Ақша. Кредит. Саясат

748
0
Бөлісу:

Қаржылық реттеуші жаңа жылдағы басты нысанасын белгіледі. Ұлттық банк басқармасы Қазақстанның ақша-кредит саясатының 2019 жылға арналған негізгі бағыттарын мақұлдады. Құжатта инфляцияның қай дәлізге «қамалуға» тиістігі, валютаның айырбас бағамының қалаулы деңгейі, жағдайы жақсы банктерді одан сайын жақсарта түсу қамы, сондай-ақ базалық мөлшерлеме, стерилизация, валюталық своп және басқа да қаржыгерлер құныға, қызыға қадағалайтын жайттар айқындалады.

«Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты – Қазақстанда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету» деп, Доңыз жылындағы басты мұратын жария етті Данияр Ақышевтің ұжымы.
ҰБ-ға инфляциясы тұрақ­ты түрде төмен болатын макроэ­коно­ми­калық орта құру жүктелген. Сондықтан инфляциясыздандыру стратегиясы (дезинфляционная стратегия) шеңберінде инфляция бойынша нысаналы бағдарларды 2020 жылға қарай төмендету және нақты инфляцияны 4%-дан төмен деңгейде бекіту траекториясы белгі­леніп отыр. Осы жолда Ұлт­тық банк 2019 жыл үшін инфля­цияның нысаналы дәлізін 4-6%-ға дейін бір пайыздық тармаққа азайтты.
Жалпы, төмен инфляция қара­пайым бұқараға нендей игілік әкелмек? Бұл «жетімбұрыш» жаға­ла­ған жұртшылықтың түйткілді мәселесін шешуге ықпал етпек. Мәселен, Ұлттық банктің енші­лес кәсіп­орны – «Баспана» ипоте­ка­лық ұйымы өзінің «Баспана хит» бағдарламасы аясында халыққа жеңілдетілген ипотека беруде. Басты айырмашылығы сол – «Баспана хит» адамдарға жаңадан салынған үйді де, соны­мен қатар қолданыста бол­ған, қайталама нарықтағы үйді де иеленуге мүмкіндік береді. Ал «7–20–25» бойынша тек құрылыс компаниясы мен оның сатушы ұйымы өткізетін жаңа тұрғын үйге ғана кредит берілетіні мәлім.
Бірақ «Баспана хит» Ұлттық банктің базалық ставкасына тікелей тәуелді. Мәселен, қазір бұл ставка 9,25%-ды құрайды. Соған «Баспана» ұйымы өзінің 1,75%-дық үстемесін қосқанда, түпкі тұтынушы үшін ипотеканың ақырғы сыйақысы 11%-ға шығын­дай­ды.
Бұл ретте базалық ставка инфляцияға тәуелді екені мәлім. Тиісінше, егер инфляция 4 пайыз­дан азға дейін төмендесе, ақыр соңында әлгі ставка да құлдырап, ипотека да әлдеқайда арзандамақ.
Қазақстанның қаржылық реттеушісі алдағы 2019 жылы осы базалық ставканы 8 рет қайта қарайтынын хабарлады.
«Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер мына кестеге сәйкес 8 рет қабылданады: 14 қаңтарда, 4 наурызда, 15 сәуірде, 3 маусымда, 15 шілдеде, 9 қыркүйек­те, 28 қазанда және 3 желтоқсанда. Базалық ставка жөніндегі әрбір шешім Астана уақыты бойын­ша 17.00-де жарияланатын болады. 2019 жылы 4 наурызда, 3 маусымда, 9 қыркүйекте, 9 желтоқсанда қабылданған база­лық мөлшерлеме жөніндегі төрт шешім талдау және болжау жүйесі шеңберіндегі болжамдық раундтардың нәтижесіне сүйен­бек» делінген құжатта.
