ЭКОНОМИКАЛЫҚ БОЛЖАМ НЕ ДЕЙДІ?

429
0
Бөлісу:

Жаңа жыл келген сайын ел экономикасының аяқ алысы қалай болады деген алаң көңіл болатыны белгілі. Тіпті жұрт арасында   базардан бірер айға жетер азық-түлігін қамдап алатындар әлі бар. Олардың түсінігінде қаңтар – қымбатшылық айы. Теңгенің теңселе бастайтын кезі де, көп жағдайда, осы қаңтар мен ақпанға тиесілі екен. Бұл нені білдіреді? Алдағы айларда экономикамызда қандай үдерістер орын алады: даму бола ма әлде кері кете ме? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында мұнайға тәуелді экономикамызды, былтырғы банк секторындағы өзгерістерді және теңге бағамының құбылғанын ескеріп, сарапшы мамандарды сөзге тарттық.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,
Экономикалық саясат институтының директоры:

Банк секторының тұрақтылығы маңызды

– 2019 жылы банк секторында 2018 жылы басталған қайта қосылу үрдістері жалғасады деп ойлаймын. Екіншіден, басқа секторлардан гөрі банк секторы мемлекет қолда­уы­на ие болып отыр. Үшіншісі, салық салу тұрғысынан бүкіл банктердің мемлекеттік бюджетке төлейтін салықтары 1 пайызға жетер-жетпес шамада. Демек, салық саясаты тұрғысынан банк секторы үлкен жеңілдікке ие. Басқа секторлармен салыстырған­да, банк секторына мемлекет тара­пынан түбегейлі қолдау көр­сетіліп отыр. Әсіресе, Ұлттық қор­дан бұл саланы тұрақтандыруға бір­неше триллион қаражат бөлін­ді.
Банк секторының ұлттық эко­но­микаға қызмет ету деңгейін көр­­сететін бір индикатор бар.
Ол – эко­номикадағы несие мөл­шері. Жалпы ішкі өнімге шаққан­да, бізде 32 пайыздың көлемінде. Бұл – ше­телмен салыстырғанда, ең төмен­гі көрсет­кіш. Мысалы, да­мы­ған, дамушы елдерде 80-90, тіп­т­і 120 пайызды құрайды. Демек, біздің елдегі банк секторы өзінің заң бойынша жүктелген функция­сын орындай алмай отыр. Менің­ше, 2019 жылы осы үдеріс жалға­са­ды.
Биыл да банк секторын рефор­ма­лау, жаңғырту, модернизациялау жағынан да біз кейбір елдерден артта қалып келеміз. Өкінішке қарай, бүгінге дейін ұлттық банк­тің мәлімдемесіне қарамас­тан, Қазақстанның бірде-бір коммер­ция­лық банкі халықаралық Telex ақша аударымының жұмысын істей алмайды.
Сыртқы экономикалық көрсет­кіш­тердің нашарлауын растайтын дерек­тер көп. Мәселен, 2018 жыл­дың 9-10 айында төлем балансында ағымдағы есепшоттың тапшылығы сезілді. Төлем балансында сауда қызмет көрсету бойынша шамамен 5-6 млрд долларға, кірістер, табыс­тар балансы бойынша жылына 13-15 млрд долларға ұтылып келе­міз. Демек, осындай күрделі сырт­қы экономикалық саясаттың ахуа­лында валюта бағамы да тұрақ­сыз болады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық­ара­лық резервтер түбегейлі ұлғай­ған жоқ. Тіпті 7 айдың ішінде ішінара азайды.
Бүгінде Қазақстанның сыртқы экономикалық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Ұлттық банк тарапынан екі тактикалық және стратегиялық қателіктерге жол беріліп отыр. Бүкіл коммерциялық банктер Қаржы министрлігінің, Ұлттық банк тарапынан көптеген құнды қағаздарды 5-7 пайызға сатып жатыр. Біздің бағалауы­мыз­ша, Ұлттық банк 13 триллионнан астам, ал Қаржы министрлігі 7-8 триллионға коммерциялық банк­тер­ге құнды қағаздарын сатып, экономикаға жұмыс істемей, қордаланып тұр.
Егер құнды қағаздардың табыс мөлшері 5-7 пайыз, экономика рентабелдік көрсеткіші 4 пайыз ғана болса, коммерциялық банк­тер­дегі ақша ешуақытта шынайы экономикаға бармайды. Екінші күрделі мәселе – Ұлттық банк ұстанған валюта бағамы саясаты. Ол мемлекеттің индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына еш сәйкестен­діріл­меген. Оны сәйкестендіру үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген орта мерзімдік индустриалды-иннова­ция­лық даму мемлекеттік бағ­дар­ла­масы төрт кезеңге бөлініп, Ұлт­тық банк жүргізетін валюта бағамы саясатына сай ұштасты­ры­луы керек. Өкінішке қарай, ол да жасалмаған. Осындай саясат пысықталып, алгоритмі жасалса, индустриалдық-иновациялық даму мемлекеттік бағдарлама­сы­ның жүзеге асырылуына валюта бағамының үлесі зор болар еді. Осы айтылған мәселе күн тәртібін­де айтылған жоқ. Жоғары деңгейде тапсырма беріліп, пысықталмады. Демек, индустриалды-инновация­лық даму мемлекеттік бағдарла­ма­сы­ның саясаты бір бөлек, Ұлттық бағдарламаның саясаты басқа бағытта кетіп барады.

