ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНІҢ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

831
0
Бөлісу:

Еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 20 жылдығына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиын барысында қатысушылар 20 жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстарға көз жүгіртіп, сын-тегеуріндер мен жүйенің даму келешегін талқыға салды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бастамасымен іске асқан форум-кеңеске қор қызметкерлері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері, сондай-ақ кәсіподақтар, кәсіпкерлер палатасы мен аталған жүйенің бастауында тұрған тұлғалар, жетекші сарапшылар, саясаттанушылар, экономистер, БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер және салымшылар (алушылар) қатысты.

Қатысушылар дөңгелек үстел бары­сын­да БЖЗҚ-ны құрудың артық­шылығы мен кемшін тұстарын, зейнет­ақы жоспар­лау мәдениетін қалыптас­тыру мәселесін сөз қылды. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді де жүйеге тарту жағ­дайы қаралды. «БЖЗҚ» АҚ басқарма төр­а­йымы Нұрбибі Наурызбаеваның айту­ынша, қазіргі кезде зейнетақы жүйесі жемісті жұмыс істеп жатыр.
– 2018 жылдың 1 желтоқсаны қарса­ңында қорда салымшылар мен алушы­лар­дың 10 миллионнан астам жеке зей­нетақы шоттары ашылған. Ол шот­тарда 9,1 трлн теңге сомасында қаражат жинақталған. Жүйе іске қосылғаннан бе­рі зейнетақы жар­насы ретінде 6,6 трлн теңге аудары­лыпты. Ал төлемдер мен сақтандыру ұйым­дарына ауда­рыл­ған жинақтардың жалпы көлемі 1,2 трлн тең­гені құрады, – деді басқарма төрайымы.


Зейнетақы жүйесіндегі барлық қара­жаттық және ақпараттық ағынның бі­рың­ғай операторы болып отырған БЖЗҚ – қызмет сапасын көтеруге, зей­­нетақы актив­терін дұрыс есептеуге, са­лымшыларға ұйымдастырушылық қыз­мет көрсетуге баса көңіл бөлуде. Қор­дың негізгі страте­гиялық міндеті – көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Де­генмен сын-қатерлер де жоқ емес. Мы­салы, ерікті зейнетақы жарналары елімізде әлі жеткілікті дамымаған. Сол жарналар арқылы зейнетақы жинақтарының көлемін елеулі түрде арттыруға болады. Бұл ретте халықты ерікті зейнетақы жоспарларына тартудың негізгі шарт­тарын атауға болады. Олар –же­ңіл­детілген салық салу, ерікті зей­нетақы жинақтары бойынша тартымды жағ­дайлар жасау, жұмыс беруші немесе мемлекет тарапынан бірлесіп қаржы­лан­дыру, халықтың хабардарлығын арт­­тыру. Сонымен қатар зейнетақы ак­тив­терін тиімді басқару да маңызды мә­­селе екені даусыз. Бұл жұмыс – ­тіке­­лей Ұлттық банк­тің мойнындағы шаруа.
Зейнетке шығу барысында инфля­ция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнет­ақы жарналарының нақты енгізілген мөл­шерінде сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Ұлттық банк 2016 жыл­дан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвес­тициялық декларациясын жа­ңартып, активтерді басқару сапасын арттыра алды. Зейнетақы активтері инвес­тициялануы мүмкін деген қаржы құрал­дарының мінездемелері нақ­тыланды. Бұл ретте қаражатты басқару тиімділігін арт­тыру, инвестициялау бағыты мен қаржы құралдарының түрлерін айқындау – 2016 жылдан бастап, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген. Соның арқасында зейнетақы активтерін басқару сапасы едәуір артты. Сәйкесінше, зей­нет­ақы активтерінің табыстылығы инф­ля­ция деңгейінен жоғары болып жатыр. Бұл қазақстандықтардың зейнет­ақы жинақ­тарының көлемін, сәйкесінше қордан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлше­рін арттыруға септігін тигізуде. Мәселен, 2006 және 2009 жылдарды қос­пағанда 2003-2013 жылдар аралы­ғында жеке қор­лардағы зейнетақы актив­терінің орташа табыстылығы инфляция деңге­йі­нен төмен болған. Сондықтан қазіргі көр­сет­кіш алға жылжудың бар екенін байқатады.
Бүгінде халықтың БЖЗҚ-ға деген сені­мі жоғарылап келе жатыр. Қор халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейі мен қаржылық сауатты­лығын айқандау мақсатында тұрғын­дармен тиісті кері бай­ланыс орнатып, тәуелсіз компаниялармен бірлесіп жыл сайын сайын әлеуметтік са­уалнама жүргізіп отырады. Соңғы жүргі­зіл­ген сауалнама нәтижесі бойынша ха­лық­­тың зейнетақы жүйесіне деген сенімі 10 бал­дың 5,9 балын көрсеткен. Әсіресе, ауыл тұрғындары мен мемлекеттік қызмет­кер­лер жүйеге мейлінше се­не­тінін раста­ған. Сауалнамаға жауап бер­гендердің 58 пайызы Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы хабардар болса, 25 пайызының жүйе туралы білім өте жо­ғары екені анық­талған. Тұрғындардың 61 пайызы «зейнет жасында қаржылық әл-ауқат негізі – зейнетақы жинақтары» деген пікірді құптаса, 50,4 пайызы бо­лашақ зейнетақыға өздері жауапты бола­тындығын түсінеді. БЖЗҚ бұл көрсет­кіштерді арттыра түсу үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда тұрақты негізде көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізуде. 2017-2018 жылдары барлығы 40 мыңға жуық танысты­рылымдық шара өткізілді. Оған 1,2 млн адам немесе жұмыспен қам­тылған халықтың 14 пайызы қатысты. Тұр­ғындар арасында зейнетақыны жос­парлау мәдениетін қалыптастыру және олардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында 2018 жылдан бері зейнетақыны жоспарлау бойынша дербес кеңес беру қызметі де іске қо­сылды. Онда зейнетақы калькулято­рының көмегімен зейнетақы жарна­ларын аударудың артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Күні бүгінге дейін жарты миллионға жуық адам қызығушылық танытып, дербес кеңес алды. Бұл сандар халықтың зейнетақы капи­талын қалыптастыру мәселелеріне ерек­ше қызы­ғушылық танытып жатқанын растайды.
Жалпы, дөңгелек үстел барысында түрлі бағыттағы ой-пікірлер еркін ай­тылып, оның негізінде тиісті шешімдер қабыл­да­натын болды. Кездесу қоры­тындысы бойынша қатысушылар Қа­зақ­станның бұдан 20 жыл бұрын зей­нетақы реформасын жүргізуі қоғам және экономика үшін ма­ңызды қадам болғанын атап өтті. Сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан ары дамыту қажеттілігі айтылды. Жү­йе­нің табыстылығы көп жағдайда елдегі экономикалық ахуалға тәуелді екендігі бел­гілі. Өйткені экономиканың нақты са­ла­ларының өсуі еңбек өнімділігі мен ха­лық табысының артуына септігін тигізеді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*