NOTRE DAME de PARIS ГАСТРОЛЬГЕ АТТАНАДЫ

633
0
Бөлісу:

Париждегі Әулие ана соборының алаңы. Сұлулығымен тәмам жұртты тамсандырған сыған қызы  Эсмеральда. Жүрген жерін думан-тойға айналдырып жіберетін оның салған әні мен мінсіз сұлулығы кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. Париж Әулие ана соборының архидьяконы Фролло, атқыштар жасағының капитаны Фебюс, ақын Гренгуар мен собордың бүкір әрі ақсақ қоңыраушысы Квазимодо Эсмеральдоға құлай ғашық. Алайда жүрекке әмір жүрген бе, Эсмеральданың таңдауы – капитан Фебюс. 

Келбеті келісті болғанымен, жан дүниесі зұлымдыққа толы Фебюстің Эсмеральдаға жасаған сатқындығына дейін сіз де осы екі жасқа тілекші боласыз. Бір сәт Флер-де-Лис есімді некелі жары бар Фебюстің өз әйеліне жасаған опасыздығын да кешіруге дайынсыз. Кейін осы қылығыңыз үшін қысыласыз.
Сыған қызының сұлулығы әйел затын сүюден бас тартып, дінге қызмет етуге ант еткен Фроллоның да жүрегін жаулаған, оның қызға деген құштарлығы көңілін алай-дүлей еткені сондай, сезіміне жауап бермеген сұлуды біресе абақтыға қамайды, біресе өлімнен құтқарады, біресе өзіне күшпен көндірмек болады. Тек бүкір Квазимодо ғана Эсмеральдаға бар жүрегімен ғашық. Сезімі мөлдір бұлақтай. Эсмеральданы абақтыдан да, ажалдан да құтқаруға жанұшырған бір жан болса, осы – Квазимодо. Егер шебер құдай оған Фебюстегідей көрікті келбет бергенде Эсмеральда тағдыры басқаша болар ма еді дейсіз, өйткені, ақсақ та бүкір қоңыраушыға деген қыз көңілі достық шеңберінен аспайды. Сырт келбетінің сүйкімсіздігінен налыған Квазимодо қыз достығын місе тұтады, сырттай тілекшісі.
…Эсмеральда мен Фебюс. Қыз көңілі адал, жігіт көңілі алаң. Өз жарынан асып кете алмайтын сері атойлаған сезімін де баса алар емес. Оңаша кездесу, осы сәтте пайда болған «Көлеңке» Фебюстің жон арқасынан пышақ ұрады. Ес-түссіз құлаған Фебюстің жанында есі шыққан Эсмеральда адам өлтірмек болды деген айыппен абақтыға жа­былады. Абақтыда жатып та Фебюстің амандығын тілейді, адалдығынан танбайды. Фебюс ше, некелі жарының алдында ақталып, сыған қызын азғыру­шы сайтанға теңеп әлек…