Мақсат ХАЛЫҚ,
Pro gente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист:

Теңгенің теңселмеуіне Ұлттық банк қана жауапты ма?

– Өткен жылы теңгенің төрт мәрте құнсыздануы тіркелді: көктемде 1,5-1,75, жазда 1,75-2, күзде 2-2,25, қыста 2,5 пайызға дейін көтерілді. 2018 жылғы теңге­нің құнсыздануына АҚШ-тың федералды резервтер жүйесін доллардың кілтті пайызды мөлшер­лемесін мақсатты түрде көтеруі себеп болды.
Дәл осы доллардың құнын арттыру үрдісі әлемдегі басқа валюталарға қарағанда, доллар құнының артуына септігін тигізіп, дамушы елдер валюталарының құнсыздануына алып келді. Әсіре­се, тамыз айындағы көтеріл­ген пайыздық мөлшерлеме еліміз үшін ауыр тиді. Теңгенің сол уақыт­та құнсызданғаны анық байқалды. Оған әлемдегі мұнай бағасының төмендеуі мен жаз айында долларға сұраныстың артуы қосымша әсер етті. Қыркүйекте халық арасында деваль­вациялық күтудің жоғары болғанын байқадық. Осы кезде Ұлттық банк интервенция жасады. Одан кейін теңгеміз қазан айында қалпына келді. Оған себеп – Ұлттық банктің теңге мөлшерле­месін көтеруі. Бұл теңгенің біраз уақыт құнды болуына септігін тигізді. Желтоқсанда теңгенің қайта­дан құнсыздану үрдісі тір­келді. Тиісінше, АҚШ долло­ры­ның пайыздық мөлшерлемесі көтеріл­ді. Осы жылы да 3,5 пайыз­ға мақсатты түрде көтерілетіні айтылып жатыр.
Соңғы жылдары теңге динами­ка­сында көп өзгеріс байқалады. Әр жылдың бірінші, екінші тоқ­са­нын­да теңгеміздің қуатты, соң­ғы екі жарты жылдығында әлсіз дина­ми­касы сезіледі. Ақпан, наурыз айын­да үлкен компаниялар мем­ле­кет алдындағы салық бере­ше­гін өтейді. Сол уақытта теңгеге сұра­ныс артады. Сонда осы ірі ком­па­ния­лар, мұнай компания­лары долларларын теңгеге ауысты­ра­ды.
Ұлттық банктің базалық пайыз­дық мөлшерлемені көтере беруінің де кері әсері бар. Себебі, эконо­микада арзан ақша болмай­ды, несие қымбаттайды. Оң жағы депозиттің пайыздары қайтадан
15 пайызға дейін өсуі мүмкін. Ал кері жағы «7–20–25» деген ипотекалық бағдарламалары тоқтауы мүмкін деген де болжам бар. Сондықтан ол үрдіс қайтадан жүргені не кері жүргені дұрыс емес. Бұл жерде Ұлттық банктің өткен жылдардан бері қарай жүргізіп келе жатқан саясаты инфляциялық таргеттеу режимін ұстап отырғанын байқай­мыз. Инфля­циялық таргет­теу режимі өте дұрыс. Себебі, мақсат­ты түрде арнайы дәліздің ішінде инфля­ция­ның деңгейін ауыздық­тап, бірте-бірте түсіріп келе жатқа­нын байқаймыз.
Егер инфляция төмендейтін болса, онда халықтың қолындағы қаражат құнсызданбайды. Жұрт­тың алып жатқан еңбека­қы­сы, нақты жалақысы құнды болады. Төлем қабілеті сақталады. Бұл халық үшін тиімді. Алдағы уақытта да 2020 жылы инфляциялық тар­гет­теу саясатына байланысты Ұлттық банк инфляция деңгейін 4 пайыздан асырмайтынын айтып отыр. Теңге құнды бола бастайды. Ал енді екінші жағы бар. Ол енді жал­ғ­ыз ғана Ұлттық банктің қолы­нан келмейді. Теңгені ұзақ мерзім­де құнды ұстап тұру үшін үкімет те арнайы бағдарламаларды жасай беру ғана емес, олардың атқа­ры­луы­на ерекше көңіл бөлу керек. Сол кезде ғана экономикада өсім болады.
Теңге құнсыздануы бірінші кезекте халықтың төлем қабілетін құлатады. Жалпы ішкі өнімнің өзі теңгемен шаққанда бізде мақсатты түрде өсіп келе жатқанын байқай­мыз. Бірақ доллармен қарайтын болсақ, ол екі есе түсіп кеткен.
Осы жылдан көп үміт күтеміз. Теңге құнсызданбаса, тұрақты­лы­ғын сақтаса табысы орташа елдер санатына қосыламыз. Демек, бір үлкен тенденцияны байқау керек. Ол макроэкономикалық көрсет­кіш­терге өзінің әсерін тигізеді. Сон­­дықтан теңгеміз құнды болсын десек, бірінші кезекте өндірісті, эко­­номиканы дамытуымыз керек. Теңгенің қуатын ұстап отыру Ұлт­тық банктің ғана міндеті емес, бұл жер­де үкімет те бірлесе жұмыс істе­уі керек. Сол кезде ғана өсім бола­ды.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты:

