәселелерге назар аударды.
– Біз ұлттық құндылықтарымызды қалып­тастыруда дұрыс бағыттарды таңдай білуіміз керек. Сонымен бірге, бүкіл адамзатқа тән құндылықтарды да дамытуды қатар алып жүрген абзал. Мәселен адамгершілік, парасат­тылық, жауапкершілік сияқты өркениетті қоғамға бастайтын дүниелерді назардан тыс қалдыруға болмайды. Одан бөлек, Елбасы мақаласында айтылғандай, қазіргі заманға қажет прагматизмді қалыптастыруға да аса мән берген жөн. Бұл жерде дамыған елдердің озық тәжірибелерін үйрену, бәсекеге қабі­леттілікті арттыру, сананың ашықтығын қам­тамасыз ету сияқты құндылықтарды дамыту мәселесі сөз болып отыр. Егер сананың ашық­тығын қалыптастырмасақ, біз қазіргі заман көшіне ілесе алмаймыз. Осы жерде білімнің салтанат құруы, кітап оқуды жандандыру сияқты бастамаларға да басымдық беріп, тәуелсіздігімізді нығайтудың барлық шартын қарастыруға тиіспіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы алғанда бірінші кездесу Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында баяндалған стратегиялық мақ­саттарды іске асыру мүмкіндігіне арналды. Пікірталасқа қатысқан Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов өзекті мәселелерді қозғайтын осындай алаңның маңыздылығын атап өтті. Депутат қатысушыларды жастарға тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің маңыз­дылығын тереңірек түсіндіруге шақырды.
Тарихшы, саясаттанушы, «Қасиетті Қа­зақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бас­шысы Берік Әбдіғалиұлы бүгінгі заман жаста­рының қоғамдықтан гөрі жеке бастарының мүдделеріне қатты көңіл бөлетінін айтты. Ол тарихи сананы қалыптастыру, ішкі туризмді дамыту мен Қазақстанның киелі жерлерін қастерлеуді үйрету арқылы қалыптасқан ахуалды өзгерту қажет деп есептейді.
Саясаттанушы, қоғам қайраткері Айдос Сарым тарихқа өткен күндердің жылнамасы мен нақты атақты тұлғалардың өмірбаяны ар­қылы ғана қарамай, оны сананы қалып­тас­тыру­дағы мықты механизмге айналдыруды ұсынды.
Қоғам қайраткері, Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан болса жастардың арасында жұрттың бәріне түсінікті қарапайым тілде маңызды идеологиялық мәселелер төңірегінде ақпараттық жұмыс жүргізу керек екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, кез келген мемлекеттік және идеологияға жауапты қызметкер мақсатты аудитория үшін бүгінгі заман үлгісінде маңызды мәселелерді дұрыс жеткізе білуі тиіс.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет бас­шы­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалала­рының елімізді рухани жаңғыртудағы темірқазық нысана екенін айтты. «Рухани жаңғыру» шеңберінде жүзеге асырылған жобалар өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсетті. Ал жаңа мақала – рухани жаңғыру үдерісінің қисынды жалғасы.
Айта кетейік, #NurOtanPikir алаңының отырысы партияның жоғарыда аталған өзге де пікірталас клубтарының жиыны сияқты
Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирден көрсетілді.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның Басқарма төрағасы:

– Нұр Отан партиясы ұлттық құндылықтарды ұлықтау, мәдениетімізді дамыту жолында жаңа жобаларды қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келе жатқанын білеміз. Жаңа пікір алаңы да ұлт үшін ұтымды ұсыныстар айтатын, пайымды пікір мен ордалы ойдың орталығына айналады деп сенеміз. Бұл жобаның басты ерекшелігі – еркін форматтағы пікір алмасу. Пікірталас негізінен рухани және ұлттық санаға, мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениеттің дамуына ерекше серпін беруді көздеп отыр. Бұл ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын ерекше атап өткен жөн. Себебі, бұл екі мақала қоғамдық санаға үлкен серпін берді.
Жалпы пікірталас алаңының бірінші отырысында тәуелсіздік ұлттық санаға қалай әсер етті, Елбасы мақалаларының ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтауға және рухани жаңғыруымызға тигізген септігі қандай, рухани құндылықтардың бүгінгі даму барысы қай деңгейде деген сияқты мәсе­лелерді талқыладық. Өйткені қазір құнды­лықтар өзгеріп кеткендей күй кешетініміз жа­сырын емес. Сол себепті де Елбасының мақа­лалары дер кезінде жазылып, уақыттан ұтылмас үшін және жаһандануға жұтылмас үшін нақты не істеу керектігін айқындап берді. Осындай құндылықтарды дәріптейтін партияның бұл бастамасы мемлекеттік тілдің тұғырын нығайтуға, оның өрісін кеңейтуге мол мүмкіндік береді деп есептеймін.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:

