Елден 528 миллион теңгені Алматы әуежайы арқылы заңсыз алып өтпек болған
Елден 528 миллион теңгені Алматы әуежайы арқылы заңсыз алып өтпек болған
466
оқылды
Биыл жыл басталғалы Алматы қаласының кеденшілері жеке тұлғалардың 528 млн теңгені заңсыз алып өтуінің алдын алды. Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері осы уақытқа дейін ӘҚБтК-нің 551, 545-баптары бойынша 103 әкімшілік материал толтырған. Сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар 13 факт анықтаған.
«Анықталған немесе декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражатының сомасы 528 млн теңгеден асты, осы бұзушылықтар бойынша салынған айыппұл сомасы – 3,2 млн теңге. Мәселен, қаңтарда Алматы –  Абу-Даби бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында Қазақстан азаматы тексерілді, онда 57 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша болған. Сол сияқты ақпанда Алматы –  Ыстамбұл әуе рейсіне кедендік бақылау жүргізу кезінде  97 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол қаражат табылды. Материалдар Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 234-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп жазды ведомство өкілдері.
Департамент мамандары мамырда Сеул –  Алматы бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшу залында 12 000 АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақшасы бар азаматтың ұсталғанын мәлімдеді. Маусымның басында ұшып келу залында Дубай –  Алматы әуе рейсінен түскен азаматты тексеру барысында 23 200 АҚШ доллары табылған. Ол әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылды.