Қазақ бастаған бір рәсім

222
0
Бөлісу:

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде Қазақстанның бастамасы бойынша жаңа дәстүр енгізілді. Мемлекетіміздің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі 2019 жылдың 2 қаңтарында осынау жаһандық ұйымның штаб-пәтерінде 2019-2020 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланған елдердің ұлттық байрағын тутұғырға орнатудың ресми рәсімін өткізді.  

Бұл ретте өз миссиясын аяқта­ған Қазақстан, Боливия, Нидер­лан­ды, Швеция және Эфиопия­ның орнына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жаңа тұрақты емес мүше­лері ретінде Бельгия, Гер­ма­­ния, Доминикан Респуб­ли­ка­сы, Индонезия және Оңтүстік Африка келіп отыр.
Айта кеткен жөн, бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жаңа тұрақты емес мүшелердің қосы­луы­ның салтанатты рәсімі БҰҰ тарихында тұңғыш рет Қазақ­стан­ның бастамасымен, 2018 жыл­­дың қаңтарында, яғни елі­міз­дің төрағалығы кезінде өт­кізілген болатын. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер осы жаңа тәжі­ри­бе­ні Қазақстанның «жар­қын жеке карточкасы» деп атады.
Бұған дейін Қауіпсіздік кеңе­сінің залы алдындағы баспасөз қабырғасының жанын­да БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшеле­рі­нің туларын ауыстыру бар бол­ғаны техника­лық рәсім сипатын­да өтетін. Ал Қазақстан жаңа дәс­түрді енгізгеннен кейін бұл процедура БҰҰ-ға мүше мемле­кет­тердің және әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өтетін ресми іс-шараға айналды.
– Бұл салтанатты рәсімнің мақ­саты – БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сі­нің жаңа мүшелерін тану­ды және құрметтеуді паш ету. Кеңес­тің барлық 15 мүшесі енді бұл рәсім БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сі­нің жылсайынғы дәстүріне айна­латынын бірауыздан рас­тады, – деп түсіндірді еліміздің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров.
Ол осы іс-шараның маңызын және оған халықаралық қоғам­дас­тықтың назар аударғанын ескере отырып, Қазақстанның бола­шақта аталған дәстүрді ары қарай жалғастыруға ниетті еке­нін хабарлады.
Қ.Омаров БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелеріне БҰҰ-ның әлемде бей­бітшілік пен қауіпсіздікті қамта­масыз етуге жауапты негізгі ор­ганындағы жұмыстарына үлкен табыс тіледі. Сондай-ақ БҰҰ ҚК құрамында болу «әрбір мемлекет үшін бірегей мүмкіндік әрі сирек құрмет екенін» баса айтты.
Осы дүниежүзілік органның және оның мүшелерінің жұмы­сын терең құрметтеудің белгісі ретінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүше­лерінің тулары үшін Қазақ­стан­да жасалған және қазақтың ұлттық оюларымен безендірілген ортақ тутұғыр сый­лады. Жаңадан тұрақты емес мүше болып сайланған бес елдің мемлекеттік тулары да осы оюлы тутұғырға орнатылды.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі екіжылдық жұмысын 2018 жылдың 31 желтоқсанында аяқтады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*