Рас, сарапшылар әлемдегі қазіргі күрделі ахуал кесірінен бұл қайта қараулар кезінде базалық мөл­шерлеме төмендемей, кері­сінше, ұлғайтылуы мүмкін­ді­гін ескертеді. Мысалға, инфляцияның күтілгенге қарағанда, неғұрлым жоғары қарқынмен бәсеңдеуі арқасында Ұлттық банк биыл базалық ставканы жыл басындағы 10,25%-дан маусымда 9%-ға дейін біртіндеп төмендетті.
Алайда тамыздан бастап, АҚШ пен бірқатар елдер ара­сын­дағы халықаралық сауда қақ­ты­ғыстарының, сонымен бірге, АҚШ-тың әлемдік эконо­микалық өсуге тежеуші ықпал еткен санк­цияларының салдарынан жа­һан­дық нарықтағы ах­уал нашар­лап кетті. Бұған қоса, долларды шы­ға­ратын аме­ри­ка­лық құрылым – Федералдық ре­зерв жүйесі (Fede­ral Reserve System, Құра­ма штат­тар­дың орталық бан­кі) базалық став­касын көтерді де, инвесторлар үшін аме­рикалық актив­тер­дің тартымдылығы еселеп артты. Осы­ған орай елімізден капитал­дың кері ағып кете бастауына тоспа құру және теңгенің күрт құнсыздануына жол бермеу үшін Қазақстанның Ұлттық банкі биылғы қазанда базалық мөл­шер­лемені 9,25%-ға дейін көтерді.
Данияр Ақышев жаһанның жарқын келешегін көмескі ететін алпауыттар арасындағы текетірестер ахуалында амалсыз­дан ұлттық валютаны құлдыраудан құтқаруға мәжбүр болғанын мойындайды.
«Ресейге қатысты санкциялар­дың қатаңдатылуы туралы жаңалықтар аясында тамызда және қыркүйекте Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуі және соның салдарынан теңгенің де айырбастау бағамына қысымның күшеюі байқалды. Нәтижесінде, шетелдік валютаға деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы балансты қалпына келтіру үшін Ұлттық банк 2017 жылғы қазаннан бері алғаш рет, 2018 жылғы қыркүйекте 520,6 миллион доллар көлемінде ішкі валюта нарығында интервенция жүргізді. Бұл интервенциялар теңгенің айырбастау бағамын күшейткен жоқ, бірақ теңге­нің іргелі факторлармен негіздел­ме­ген әлсіреуіне алып келетін теріс фонды төмендетті» дейді қаржылық реттеуші.
Мұндай жағдайдың келесі жылы да қайталанбасына еш кепіл жоқ. ҰБ қолайсыз күйзелістердің ықпалымен тәуекелдер күшейген жағдайда әлдеқайда қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуге дайын екенін нықтады.
Бірақ, Данияр Ақышев тең­ге­нің бағамы мемлекет тара­пы­нан қатаң бекітілетін бұрынғы тәжіри­бе келмеске кеткенін, оған оралмай­тын­дарын айтады.
«Валютаның айырбастау баға­мы 2019 жылы еркін айналым (свобод­ное плавание) қағидатына сәйкес қалыптастырылатын бола­ды. Бұл ретте валюталық нарыққа араласу – инфляциялық таргеттеу қағидаттарына қайшы емес. Айырбастау бағамының елеулі әрі тұрақсыздандыратын құбылуларын жою үшін Ұлттық банк валюталық өктемдік-интер­вен­­циялар жүргізу құқығын өзіне қалдырады. Бұл шаралар тек теріс салдарды жұмсарту үшін ғана қолданылады. Ондай жағдайда Ұлттық банк мемлекеттің алтын-валю­талық резервтері есебі­нен ішкі валюта нарығында опера­ция­лар жүргізуінің себептеріне түсініктеме береді әрі жүргізіл­ген операциялардың көле­мін жариялайды» деп уәде етті қаржылық реттеуші.