Дамудың жаңа формуласы жасалса…

– Мемлекеттің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына сыртқы фактор­лар әсерін тигізбей қой­майды. Бұл ретте, Қазақстан­ның бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болуына байланысты халық­ара­лық экономикалық қаты­настарда бола­тын әрбір фактор­ларға қаты­сы барын ескер­ген жөн. Әлем­дік эконо­ми­кадағы дағдарыс үрдіс­те­рін қалпына келтіруге қабілетті сыртқы тәуекелдер біздің елде әлі де сақтаулы.
Бірінші тәуекел – мұнайды қоса алғанда шикізат тауарларына әлем­дік бағаның тұрақсыздығы. 2018 жылы Brent маркасында мұнай бағасы 53 АҚШ долларын құрады. Халықаралық вальюта қоры сарапшылары 2019 жылы мұнай бағасы бір барреліне 59,2 АҚШ долларына дейін өседі деп болжап отыр. Мұнай бағасының болжамы өндіру көлемінің бақы­лау­сыз өсуінің жалғасқан мерзі­мінен кейін мұнай экспорт­тау­шы елдер ұйымы мен басқа да мұнай өндіруші елдердің өнім көлемін шектеу туралы шарт-талабын біртін­деп орындайды деген бол­жам бар. Ал мұнай бағасының са­лыс­тырмалы өсуіне қарамастан, ба­ға­ның төмендеу тәуекелі сақта­ла­ды.
Екінші тәуекел – АҚШ-тың ақша-несие саясатының өзгеруі. Еуроодақтың орталық банкі сан­дық жұмсарту саясаты бағдар­ламасының қысқартылуы әлемдегі қаржы нарығының құбылуына негіз болады. 2017 жылғы 15 наурызда АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі 0,25 пайыздық тармаққа түйінді мөлшерлемесі 0,5-0,75 % диапазонынан 0,75-1,0 %-ға дейін көтерді, бірақ бұл бұрын күткен құбылуды тудыр­мады. Алайда кейіннен АҚШ-тың түйінді мөлшерлемесінің артуы, әлемдік қаржы нарығы тұрақ­сыздығының ұлғаюына алып келуі мүмкін.
Үшінші тәуекел – Украина, Сирия, Түркия, тұтастай алғанда, Таяу Шығыстағы созылмалы қолайсыз геосаяси жағдай сыртқы сауданың екінші каналдары мен шетел инвестициясы арқылы қосымша тәуекелді тудырады. Жоғарыда айтылған факторларды назарға ала отырып, АҚШ-тың және басқа да дамыған елдердің экономикалық жағдайының жақсаруы­нан дамушы елдерден дамыған елдерге капиталдың ауысу тәуекелі туындауы мүмкін. Инвес­тиция­лық белсенділіктің төмендеуі салдарынан дамушы елдерде жүйе құраушы салалардағы өндірістің қысқаруына байла­нысты жұмыс­сыздық өсіп, ақысы төмен жұмыс күшіне сұраныс күшейеді, өсу тәуекелі сол арқылы дамыған нарықтарға мигрант­тардың ағылуы және дамушы елдерге білікті кадрлардың кету тәуекелі артады.