– «Нұр Отан» партия­сының бұл жобасын қо­ғамдағы өзекті мәселе­лерді шешуге бағытталған тың бастама деп қабыл­даймын. Өйткені бұл жерде әртүрлі көзқарастағы азаматтар өз пікірін еркін білдіріп, тиімді ұсынысын жолдауға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл алаңға қоғам белсенділерімен бірге мемлекеттік органдар басшылары мен Парламент депутаттары да жүйелі түрде қатысып тұруы тиіс.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізді жаңғыртып, тарихи санамызды қалыптастыруға, сол арқылы жарқын болашаққа батыл қадам басуымызға жол ашып берді. Қазір осы бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны да баршаға мәлім. Сол ар­қылы азаматтардың ой-санасына жаңаша сілкініс әкеліп, тарихтан тағылым алуға, өткенді құрмет­теу­ге әсер еттік. Сондықтан осы істі әрі қарай жалғас­тырып, әлемдік қауымдастыққа тек саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан ғана емес, рухани сала бойынша да дамыған мемлекет ретінде танылуымызды қамтамасыз ететін бас­тамаларды қолға алуымыз керек. Тәуелсіздігімізді нығайту ісінде егемендіктің елең-алаң шағындағы қиын­дықтардан сүрінбей өткен сәттерді ұмытпай, сол кездегі қайраткерлердің табандылығын бү­гінгі жастарға үлгі ретінде дәріптеген жөн. Сол ар­қы­лы жас буын алдыңғы ағалардың ізін жалғап, елі­мізді бұдан да биік белестерге шығарады деп сенемін.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған тарихи сананы жаңғырту тікелей ұлы даламыздағы киелі жерлерге байланысты. Себебі, ұлан-ғайыр даламыздағы көне ескерткіштер мен мұралар сонау «Алтын адам» заманынан, тас, қола дәуірінен бастап бүгінге дейінгі біртұтас тарихымызды айшықтап тұр. Сондықтан Елбасының бастамасымен осы бағытта көптеген игі істер қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезеңде киелі жерлердің тізімін жасасақ, қазір осы тарихи құндылықтарымыздың мәні мен маңызын түсіну үшін тиісті жұмыстарды қолға алдық. Мұның барлығы бүгін көтеріліп отырған тақырыбымызда көрсетілгендей тәуелсіздігіміздің рухани негіздері болып саналады. Осы бастамалар – өзіміз жиі айтатын тәуелсіздікті сақтау, оның қадір-қасиетін сезіну деген сөздердің іс жүзіндегі көрінісі.
Кейде «біз тәуелсіздікті қалай алдық» деген сұраққа кейбіреулер «еш қиындықсыз, күрессіз» деп жауап беруі мүмкін. Бұл ата-бабаларымыздың осы жолда құрбан болып, жанын бергені, елін, жерін қорғап, күрескені тиісті деңгейде насихатталмай жатқанын білдіреді. Егер осы жұмыстар жүйелі жолға қойылса, жастар азаттықтың оңай келмегенін ұғар еді. Мәселен, XIX ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістер, өткен ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеті, ашаршылық кезіндегі сабыр мен төзіміміз, күні кешегі Желтоқсан көтерілісі сияқты тарихи жайттардың барлығы – ұлтымыздың намысын, санасын оятатын азаттық үшін болған күрестер. Өйткені сол кезде ата-бабаларымыз тәуелсіздікті аңсаған.
Елбасының мақаласында айтылғандай, біздің тарихымыздың көкжиегі кең. Сондықтан біз өзімізді сонау сақ дәуірінен бастап біздің жерімізде ту тіккен елдердің мұрагері ретінде көрсете білуіміз керек. Бұл ретте Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өтуді қалыпты жағдайға айналдырып, ерліктеріміз бен батырлығымызды кеңінен дәріптейтін нақты істерді жүзеге асырғанымыз абзал. Тәуелсіздік құндылығы дегеніміз – осы.
Жалпы, қазір халыққа рухани құндылықтан гөрі материалдық құндылықтар маңыздырақ болып отыр. Қазір сондай қоғам қалыптасып үлгерді. Барлығын материалдық құндылықпен өлшеу өте дұрыс емес. Арасында тепе-теңдік болу керек. Осыны ескеріп, Елбасы осындай керемет бағдарламаны қолға алып, рухани құндылықтарымызды жаңғыртатын басым бағыттарды анықтап берді. Ендігі міндет – соны сәтті жүзеге асыру.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Тарих пен тәуелсіздік – егіз ұғым. Францияның көрнекті қайраткері Жан Жорестің: «Бізге тарих күл ретінде емес, шоқ ретінде керек», – дейтін керемет сөзі бар. Шынымен, тарих бізге басымызға күл себу үшін емес, одан үлкен сабақ алу үшін қажет. Сондықтан тарихты мотивация беретін, тәуелсіздігімізді сақтап, тұтастығымызды қамтамасыз ететін құрал ретінде де қарау керек сияқты. Яғни, шоғымыз бізге қараңғыда жарық, суықта жылу беруі керек. Қазіргі таңда біздің қоғамның ең үлкен мәселесінің бірі бір-біріне қарама-қайшы келіп жататын ұғымдардың болуы. Елімізде қолға алынған «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламалар осыны табыстыру керек. Сондай-ақ бізді әлемдік үдерістердің субъектісіне айналдыратын ауқымды картиналар қажет. Ол үшін адамзатқа ортақ құндылықтарды ескеруге тиіспіз.
Сонымен бірге, өзіміздің осал тұсымызды дер кезінде анықтап, әлемдік үрдіске тез бейімделуіміз керек. Жаңа ғылыми жетістіктердің игілігін, тіпті жаһанның назарын аударған көркем шығарманың өзін әлем халқымен бірге көріп, бірге оқуды қамтамасыз етуді маңызы зор. Бұл жерде нақты зерттеулерді қолға алып, қоғамның сұраныстарын анықтап, теория мен практиканы қатар алып жүрудің берері мол.

