Билік пен халық арасына дәнекер болдық

564
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарғандар қатарында бүгінгі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те бар. Ол 2015 жылдың тамызынан 2016 жылдың мамырына дейін партия жұмысына басшылық етті. Осы мерзім аралығында Асқар Исабекұлы қандай жұмысымен есте қалды десек, Парламент Мәжілісінің сайлауы қарсаңында құрылған партияның сайлауалды штабы еске оралады.

А.Мырзахметов партия төраға­сының бірінші орынбасары қыз­ме­тіне кіріскеннен кейін алғаш рет партиялық жұмыстың индикатор­лары енгізілді. Өңірлердегі партия филиалдарының штаттық саны көбейді. Бір ғана мысал, Жамбыл облыстық, қалалық және аудандық филиалдарға қосымша 12 штат бірлігі берілді.
2016 жылдың наурызында өткен Парламент Мәжілісі сайлауында партияның сайлауалды штабын басқарды.
– Сайлауалды штаб құрамына елімізге танымал партия және қоғам қайраткерлері, Саяси кеңес мүше­лері кірді. Өткен сайлау науқан­дарына қатысып, мол тәжірибе жинаған азаматтармен бірге, штаб құрамына жастар ұйымдарының белсенді өкілдерін де тарттық. Партияның кезектен тыс ХҮІІ съезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің толық тізімі жария­ланып, партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданған еді. Соған орай, түрлі әлеуметтік топ­тарға жататын тұрғындармен нақты іс-қимыл жоспары әзірленіп, республикалық желілік кесте қа­был­данып, медиажоспар бекі­тілді. Еліміздің барлық өңірінде сенімді өкілдер мен партия белсенділерінің жұмысын үйлестіретін 16 аймақтық және екі жүзден астам аумақтық штаб құрылды. Оның құрамына 3,5 мыңнан астам адам кірді», – деп еске алады Асқар Исабекұлы.
Оның айтуынша, сайлауалды штабтың алдында бір ғана мақсат тұрды – сайлауда жеңіске жету. Ол мақсат орындалды да. Сайлау нә­тижесінде басым дауысқа ие болған «Нұр Отан» партиясына Мәжілістегі 98 орынның 84-і берілді. Бұл айқын жеңіс еді.
Сайлау алдында халыққа берген уәдені орындау үшін партия нақты іске кірісті. 2016 жылы түрлі санат­тағы азаматтарды қамтитын «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлы дала елі», «Ба­қытты отбасы», «Бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам», «Жастар – Отанға!», «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобаларын жүзеге асырды.
– «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы 2016 жылы пилоттық жоба ретінде Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске асырылды. «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» деп аталатын жобаны іске асыру үшін «Нұр Отан» партиясы мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірлескен Меморандумға қол қойдық. Аталған Меморандумның тұрақты жұмыс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлікті дамытуды көздеген еді. «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында қаржы ұйымдары шаруашылық ашып, ет, сүт өнімдерін өндірумен айналысатындардан сойысхана, өнім сапасын анықтайтын зертхана, тоңазытқыш, өнімдерді тасымал­дайтын жабдықталған көлік, жем-шөп дайындайтын цех және өзге де керекті техниканың болуын талап ете алатын болды. Шағын несиенің аясында ауылдық тұтыну коопера­тивін ашып, қажетті техниканың барлығын бір жерге рәсімдеді. Бұл жобаның арқасында арзан несие алған шаруа адамы дайындаған өнімін жарақтандырылған әрі үйінің іргесіндегі кооперативке өткізіп, келесі малын алып, семірту жұмыстарын да жүргізді. Нәти­жесінде ауыл халқы әрі жұмыс, әрі қаржы тауып, өмірлік несібесіне айналатын кәсіптің іргетасын қалады, – дейді ол.
Сондай-ақ жеке қосалқы шаруа­шылық негізінде ұсақ тауарлық өндіріске «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен шағын несие беру жолға қойылды. Жоба аясында ауыл тұрғындарына ұсақ мал бордақылау алаңдарын ашуға 6 млн теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмендетілген мөлшерлемемен шағын несие берілді. Бұл ауылдағы ағайынның қорасы малға толған кезеңге айналды.
Асқар Исабекұлының баста­масымен «Мейірімді жүрекпен» қоғамдық қозғалысы құрылып, республика бойынша барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда қайырымдылық көмек жинайтын орталықтар ашылды. Ол жерлерде тұрмысы төмен, аз қамтылған, көп балалы отбасыларына жиһаздар, киім-кешектер мен ыдыс-аяқтар берілді. Арнайы волонтерлар тобы жасақталып, әлеуметтік аз қамтыл­ған отбасылардың базасы дайын­далды. Ірі кәсіпкерлерді тарту ар­қылы көмек көрсетілді. Сол орта­лықта көмектесемін деген азамат­тардың заттары қабылданып, хи­миялық тазалаудан өткізілді.
Ал «Кедергісіз келешек» жобасы аясында екі жылдың ішінде 1800-ден астам инфрақұрылым нысан­дары бейімдеуден өтті, мектептердің 30 пайызында мүмкіндігі шектеулі балалар оқуға арналған жағдай жасалып, инклюзив білім беру жүйесі дамыды. Сонымен қатар Мүгедектердің құқықтары туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының кон­венциясы бекітілді. Бұл мәселелер «Нұр Отан» партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасында басым бағыттар ретінде анықталған еді.
– Мүмкіндігі шектеулі азамат­тарға мемлекеттік қолдау көрсету Елбасы саясатының күн тәртібінен түскен емес. 2016 жылы қаңтардан бастап мемлекеттік төлемақы 25 пайызға, үкіметтік емес ұйымдар арқылы көрсетілетін мемлекеттік тапсырыс 40 пайызға артты. Партиялық жобаның аясында 22 мың адам жұмысқа орналасты­рылды, – дейді Асқар Исабекұлы.
Орталық аппараттағы «Нұр Отан» партиясының баспасөз орта­лы­ғының ашылуы да А.Мырзахме­тов басшылығы тұсында болды. Бұл орталықта жүйелі түрде аптасына 2 рет түрлі министрліктер мен коми­теттердің басшылары мен орынба­сарлары партияның бақылауында тұрған мемлекеттік бағдарлама­лардың орындалу барысы туралы БАҚ өкілдеріне брифинг беріп тұрды. Бұл билік пен халық арасын жақындатуға септігін тигізді. Бір жылға таяу уақыттағы жұмыстың барлығы партияның бүгінгі беде­лінің қалыптасуына оң ықпал етті.

Айдана БЕГІМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*