Мемлекеттің экономикалық дамуы жолында мұнайға тәуел­ді­ліктен арылу алдыңғы қатарға шығуы керек. Қазақстанда эконо­микалық дамудың жаңа формуласын іздеу қажеттігі артып отыр. Мәселе мұнай-газ саласынан түскен табысты ішкі сұранысқа айналдыруға негізделген бұрынғы даму үлгісінің маңызы біртіндеп төмендеп келе жатқанымен байла­ныс­тыруға болады. Қазақстанға жай ғана экономикалық өсу емес, сапалы эконо-микалық даму қажет. Өнеркәсіпке кең ауқымда ақпараттық технологияларды енгізу және қуат үнемдейтін өндiрiстерге көшу нәтижесінде Төртiншi өнеркәсiптiк революция басталып жатыр. Мұның бәрi Қазақстан үшiн дамудың жаңа моделіне көшудің маңызын арттырып отыр. Сонымен бірге, мемлекет негізгі капиталға инвестиция тартуды қолға алса… Қазіргі уақытта негізгі салаларды техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Дәстүрлі салаларды дамытудың артықшылығы көп. Елбасы атап көрсеткендей, экономикалық өсудің жаңа моделінің басты мақсаты – еліміздің шикізат емес экспортын дамыту. Экономиканы әртараптандыруға байланысты соңғы 5 жылда ауқымды жұмыс іске асты. Статистикадан тікелей нәтижені байқауға болады. Яғни, ол жалпы ішкі өнім құрылымында өндіру өнеркәсібі саласы үлесінің төмендеуі байқалады. Бес жылда оның деңгейі 19,5-20 пайызға жетті. Егер де мұнай өндіру мен қатты пайдалы қазбаларды өндіру­ге тоқталсақ, бүгінде оның үлесі 11,5-12 пайызды құрады. Бұл біз­дің экономиканың осы сала­лар­дағы өзгерістерге қатысты тәуел­ді­лігі төмендегенін көрсетеді. Әсіресе, мұнай мен металл бағасы­на тәуелділік азайды. Ендігі меже ішкі экономикалық белсенділікті арттыру. Біріншіден, бізге ауыл­шаруашылық кешенінің белсен­ділігін арттыру маңызды. Елбасы Жолдауында да бұл сала­ның ел экономикасын дамыту­дағы орны айтылған. Екіншіден, отандық тауар өндіру­шілердің ЖІӨ көрсеткіш­терін арттырған жөн. Елімізде болып жатқан барлық құрылыс аймақтарын отандық өнімдермен қамтамасыз етпей ішкі ресурстарды дамыта алмай­мыз. Үшіншіден, қаржы секторын­дағы тұрақтылыққа мән беру. Ұлттық валютаның өтімділігін арттыра отырып, оның айналым қабілетін күшейту қажет. Төртін­ші­ден, экономиканы әртарап­тандыру саясатын әлі де жетіл­діру керек. Жаңа технология­лар­ды дамытуға әсерін тигізетін отандық бәсекеге қабілетті кадрларды қам­та­масыз ету керек. Жоғарыда көр­се­тілген бағыттардың дамуына жағ­дай жасасақ, 2019 жылы эко­но­микалық дамуда жағымды фак­тор­лар орын аларына сенуге бола­ды.

 

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*