ҒАЙЫПТЫ БОЛЖАУ МҮМКІН БЕ?

483
0
Бөлісу:

Бүгінде «Танымал нумеролог 2019 жылы қазақстандықтарды сақ болуға шақырды», «2019 жылдан не күтеміз?» деген әңгіменің ауылына әлден-ақ кіріп кеттік. Оның сыртында әркім өз жұлдызнамасын іздеп әуре. Санға сенеміз деп сәуегейлердің болжамына бажайлап қараудан да қалыспаймыз. Бұл не сонда? Адам жаратылысындағы алдағы күндерде не болатынын білуге деген қалыптасқан құмарлық па? «Нумерология – санға сену ғана емес, ол – ғылым» дейтін топтың пікірі қаншалықты дәлелді? «Жауырыншылық – тәңірден келген киелі қасиет» деуімізге не себеп? Аузында «Алласы» бар мұсылманның мұндай наным-сенімдерге иланғаны дұрыс па?

Ербол Бейілхан,
жазушы, «Жауырыншы» әңгімесінің авторы:

Алладан келген қасиет

– Бұл әңгімемдегі кейіпкерім жауы­рыншы Зейнеп әженің про­та­­типі өмірде бар. Өмірде болған оқиғаның желісімен жазылған. Өзім өмірге келген өңірде жауы­рын­­шы адамдар болды. Ал бұл әңгі­мені нағашымнан естідім. Көріп­келдер, бал ашушылар олар адам­ның жеке тағдырына болжам айтса, жауырыншылар көбіне ел­дің, заманның болашағын айт­қан. Әсіресе, жаугершілік заман­да бұндай қабілетке ие адам­дар ерек­ше бағаланған ғой. Жауы­рын­шылық – адамға Алладан келген ерекше қасиет. Ондай болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Қазірдің өзінде жауырыншыларды өте аз естиміз. Дегенмен өзім туған өлкеде ақсақалдар жағы жауырын­ды мүжіп болған соң, оны жоғары көтеріп, қарап-қарап отырады. Содан бірдеңе аңғаратындай көрінеді. Оған қарап,сол үйдің несібесін, мал-жанының жайын айтып кететін болған. Қазір енді ақша табудың жолында адамдар түрлі амалдарға баратын болып жүр. Ондай қасиет тәңірден беріл­ме­се де, өтірік болжам жасап жүр­ген­д­ер бар шығар. Мен оларға қарсы­мын. Алайда сонау батырлар жырымыздың өзінде айтылғандай, жауырыншылық қасиет қазақтарда бар, болған, болады да деп есеп­тей­мін.

Дәулет Әсембеков,
Тарих ғылымдарының кандидаты:

Әр ауылдың өз жауырыншысы болған

– Ең алдымен, жауырыншы – жаратқаннан бойына ерекше қасиет дарыған адам. Екіншіден, жауы­рыншы болатын баланы туған күні жауырынмен ауыздан­дыр­ған. Жауырын сөйлету түркі халықтарында кең таралған.
Бұл жауырыншылар кезінде әскери амал, елдің болашағы, жаз жайлау, қыс қыстау қалай болады соны болжаған. Қауымның, халық­тың тағдырына қатысты жора­малдау амалын жүргізген. Көш­пелі халықта әр ру тұрмақ, әр ауыл­дың өз жауырыншысы бол­ған. ХІХ ғасырдағы орыс этно­графы Григорий Потаниннің өзі «Жауырыншылар жеті халық­тың тағдырымен қоса, саяхат­шы­лар­дың басынан кешкенін айтып бере алады» деген. Қазақ жауы­рын­­ды қатты құрметтеген. Оны мүжігесін бірден итке тастай салмаған. Жо­ғары жағын үшкірлеп алып тастап барып, берген. Жалпы, жауы­рын біз үшін өте қадірлі. Малдың басынан кейінгі сыйлы мүшесі жам­бас болса, содан кейін құр­мет­ті қонақтарға ұсынылатыны – осы жауырын. Қазақ күресінің өзі жауырыны жерге тимеген батыр­лардың ерлігімен әспет­тел­мей ме? Міне, осыған қарап, жауырынның қазақ үшін қадірлі болғанын аңғару қиын емес.

Жасұлан Қарасайұлы,
Сары молда мешітінің имамы,
Тараз қаласы:

Сенімге селкеу түсіреді

– Жалпы, адам баласы қызық. «Мені алда не күтіп тұр?» деген сұрақтың жауабын үнемі білгісі кеп тұрады. Осы сауалдың жете­гін­де талай көріпкелдердің сөзіне иланып, табалдырығын тоздырып, адасқан бауырларымыз көп. Осы бір қажеттілікке сай болашақты болжағыштар мен көріпкел, бал­гер­лер де аз емес. Есте ұстауға тиіс жері, бұндай түрлі сенімдер ислам­ға дейін де болған. Бола да береді. Көріпкелдіктің жұлдызға қарап болжау, құмалақ салу, тас тарту, карта ашу, жауырынға қарап болжау сияқты толып жатқан әдістерін айтамын. Ал асыл діні­мізде балгерлік, көріпкелдік, құма­лақ ашу – күпірлікке апара­тын жолдар. Ібілістің әскеріне болысып, балгер, құмалақшы, көріп­келге сену сенімге селкеу түсіреді. Қасиетті Құран Кәрім­де: «Шайтандар кімге түседі, сен­дерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі», – делінген. «Расында шайтандар сендермен тартысу үшін, өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, серік қосушылардан боласыңдар»,– делінген. Тіпті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жамағатты балгер, көріп­кел, құмалақ ашатын және сол сияқтыларға барудан қайтарған. Көріпкелдік пен балгерлік исламға қайшы болғандықтан әрі пай­ғам­бары­мыз оған нақты тыйым сал­ған­дықтан, мәселеге шайтанның араласатыны күмән тудырмайды. Шайтан да жын болғанына қарағанда, болашақты болжап, алдын ала хабар айтатын көріп­кел­дер шайтанға ермек боп жүрген жоқпыз ба деп қорқуы тиіс. Сондықтан көріпкелдік жасаушы өзін де, өзіне имандай сенушіні де иман тұрғысынан қауіпке итер­мелеп отырғанын білуі тиіс.

Сандарда жатқан сиқыр көп, әр басқан қадамда бір белгі бар деп иланамыз. Нумерологтар түрлі жорамал жасаудан танбайды. Көктегі жұлдызға қарап, келеше­гінің қаншалық кемел боларын білгісі кеп тұрады. Мұны білгенде тағдырдың жазуын өзгертер құдірет бар ма? Белгісіз, жауабы жоқ сауал көп. Бүгінде ұмытылып келе жатқан жауырыншылық та қазіргі нумерологияның бір түрі ме? Сіз қалай ойлайсыз?

 

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*