«Астана» серб маманын бас бапкер етуі мүмкін

463
0
Бөлісу:

Елордалық «Астана» клубы жаңа маусым қарсаңында сербиялық Ненад Лалатович есімді маманмен келісімшарт жасауы мүмкін. Аталған маман қазіргі таңда сербиялық «Раднички» командасын жаттықтырады.

40 жастағы Лалатовичтен белорусиялық «Динамо» клубы да үмітті екен. Олар серб маманын клубқа әкелу арқылы ел чемпионатындағы БАТЭ-ның қарқынына тосқауыл қойғысы келеді. БАТЭ қазіргі таңда ел чемпионатын қатарынан 15 рет ұтып, өзге ұжымдарды шаңына ілестірмей келе жатыр.

Сондай-ақ «Радничкидің» өзі де Лалатовичті сақтап қалғысы келеді. Бұл ретте олар Ненадқа жаңа келісімшарт ұсынбақ. Оның баптауымен команда 50 ұпаймен ел чемпионатында екінші орында келе жатыр. Бірінші орындағы «Црвена Звездамен» араны 9 ұпай бөліп тұр.

Лалатович бірқатар еуропалық командаларда ойнаған. «Црвена Звезда», «Раднички», «Вольсфсбург» командаларының намысын қорғаған. Ол футболшылық мансабын 29 жасында 2006 жылы аяқтады. Бапкер ретінде сербиялық «Чукарички», «Црвена Звезда», «Борац», «Напредак» командаларында жұмыс істеген.

Еске салсақ, жыл басында «Астанаға» Григорий Бабаян бас бапкер болып тағайындалды. Ұзақ жыл бойы командада бас бапкердің көмекшісі болып істеген Бабаян маусым айында Роман Григорчук келгеннен кейін қайтадан ассистентік қызметіне оралған. Алайда Григорчук командадан уақытша кетіп, Бабаян қайта бас бапкерлікке келді. Оның баптауымен «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алды.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*