Әлеуметтік әріптестікті жетілдіру – басты мақсат

391
0
Бөлісу:

Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда кәсіподақтарға жүктелер  жауапкершілік жүгі жоғары. Кәсіподақтар күші еңбек құқығы мен қызметкерлердің кепілдігін қамтамасыз етуге, еңбек заңнамасының нормаларын қатаң сақтауға бағытталған. Қазір жұмысқа қатысты мәселеге төрелік талап еткендер кәсіподақтар ұйымына бас тірейтіні ақиқат. Еңбек даулары қалай шешіліп жатыр? Кәсіподақ ұйымының ықпалы қандай? Оның қазіргі рөлі туралы «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов тілшімізге талдап берді. 

– Серік Сағитжанұлы, қазірде кәсіп­одақ­тар қозғалысының негізгі бағыты қандай?
– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кәсіподақтар қоғамда қозғаушы күш бол­ған және солай қала береді. Кәсіп­одақ­тар қозғалысы елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық үйлесімді қамтамасыз етуге ықпал ететін сындарлы, конструктив күш ретінде анықталады. Кәсіподақ – жұмыс істейтін халықтың негізгі құқық қорғау­шы­сы, жұмысшылардың құқықтарын жүзеге асыруға, олардың жұмыс жағдайын жақ­сар­туға және жалақының тиісті деңгейін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. «Қазақ­стан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпы­ға Ортақ Еңбек Ұйымына қарай 20 қадам», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларында әлеуметтік және еңбек қатынастарын жақсарту, жұмыссыздықты азайту, қоғамдағы кәсіп­одақтардың рөлін арттыру мәселелері нақтыланды. Кәсіподақ қозғалысының дамуына жаңа көзқарастар «Кәсіптік одақтар туралы» заңда анықталған. Кәсіп­одақтар қозғалысын жаңғыртуда Кәсіп­одақтар федерациясымен 2018-2019 жылдарға арналған жол картасы жасалды. Онда уақыт талабына сай, түрлі қиын­дықтарға жауап бере отырып, кәсіподақтар бірлігін нығайту, еңбек қатынастарын реттеудегі міндеттерді орындау, кәсіподақ көшбасшыларының жауапкершілігін арттыру бағыттары жетекшілікке алынған.
– Еңбек қатынастары бойынша қандай құзірет бар, еңбек дауларын шешудегі үлес­те­ріңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Жаңа айтылған Кәсіподақтар федера­циясы мен оның мүше ұйымдары­ның қызметін реформалаудың және жаңғырту­дың түпкілікті идеясының бірі – әлеуметтік әріптестікті жетілдіру. Елімізде жиырма жылдан аса әрекет етіп келе жатқан қыз­мет­керлер, жұмыс берушілер мен мемле­кет­тік органдардың арасындағы әлеуметтік әріптестік институты өміршең­дігін, өзекті­л­ігін көрсете алмаған десек болады.
2016 жылғы жаңа Еңбек кодексімен еңбек қаты­настары ұжымдық-келісімдік қағидат­қа айналды. Сондықтан жұмыскерлерді кәсіп­одақ қатарына тарту өзектілігі артты. Еңбек даулары әлеуметтік әріптестік жүйесіне сүйеніп шешілуі қажет. Еңбек заңнамалары жеке еңбек дауларын Келісу комиссиясы шеңберінде реттеуді қарас­ты­ра­ды. Келісу комиссиясы құрамында міндетті түрде кәсіподақтар жұмыс істейді. Жалпы еңбек дауы көбіне жұмыс беруші мен жұмыскер арасында конструк­тив диалог тапшылығы, өзара міндеттердің орындалмауы, сондай-ақ еңбек қаты­на­сын­да қатаң тәртіптің қалыптасуынан туындайды.
– Кәсіподақ даулардың шешілуіне, сот процестеріне қатыса ала ма?
