АЛМАТЫ АСҚАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

417
0
Бөлісу:

Мұхтар Әуезов театрында көрнекті жазушы, драматург, әдебиет сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқар Сүлейменовті еске алу шарасы өтті. Шара барысында жазушы шығармашылығынан хабар беретін арнайы көрме ұйымдастырылып, одан кейін баспасөз конференциясы болып, Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев сынды театр тарландары естеліктерімен бөлісті. Ал кеште жазушының «Адасқақ» циклі бойынша сахналанған «Біржанның соңғы әні» спектаклі қойылды. 

Биыл – танымал жазушының 80 жыл­дығы. 1938 жылы 29 желтоқсанда Түркістан өңірінде дүниеге келген Асқар жастайынан әдебиетке араласып, өзінің дара таланты мен еселі еңбегін айшықтап көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Оның шығармалары айтар ой, берер тағылым тұрғысынан көп замандасынан дараланып, қалың оқырманның сүйікті жазушысына айналды. Театр сахнасында да талай туындысы көрерменге жол тартты. Ол туралы естелік айтқан жандар «Ас­қардың таланты сан қырлы еді. Ол өнердің барлық саласынан хабардар болатын» деп бастайды. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. XX ға­сырдың екінші жартысында қазақ жас­тары Асқарға еліктеді, жас жазу­шылар Асқардай бауырын жазып көсілгісі келді. Оны көпке үлгі қылған – бір бойына жинақтаған сан түрлі қасиеті екені даусыз.
Жазушының шығармашылығы дегенде проза, драматургия және сынды көп айтамыз. Шын мәнінде Сүлейменов кино саласында жемісті еңбек етті. «Қазақфильм» киносту­­дия­сында оның сценрийімен «Адам­дар мен арғымақтар», «Құлагер» фильмдері таспаланды. Сондай-ақ «Қыз Жібек» киносында да редак­торлық қызмет атқарды. Ал Әуезов театрында әдебиет бөлімінің мең­герушісі болған жылдары ұлттық классиканың жаңаша тыныс алуына жалықпай үлес қосты.
– Әлемдік әдеби үдерісте жаңашыл­дық белең алып тұрған сәтте біздің Асқар Сүлейменов өзінің шығармала­рымен қазақ сөз өнерінің биіктігін та­нытты. Айрықша даралап айтаты­ны – оның ұлттық рухты көтеретін туындылары. Әсіресе, «Бесін» деген атаумен шыққан кітабындағы «Бе­сатар» повесі бүкіл қазақ прозасының жаңа бір мүмкіндігін көрсетіп берген еді. Шығармаларында ұлы даланы, туған жерді, топырақты сүйетін кейіпкерлерді айшықтап көрсетеді. Алайда ол өзінің бар мүмкіндігін паш ете алмады. Кеңестік кезеңнің шектеулі шеңберінде жүріп көпмағыналы, көпастарлы ойлармен жеткізу арқылы әрекет етті. Сүлейменов шығарма­шы­лығына қатысты арнайы талдаулар, зерттеулер жасалып жатыр. Бағыбек Құндақбаев, Әлия Бөпежанова оның дүниелерін зерттеп, зерделеп, оқырманға тың мақалалар ұсынды. Жазушы туындылары әлі талай жаң­ғырады деп ойлаймын. Оның шығар­маларындағы этикалық баяндаулар, диалогтар, монологтарында да халық даналығындағы шешендік сөздердің түйдек-түйдегі төгіліп тұрады. Сол жағынан алғанда біз Асқар Сүлейме­нов­ті әрі суреткер, әрі ойшыл қаламгер деп жоғары бағалай аламыз, – дейді әдебиеттанушы ғалым Темірхан Тебегенов.
Қаламгердің «Төр тақта-жайна­маз», «Жетінші палата», «Қыздай же­сір – штат қысқарту» атты драмалық туын­дылары Әуезов театрында сах­наланды. Бұл туындылар зор құрметке, ерекше қошеметке, ыстық ықыласқа ие болды. Театрда Сүлейменов пье­саларын бірінші болып оқып, талдап, кейін өзара ақылдаса отырып сахна­лық нұсқасын дайындаған – белгілі ре­жиссер Әубәкір Рахимов. Әубәкір ағадан Асқар Сүлейменовпен алғашқы таныстық, кейінгі шығармашылық қатынас жайын сұраған едік.
– Асекеңнің пьесаларындағы айтар ойы өте терең. Мағыналы. Осы тұрғы­дан алғанда онымен тығыз шығарма­шылық байланыста жұмыс істегенімді мақтан етемін. 1978 жылдан бері та­нимын. Ол кезде театрда әдебиет бө­лімінің меңгерушісі еді. Үнемі клас­си­калық музыкаларды тыңдап отыратын. Қасынан өтіп бара жатыр едім: «Әу­бәкір Сыдықұлы, сіз кіріп кетіңізші» деді. Кіріп, амандастық. Мені қызметке келуіммен құттықтағаннан кейін «Кек» пьесасын беріп, «оқы» деп айтты. «Худ­совет оқыды ма?» деп едім, «Худсовет оқыды, бірақ түк түсінген жоқ» деді. Содан оқып, ертесіне барып, талдап бердім. Содан бастап екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, көз­қа­расымыз үндесе бастады. Пікіріңе риза болса, қолыңды алып маңдайына ба­сатын. Сол сәтте маған да сондай иша­рат жасады. Сол уақыттан бастап біздің достық-әріптестік байланысымыз берік орнады, – деді режиссер.
54 жыл ғұмырында «Бесін», «Адас­қақ», «Бесатар» прозалық жинақтарын, «Кек» атауымен драмалық жинағын ұсынды. Одан бөлек жазушының «Бол­мыспен бетпе-бет» сыни-эстетикалық туындылары топтасқан кітабы да жарық көрді. Ал көркем әдебиет тұрғысында келелі ой айтқан «Түр туралы бірер сөз» мақаласы әдеби ор­тада үлкен резонанс туғызып, сан түрлі талқының бастау алуына себепкер болған еді.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*