Ақша-кредит саясаты аясында келер жылы Батыс­тың валютасына бізде тыйым салынбайды, бірақ доллардың кей сала­­ларда адымы шекте­ліп, аяғы тұсалмақ. «Ел ішіндегі есеп айырысуларда, баға қа­лып­тастыруда шетел валю­тасын пайдалану өрісін тарыл­ту жалғастырылады. Сон­дай-ақ сауда бойынша басқа әріп­тес елдердің орталық банк­те­рі­мен бірге, халықаралық опе­ра­цияларда өзіміздің төл ұлт­тық валюталарымызды пайда­ла­нуға көшу бойынша жұмыс жалғасады».
ҰБ 2019 жылы да банктердің дамуына баса мән беретінін атап өтеді. Осы орайда төлемқабілетті банктерге қарыз беру, кепілмен қамтамасыз етуді кеңейту шара­ла­ры іске асырылмақ.
– Қаржы секторын тұрақтан­ды­ру – экономикалық өсімді ынталандырудың маңызды бір шарты. 2017-2018 жылдары Қазақ­стан Республикасы банк секторының қаржылық орнық­ты­лығын арттыру бағдарламасы іске асырылды: ол банк секторын төлем жасауға қабілетсіз банктер­ден тазартуға, активтердің сапа­сын арттыруға, сондай-ақ кре­диттік белсенділіктің өсуі үшін болашаққа әлеует жасауға мүм­кін­дік берді. 2019 жылы Ұлттық банк жаңа қадағалау практика-
сын – тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізеді. Бұл тәсіл Еуро­па­­лық одақ елдерінің, АҚШ-тың, ЕАЭО-ның (Ресей мен Бела­рус­тың) халықаралық тәжірибесін ескере отырып іске асырылады. Банк секторын сауықтыру, оны реттеу мен қадағалаудың жаңа тәсілдерін енгізу банк салымшылары үшін тәуекелді айтарлықтай төмендетуге тиіс, – делінген ақша-кре­дит сая­са­ты туралы құжатта.
Алдағы жылы қаржылық сек­торды біраз жаңалықтар күтеді.
Атап айтқанда, 2019 жылғы қаңтардан бастап «Қазақстан қор биржасында» (KASE) бір жыл­дық мерзімді «валюталық своп» іске қосылады. Жаңа құ­рал «банктерге 1 жылға дейінгі мерзімге қаражат тартуға және валюталық тәуекелдерді хеджир­леуге мүмкіндік береді».
Мұның сыртында Ұлттық банк тәуелсіздіктің өткен кезеңінде белсенді қолданылып келген «Жеті күндік қысқамерзімді нота­­лар шығару» тәжірибесін тоқтатады. Нота дегеніміз – қаржы­герлер тілінде құжатсыз, элек­трон­ды түрде айналымда болатын мемлекеттік дисконталған құнды қағаз. Олар бұдан былай ең қыс­қа дегенде 1, 3, 6 және 12 ай айна­лыс мерзімімен шыға­рыл­мақ. Ал қазіргі 7 күндік қысқа­мер­зімді ноталар эмиссиясы орны­на «депозиттік аукциондар» енгізіледі.
Бұдан өзге, Ұлттық банк 2019 жылы «Қазақстан қор бир­жа­сы» АҚ-ында ақша және валю­та нары­ғы­ның алаңы жабы­ла­ты­нын мәлім етті. Осыған орай, ҰБ тұ­рақ­ты қолжетім­ді­лік­тің қосымша опе­­рацияларын (депозиттер, репо, своп) жүргізуге болатын арнайы жаңа алаң құру мәселесін қарас­ты­руда. Ол алаңдағы опе­ра­­циялар тек банктер мен ҰБ арасында ғана жүргізілетін болады.
Қалай болғанда да, қаржы саласы келесі жылы еш іш пыс­тыр­май, өзгерістер және құбы­лу­лармен елді ұдайы елеңдетіп оты­ратын түрі бар.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*