– Еңбек қатынастары бойынша даулы мәселе сотқа жетіп жатса, процеске қаты­суға құқымыз бар. Сотқа жүгінген жағдайда да Еңбек кодексіне сәйкес арызданушыдан Келісу комиссиясы шешімі сұралатынына назар аудару керек. Жағдай анықталған соң арызданушы азаматқа өз құқын қалай қорғауға болатыны түсіндіріледі, кәсіби медиаторларды да азаматтардың мәселесі шешілуіне қатыстыру қарастырылады. Жұмыс беруші мекеме басшылығымен сөй­л­есіп, істі сотқа дейін шешуге тыры­са­мыз. Осы ретте мәселелерді сотқа дейін шешу мақсатында Татуластыру орта­лығы жұмысын баста­ға­нын айта кетейін. Бұл жоба – Жоғарғы сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы ын­тымақтастық туралы меморандум аясын­да, облыс әкімдігі қолдауымен жүзеге асырылып отырған әлеуметтік жоба. Тату­лас­тыру орталығы дау тараптарының қар­жы жұмсамай, уақытын үнемдей оты­рып бітімге келтіру мақсатында жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2018 жылғы
5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» Жолдауында «уақыт пен ресурс­тар­дың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруы тиіс» деген болатын. Елбасы сот жүйесінің тиімді­лі­гі­мен қатар, халықтың қалтасын­да­ғы қаржы­ны үнемдеуді шегелеп тап­сыр­ды. Орта­лық­тың ашылуы осы тапсырманы жүзеге асыру барысындағы бір жұмыс десек болады.
– Заң шеңберінде шешімін табу үшін мәселелерді қарауда кәсіподақтардың өздері де құқықтық оқулар оқуы қажет шығар. Мекемелердегі кәсіподақ жұмыс­ымен белсенділер негізгі жұмыс­тарына қосымша етіп айналысады емес пе, олардың бәрі заң мамандары емес қой?!
– Дұрыс айтасыз, кәсіподақ белсенді­ле­рі­нің басым бөлігі, тіпті 100 пайызға жуығы десек болады, қоғамдық бастамада жұмыс істейді. Әрине, кәсіподақ мүшелері­нің құқын қорғауда құқықтық сауаттың маңызы зор. Осы бағытта біз оқытуды үнемі жүргізіп отырамыз. Өткен жылы кәсіп­одақтар орталығымен жыл бойына 32 семи­нар өткізіліп, барлығы 1825 адам оқы­тылды. Кәсіподақтар федерациясы оқы­ту, зерттеу және дауларды шешу орта­лы­ғымен бірлесе жыл басынан 6 семинар өткізіп, қатысушылар еңбек заңнамалары бойынша сертификат алды.
– Қоғамда кәсіподақтардың беделі әлсіздеу көрінеді. Осы бағытта қан­д­ай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Мүше­лері­нің санын қайтсе арттыруға болады?
– Кәсіподақ ұйымының беделін арттыруға күш салып жатырмыз. Кәсіп­одақ­тар федерациясы негізгі міндеті ретін­де бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп келеді. Іс-тәжірибелік мәселелерге орай федерация Кәсіптік одақтар туралы заңға, Еңбек кодексіне толықтырулар мен өзге­ріс­тер енгізуге ұсыныстар жасады. Биыл 3 қазанда Кәсіподақтар федерация­сы­ның кезектен тыс XXV съезінде «Тұрақты кәсіп­орын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!» ұраны қабылданды. Тұрақтылық – кез келген қоғамның басты құндылығы. Оны сақтаудағы кәсіподақтардың негізгі құқықтық құралы – ұжымдық шарт. Ол кез келген мекеме мен кәсіпорындарда болуы тиіс дегенімізбен, заңда міндетті деген сөз айтылмайды. Кәсіподақтардың тығырыққа тірелетін жері де – осы. Ұжымдық шарт – негізінен мекеме басшысы мен кәсіподақ мүшелері арасында екі-үш жылдық мерзім­ге жасалатын келісім. Еңбек адамының еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғалуы, еңбек қауіпсіздігі тұрғысындағы заңнамаларда бар нормалармен қоса, жоғарылатылған, мүдделі бағыттар ұжымдық шарттарда орын алады. Қызылорда облысында 2014 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев­­тың бастамасымен «Ұжымдық шарт жаса­ңыздар!» акциясы жүргізілген, қазірде облыс көлеміндегі мекемелердің 100 пайы­зы ұжымдық шартпен қамтылған. Облыс көлемінде 6005 мекеме мен кәсіп­орын­­ның ұжымдық шарттары тіркелген. Оның ішінде биыл мерзімі бітуіне бай­ла­ныс­ты қайта тіркелгені – 168, жаңадан жасал­ған ұжым­дық шарттар саны – 1366. Осы жоға­ры көрсеткіш деңгейін тұрақты ұстау, келі­сімдердің сапасын арттыру, орындалуын бақылауды күшейтуде кәсіп­одақтар рөлі маңызын айтуға болады. Өйт­кені кәсіподақ ұйымы бар мекемелерде бұл мәселелерге ықпал ету механизмі жеті­ле­ді.
