Емдеу мекемелеріне 77,1 миллиард теңге төленді

283
0
Бөлісу:

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  жыл басында емдеу мекемелерімен Тегін медициналық пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар жасаған болатын. Осы келісімшарттар негізінде жыл басынан бері емдеу мекемелері халыққа тегін медициналық қызмет көрсетті. Көрсетілген қызмет ақысын Медициналық сақтандыру қоры төлейді.

«Елордада медициналық қызметтерді сатып алудың жоспарланған сомасы – 88, 8 миллиард теңге. 11 желтоқсандағы мәлімет бойынша, жыл басынан бері келісімшарт жасалған жеткізуші компанияларға 77,1 миллиард теңгеге жуық қаражат төленді. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде жасалған келісімшарт сомасының 87 пайызын құрайды», – деді ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Төлемдердің басым бөлігі стационарлық және стационарды алмастыратын көмекке (25,6 млрд теңге), жоғары технологиялық медициналық қызметтер (20,7 млрд теңге) үшін, сондай-ақ, амбулаторлық-емханалық көмек көрсету (10,4 млрд теңге) үшін төленді.

Қазіргі таңда Астана қалалық филиалының медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде 85 мекеме бар, олармен стационарлық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, жедел жәрдем, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және тағы басқа қызмет түрлері бойынша 122 келісім шарт жасалған. Жеткізушілер тізіміндегі 36 медициналық ұйым – мемлекеттік, ал 49-ы  – жекеменшік. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік емханалардың саны тағы 13-ке артты (Астаналық жеткізушілердің толық тізімі Қордың fms.kz сайтында орналасқан).

«ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Кабдықапаровтың айтуынша, медициналық ұйымдарға ақы төлеу кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың операциялық шығындарын өтеуге, оның ішінде қызметкерлердің жалақысын төлеуге жеткілікті.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

Пікір жазу


*