Каспийдің «құжаты» қаралады

459
0
Бөлісу:

Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің бюро отырысы өтті. Онда депутаттардың келесі аптадағы жалпы отырысының жобасы қалыптастырылды. Оған сәйкес, алдағы жиында палатаға бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялайтын заң жобаларының топтамасын қарау ұсынылмақ.

Бұл қатарда «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Кон­венцияны ратификациялау ту­ралы» заң жобасы бар. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын бұл тарихи құжатқа 2018 жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында, бесінші Каспий сам­миті аясында Қазақстан, Әзір­байжан, Иран, Ресей және Түрік­менстан президенттері қол қойды. Конвенция теңіз жағалауындағы бес елдің Каспийді, соның ішінде оның суын, түбін, қойнауын, та­биғи ресурстарын және теңіз үстіндегі ауа кеңістігін пайдалану бойынша құқықтары мен міндет­темелерін анықтайды және рет­тейді. Бұдан басқа депуттар на­зарына 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгеріс енгізу ту­ралы хаттаманы ратификация­лайтын заңнамалық құжат ұсы­нылмақ. Бұл тарихи шартқа өз­ге­ріс енгізу одақ мүшесі болып та­былатын Армениядағы конс­титуциялық өзгерістерге бай­ла­нысты. Бұған қоса, Мәжіліс «Еу­разиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халық­аралық ұйымдармен немесе ха­лықаралық интеграциялық бір­лестіктермен халықаралық шарт­­тары туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заң жобасын талқылайды деп күтілуде.
Келісім ЕАЭО-ға кірмейтін өзге елдермен халықаралық ке­лісім жасау, олардың қолданысын тоқтата тұру немесе мүлдем тоқ­тату тәртібін бекітеді. Сонымен бірге, келіссөз жүргізуші делега­ция­лар жұмысының тәртібі, бас­шысының өкілеттігі, сондай-ақ келіссөз ұстанымдарынан тұратын және үшінші тарапқа берілетін құжаттардың жобаларын одаққа мүше мемлекеттермен міндетті түрде келісу міндеті айқындалады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*