– Облыстағы кәсіподақтар тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталсақ.
– Қызылорда облысы аумақтық кәсіп­одақтар бірлестігі қазірде облыс көлемінде 10 салалық кәсіподақ ұйымын, 90 мыңға жуық кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. Жергілікті жерде жұмыс атқаратын салалық кәсіподақтар арасында биыл «Yntymaq орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақ­стандық салалық кәсіптік одағы» республи­ка­лық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы жұмысын бастады.
Бұл – қазірде басқа да салалық кәсіп­одақ­тар­мен қамтылмай қалған, заман ағымына қарай жаңа қарқында дамып келе жатқан жеке­меншік нысандарды қамтуға, бизнес­тің сан түрлі ауқымды аудиториясын бірік­ті­руге септігін тигізер нақты қадам. Жыл­дың бірін­ші тоқсанында Қызылорда облы­сы­ның әкімдігі, Қызылорда облысы­ның кәсіп­одақтар орталығы және Қызы­лор­да облысының кәсіпкерлер палатасы арасын­дағы 2018-2020 жылдарға арналған облыс­тық келісім жасалып, әлеуметтік әріп­тестермен іс-шаралар бойынша мін­дет­­темелер қабылданды. Облыста Өңір­лік жедел штаб құрылды, кәсіподақ спикерлері штаб құрамында түсіндірме жұмыстарын атқаруға атсалысады. Аумақ­тық кәсіп­одақ­тар бірлестігі мен облыс әкімдігінің ресми сайтында кәсіп­одақ­тардың «Әлеуметтік әріптестік» айдары ашылып, ақпараттар жарияланып отырады. Кәсіподақтар ғимаратында «Сенім жәшігі» орналастыры­лып, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен еңбек инспекциясының «Жедел желі» телефондары жұмыс істейді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі баста­ма­сымен әлеуметтік әріптестермен 11 мамыр 2018 жылы «Қауіпсіз еңбек» аймақ­тық бағдарламасы қабылданды, бағдарлама жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудағы құқықтарын бұзу­шы­лықты азайту, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардан сақтандыру жөніндегі шараларды қамтиды. Кәсіподақ ұйымын құру, кәсіподақ мүшелері қатарын көбейту бағытындағы жұмыстары күнде­лікті күн тәртібінде. Тікелей аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ауқымды жұмыстары нәти­же­сінде облыс көлемін­дегі ірі мұнай компа­нияларының бірі – «Қуатамлон­мұнай» біріккен кәсіпорны жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігінде қызметкер­лердің жергі­лік­ті кәсіподақ ұйымы құрылды. Қазірде кәсіподақ мүшелерінің саны 385-ке жетті, мекемеде жалпы 600-ге таяу қызмет­керлер бар. Сол сияқты «Айдан­мұнай» АҚ-да кәсіп­одақ ұйымы жұмысын жандандыру бойын­ша, «Қорқыт Ата» әуежайы, «Автобус паркі» және басқа да мекемелерде кәсіп­одақ ұйымын құру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде Автобус паркі ұжымы – кәсіп­одақ мүшелері, қалғаны да уақыт енші­сінде. Қызылорда облыстық кәсіп­одақ­тар орталығы және салалық кәсіподақтар ұйымдастыруымен 10 маусым – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай «Кәсіподақтар жаңғыру жолында» ІІ облыстық Кәсіп­одақтар форумы өткен болатын. Форумның жұмыс алаңында «әл-Асад» ЖШС жұмыскерлерінен кәсіпкерлік нысан­дарында кәсіподақ ұйымын құру туралы ұсыныс білдіріліп, Үндеу жасалды. Қазірде бұл мекемеде де кәсіподақ ұйымы құрылып, жүзден аса кәсіподақ мүшесі тіркелді. Сонымен қатар форумда жастар мәселесі де көтеріліп, кәсіподақ жас­тарының жаңашыл идеялары жеткізілді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Миуа Байназарова

Бөлісу:

Пікір жазу


*