Шыңғыс МҰҚАН,
Гарвард университетінің түлегі, қоғам қайраткері:

– Кез келген нәрсеге сол сәттің биігінен қарай білу ке­рек. Мәселен, қазір кейбір ағаларымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды көп айтады. Дұрыс шығар. Бірақ біз сияқты жастар ол кезде мектеп та­бал­дырығын енді ғана аттаған бала болдық. Сондық­тан өз басым ол қиындықтарды толық сезіне алмай­мын. Мен жоғарыда айтқанымдай, қазіргі кездің биі­­гінен қараймын. Яғни, сол кезде қиналдық деп шү­кір­­шілік етіп отыра бермей, бүгінгі жағдайымызды одан ары ілгерілетуді көздеймін. Осы тұрғыдан кел­ген­де, құндылық деген дүниені дұрыс түсініп, дұрыс қабылдай білуіміз керек сияқты.
Жалпы қазіргі таңда әлемде құндылықтарды төртке бөліп қарайды.
Олар – жеке бас құндылықтары, құрмет, қарым-қатынас құндылықтары, топтық, ұйымдық құндылықтар және қоғамдық құндылықтар. Міне, осы құндылықтарды басты назарда ұстап, тәуелсіздікті нығайту ісінде осындай жалпыға ортақ оқиғаларды өзара ұштастырып отыруымыз керек.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

10 пікір жазылған

  1. Ахмет 17 Желтоқсан, 2018 at 20:25 Жауап

    Лидирующяя партия страны в последние годы всегда готова к открытым мероприятиям, новым площадкам

  2. Самат 17 Желтоқсан, 2018 at 20:26 Жауап

    Я думаю партия и должна так работать. Сейчас население, особенно молодежь придерживается свободных форматов

  3. Айдар 17 Желтоқсан, 2018 at 20:30 Жауап

    Это показывает по телеканалу? Или как? Я бы поддержал прямой эфир в социальных сетях. Фейсбук, Инстаграм

  4. Тимур 17 Желтоқсан, 2018 at 20:31 Жауап

    Еліміздің бас партиясының тағы да бір жақсы бастамасы. Осындай ел ағаларымыздың әңгімелерін сүйіп тындаймын.

  5. Мурат 17 Желтоқсан, 2018 at 20:32 Жауап

    Нұр отан партиясының ашық алаңдары көп болды. Жарацсыздар. Жас отан да осындай бағытты бағындыруда.

  6. Абылай 17 Желтоқсан, 2018 at 20:32 Жауап

    Осы жасотандықтар өңірлер бойынша коворкинг орталықтарын ашуда. Не деген ашық жұмыс. Еркіндік

  7. Әлібек 17 Желтоқсан, 2018 at 20:33 Жауап

    Нұр отан партиясы биыл жақсы жұмыс жасап келеді деп есептеймін. Келесі жылы қандай жаңалықтар болады екен

Пікір жазу


*