ДАМУЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ

576
0
Бөлісу:

Тәуелсіздік дәуірінде өмірге араласқан жас ұрпақ өкілдері мей­лінше рухани еркіндік пен молшылыққа қарап, үнемі осы­лай болған екен деп ойлауы мүмкін. Алайда бүгінгі игіліктің ар­ғы жағында – тәуелсіздіктен бұрынғы өмірімізде қиян асу­­лар – жоқшылық пен қайшылықтың, қасаңдық пен кертарт­па­лықтың қысымынан өтіп, жақсылыққа жете алғанымызды да ұмытпағанымыз жөн.

Біздің бүгінгі өміріміздегі бар жақсылығымыз, тарихымызда бұрын-соңды болма­ған жетістіктеріміз бен толағай табыстарымыз мемлекеттік тәуелсіздігімізден бастау алады.
27 жыл деген әлі ұлы болашақ тарихтың ширек ғасырлық бастамасы ғана. Тәуелсіздік тұсында қол жеткізген игіліктер мен құндылықтар мүмкіндігін одан бұрын­ғы кезеңдермен салыс­тырып, өткен заманның шектеулі тұсындағы тұрмысымыздың си­патын салыстырып отыру әрі заңды, әрі жас ұрпақтың тәуелсіздікті қадірлеп, оны көзі­нің қарашығындай сақтап, отаншылдық рухын сезінуі үшін де қажет деп ойлаймын.
Тәуелсіздік тұсындағы жиырма жылымызда одан бұрынғы екі жүз, үш жүз жыл бұрын ата-бабаларымыз армандап қол жеткізе алмай кеткен, ел мен жердің азаттығы үшін басын қауіп-қатерге тіккен, әділетсіздік пен озбырлық, қысым көрген заман­дарды табандылықпен еңсеріп, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі бола алдық. Қазақ деген ұлтты әлем таныды, мойындады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірі, ұсынысымен ең дамыған, ең қуатты елдердің басшылары, беделді халықаралық ұйымдар санасатын болды. Президентімізді құрметтеу арқылы халқымызды, ұлтымызды сыйлайтын болды. Мұндай жағдай, сөз жоқ, қандай ел, мемлекет үшін де маңызды. Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық беделі жаңа ұғым, жаңа көрсеткіш – ұлтымыздың жаңа келбеті болды.
Тәуелсіздік мерекесі – барлық мереке, мейрамның бастауы, қайнар көзі. Төл мере­кеміз әр азаматқа, әр отбасына құтты болсын! Көңіліміз жарқын, рухымыз қуатты болсын!

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі

Бөлісу:

Пікір жазу


*