Квазимодо мен сығандар абақтыдан құтқарып қалған Эсмеральда қалада басталған бүліктің ортасында жүр. Фебюс бүлікшілерді басуға келген, бір кезде оның көздеген оғы Эсмераль­да­ның әкесі Клопенге тиеді. Әке өліміне аһ ұрған Эсмеральда Фебюстен көмек күткендей, сүйген жігіті сүйемелдейді деген үміті әдірем қалды, сүйгені сүй­реп апарып жендеттерге тапсырды. Жен­деттер сыған қызын асыңдар деген король бұйрығын әп-сәтте орындап тастады. Бұл зауалға Фроллоның да қатысы барына көзі жеткен Квазимодо оны биік мұнарадан құлатып жібереді. Ал өзі сүйіктісінің мәйітін құшқан қалпы бақиға аттанады, Квазимодоның жаны үзілгенге дейін айтар жоқтауы сай-сүйекті сырқыратардай.
Мюзикл финалына дейін түрлі сезімді бастан кешесіз: көңілді ару, қамқор әке, ғашық жүрек, жауапсыз махаббат, сатқындық, зұлымдық. Адам бойындағы жақсы да жаман қасиеттің бәріне куә ететін мюзиклдің түйіні – адамға адамды тану бұйырмаған бақ.
ХХ ғасыр соңында Еуропада қо­йыл­­ған күнінен-ақ бестселлерге ай­нал­­ған Notre Dame de Paris мюзиклі Аста­нада апта бойы көрсетілді. Гиннес­тің рекордтар кітабына енген мюзикл либ­реттосының авторы – Люк Пла­мон­­­дон, композиторы – Рикардо Коччанте.
Көрерменін үш сағат бойы тырп еткізбейтін шығарманың кейіпкерін сомдау бақыты бұйырған актерлерді іріктеу бес айға созылғанын айтуымыз керек. Қазақстанның түкпір-түкпірі­нен келген үміткерлердің үздіктері ғана әлемдік мюзикл кейіпкерлерін ойнады. Әр елдегі қойылым жұмысына Париж­де­гі мюзиклді қойған команда қаты­са­ды. Міне, сол француз мамандары қазақ әртістерінің жұмысын жоғары бағалады. «Қазақстандық әртістер көңілімнен шықты. Оларды вокалдық қабілеттеріне қарай іріктедік. Notre Dame de Paris партияларын орындау әркімнің қолынан келе бермейді, бірақ ең лайықты дегендерін таңдадық», – дейді композитор Рикардо Коччанте.
1993 жылы Люк Пламондон фран­цуз әдебиетінен жаңа музыкалық спек­так­льге арналған сюжет іздейді. Фран­цуз­дың әйгілі жазушысы Гюгоның шығар­масына үңіледі.
«Мен түрлі кейіпкерлерді қарадым, Эсмеральдаға мән бермеппін. Назарым Квазимодаға түсті. Сол кезде «Париж Әулие ана соборы» шындыққа айнал­ған­дай әсер етті», – дейді ол. Осылай­ша, Люк Пламондон компози­тор Ри­кар­­до Коччантемен бірге роман не­­гі­­зінде отыздан астам ән жазып шыға­ды.


Мюзикл француздар назарына 1998 жылы ұсынылды. Премьерадан бері 20 жыл уақыт өтсе де, мюзикл көрермен қызығушылығын жоғалтпай, тоғыз тілге аударылып, сахналанды. Қазақ тілі – мюзикл аударылған онын­шы тіл. Либреттоны қазақшаға ақын Серікзат Дүйсенғазы тәржімала­ды. Мюзикл автор­ларына бірнеше аудар­ма­­шының жұмы­сы ұсынылған. Серік­зат Дүйсен­ғазы­ның аудармасына таң­дау жасалған соң, аудармашы Фран­­ция­ға барып, авторлармен қатар отырып жұмыс істеген. Мюзикл автор­ла­ры қазақ тіліндегі аудармаға мюзикл­ді көруге келген зиялы қауым да, қара­пайым көрермен де қатар отырып түсінетіндей болуы тиіс деген талап қойған. Сондай-ақ халықтың ұлттық дүние­танымына қатысты және көрер­мен қабылдамай­тын дүниені өзгертуге рұқсат берген.
– Мәселен, француз тілінде айты­ла­­тын кейбір элементтер мента­ли­те­ті­мізге келмейді. Мәтін ішінде «О, Құдай ана» деген сөз бар. Біз оны «Әз ана» деп алдық, себебі қазақта қасиетті мағынада «Әз ана, Әзиз ана, Ғазиз ана» дейді, соған байланысты шығарманың мәтінінде «О, Әз ана, сұраймыз біз сізден пана» дегенде, ананың мейірі­міне мұқтаж мағынада алдық. Осындай жерлерді өзіміздің ұлттық болмысы­мыз­ға қарай реттедік, – дейді С.Дүйсен­ғазы.
Мюзикл премьерасын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­­медиұлы мен Францияның Қазақ­­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ ашқан-ды. Отандық театр өнерінің жаңа жетісті­гіне баланып жатқан мюзикл Мәдениет және спорт министрлігі мен Qazaqconcert мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен сахналанды.
18-24 желтоқсанда аншлагпен өткен мю­зи­кл­­ді 13 мыңнан астам адам тама­ша­лады. Олардың арасында еліміздің басқа қалаларынан арнайы келгендер де бар. Ал мюзиклді көре алмай арман­да қалғандар үшін жағымды жаңалы­ғы­мыз бар: алдағы уақытта қазақ тіліндегі Notre Dame de Paris Алматыда қойылады. Содан кейін еліміздің оңтүстігі мен солтүстігіне, шығысы мен батысына гастрольдік сапарға шығады.

Халима Бұқарқызы

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*