АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗБАЙДЫ

542
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының халықаралық беделі өте жоғары. Елбасының тікелей түртпек жасауының арқасында Қазақстан ЮНЕСКО-ның  жұмысына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысты. 2018 жылғы 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында осы ұйымның 13-сессиясы өткен болатын. ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мен ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдік қызметкерлері «Қорқыт ата мұрасы: эпос мәдениеті, халықтың аңыз әңгімелері мен әуендері» номинациясын Қазақстан, Әзірбайжан мен Түркия мемлекеттерімен бірлесе әзірлеп, ұсынған еді. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралардың репрезентативтік  тізіміне «Қазақ атбегілерінің көктемгі дәстүрлері» де енгізілді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көр­сеткеніндей, Қазақстан – адам баласы жылқыны алғаш қолға үйреткен өңір. Бұған біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықтағы Ботай мәдениеті айқын дәлел. Қазақстан материалдық емес ұлттық мұраны қорғау жөніндегі кон­вен­цияны ратификациялаған 2011 жылдан бері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар репрезентативтік тізіміне 7 номинация ұсынды: «Домбырада күй орындау» (2014 жыл), «Қазақ күресі» (2016 жыл), Қырғызстанмен бірлесе «Киіз үйді құру» номинациясы (2014 жыл) және «Айтыс/Айтыш өнері» (2015 жыл). ЮНЕСКО бұған дейін айтыс пен қазақ күресін, Орталық Азия мен шығыс халықтары тойлайтын Наурыз мерекесін материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізген. Былтыр қазақтың ұлттық дәстүрлі асық ойыны ЮНЕСКО қорғауындағы материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген болатын.
2005 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мырза Сейіт Кенжеахметов, Жомарт Сабыржанұлы және мені шақырып алып асық ату ойынының ережесін түзуді тапсырды. Республика мектептерінде асық атудан жарыс өткізу ниеті бар екенін жеткізді. Бұған менің «Егеменде» жарияланған «Тутан­хамонның асығы» атты мақалам себеп болыпты. «Асық ату» федерациясының атқарушы ди­ректоры Жомарт Сабыржанұлы сол уақыттан бері ұлттық ойынымыздың мәртебесін ұлықтауға мықтап кірісті. Осы кісінің табанды іс-әрекетінің арқасында Ұлттық спорт түрлерінің қатарына асық ату ойыны да қосылды. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстанда бүгінде алты мыңнан он мыңға дейін адам асық ойнайды. Қазір елімізде ұлттық спорт түрлері бойынша 7 маман­дан­дырылған клуб және 9 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді. Соның ішінде асық ату ойыны мектептері де бар.
Асық ату ойыны ЮНЕСКО елдері бойынша балалық шақтың ұлттық символы ретінде тіркелді. Бұл ойын жас талғамайды: еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін ойнай береді. Қазіргі таңда халықаралық және республикалық турнирлер дәстүрлі түрде өткізіле бастады. Федерация «Алтын сақа» турнирін тұрақты ұйымдастырып келеді.
Асық ату балаларды жіті қимылға үйретеді, есеп-қисапқа жүйрік етеді, көз жанарын же­тілдіреді. Федерацияның атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы: «Қазір әлем жұртшылығы біздің асығымызды мойындап жатыр. Оның керек екенін, оның болашағы зор екенін сезіне бастады. Біз ұлттық ойынымызды дамытып, телеарна мен телефонға телмірген балала­рымызды ашық аспан астына ойнауға алып шы­ғуымыз қажет. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстам­дылыққа және байсалдылыққа тәрбиелейді. Ойынның негізгі мақсаты – мергендікті дамыту. Мергендік – қазақтың қанына сіңген қасиет», – дейді.
Халқымыз «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар» деп мәтелдеген. Асық ойнаған азбайды екен! Алдағы уақытта бүкіл әлем асық ойнаса таңғалмаңыз. «Асық ату» ұлттық ойыны Германияда, Қытайда, Гонконгта, Оңтүстік Кореяда, Польшада және басқа да шетелдерде таныстырылды. Бір әттеген-айды айтпасқа амал жоқ: дүниежүзі біздің асығымызға мәдени мұра деп құрметтеп қарап, біраз ел асық атуды ойнай бастағанда өзіміз әлі немқұрайды қалып танытамыз. Неге бұлай?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*