БАҚЫЛАУ БӘСЕҢДЕМЕУІ КЕРЕК

639
0
Бөлісу:

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының саяси кеңесі және саяси кеңесі бюросының кеңейтілген жиыны өтті. Бұл шараға облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының төрағасы Алтай Көлгінов қатысып, жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде өңір басшысы өткен жылғы атқарылған жұмыстарды саралап, алда тұрған міндеттерді жүзеге асырудың жай-жапсарын елеп-екшеу қажеттігін айтып өтті. Сондай-ақ өңір басшысы өз сөзінде Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген міндет-мақсаттардың орындалу барысына да екпін түсіріп, ерекше тоқталды. Сонан кейін мінберге көтерілген «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен біздің өңірде 3-6 жас аралығындағы балдырған­дарды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 100%-ға жеткенін айтып өтті. 

– Цифрландыру талабына сәйкес Орал қаласында бала­бақша кезегіне тұру электронды нұсқаға көшірілді. Енді аудан­дарда осы жүйеге көшіп, жария­лылық тала­бына сәйкестен­ді­рілмек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы­ның тала­бына сәйкес мектепке дейінгі ме­кемелер бей­небақылау жүйесі­мен қамтылуы шарт. Бұл мектепке дейінгі ме­кемелердің жұмысын ата-аналар тарапынан қадағалауды қамта­масыз етеді. Балабақшаларды айтпағанда, 2020 жылдың
1 қыр­күйегіне дейін орта білім беретін мектептердің өзі 100% бейне­бақылау жүйесімен жаб­дықталуы керек. Бүгінгі таңда облыс аума­ғындағы 380 мек­тептің 234-інде ішкі және сырт­қы бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Со­лардың 63-і – қалалық, 171-і –ауылдық білім ошақтары. Облы­сымызда «Ба­лалар үшін тегін IT сынып» партиялық жобасы ая­сында облыс бойынша 15 IT сынып ашылып, 2000 оқушы білім алуда. 2019 жылы облыста 50 ІТ сынып ашылады.
ІТ мамандарды даярлау бойынша Батыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің база­сында ІТ орталық жұмыс жа­сауда. Орталықта 30 маман оқу курс­тарынан өтіп, бүгінде ашыл­ған ІТ сыныптарда білім беріп жатыр. Биылғы қараша айында ІТ сыныптар бойынша өткен рес­публикалық онлайн олим­пиа­дада облыс оқу­шылары бірінші орын алды, – деді Серік Сүлеймен.
– Міне, осы жетістіктің өзі – партиялық жүйелі де са­палы бақылаудың бір нәтижесі. Сол себепті қай салада да сапаға негіз болар партиялық бақы­лауды бәсеңдетуге болмайды. Орал қаласының 700 гектар ау­маққа салынатын жаңа «Ақ­жайық» ау­данына қатысты құ­ры­лыс жұмыс­тарының сапасы да ұдайы пар­тиялық бақылау комис­сиясының қадағалауында болуы тиіс. Пар­тиялық бақылау тек облыс орта­лығында немесе қаланың төңі­ре­гіндегі елдіме­кен­дерде салынып жатқан ны­сандарда ғана емес, алыс аудан, шалғай ауылдарда да жіті жүр­гізілуі шарт, – деп пікір қосты Алтай Сейдірұлы.
Еліміздің өңірлеріндегі апат­ты жағдайдағы және үш ауысым­дық мектептерден арылу үшін респуб­ликалық бюджеттен 2019-2021 жылдары 50 млрд теңге бөлінбек. Әлгіндей мақ­сатта біздің облыста 6 мектеп салу көзделуде. 2019 жылы Батыс Қазақстан облысында үш білім ошағын салу жоспар­ла­нып жатыр. Ақжайық ауданының ор­талығында 300 оқушыға ар­нал­ған мектеп 100 орындық ин­терна­тымен қоса салынбақ, Орал қала­сында 900 оқушыға арналған №51 мектеп және Қазталов ау­данының орталы­ғында 900 оқу­шыға арнал­ған білім ошағы бой көтермек, – дей келе, Серік Кенжебекұлы об­лыстың ден­саулық саласы мен денешы­нықтыру-сауықтыру инфра­­құ­рылымдарын қалып­тас­тыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төраға­сының бірінші орынбасарының назарынан үш тұғырлы тіл мен жер мәселесі, ден­саулық сақтау мен құрылыс сала­лары, әсіресе, халықты тұрғын үймен қамтуды жақсарту үшін қолға алынған «7–20–25» бағдар­ламасы да тыс қалмады.
– Жаңа жылдың алғашқы айынан бастап облыстағы 1100 медицина қызметкерінің жала­қысына 20% үстемеақы қосы­лады. Денсаулық сақтау сала­сына қа­тысты 121 форма цифрландыру талабына сәйкес қағазсыз құжат айналымына көшірілді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Нұрданат Беркінғали.
Жер телімдерін беруге қа­тысты дау-дамай мен күдік-кү­мәннан арылудың төте жолы – ашықтық, жариялық. Сол себепті облыс басшысы бос жатқан жер телім­дерінің кар­тасы ZEM.kz порта­лында көрініс табуы тиіс екенін, бұл әсіресе, кәсіпкерлікті өріс­тетуге оң ықпал ететін фактор екенін қадап айтты. Орал қала­сының әкімі Мұрат Мұқаев бұл бағыт­тағы жұмыс бір ізге түскенін, кәсіпкерлік кәдеге жарар жер телімдері міндетті түрде аук­циондық сауда-саттыққа шыға­ры­латындығын мәлімдеді.
– Партиялық бақылау комис­сиясының басты мақсаты – партия жарғысы мен партияның бағдар­ламалық құжаттарының шешімін партия ұйымдары мен партия мү­шелерінің орындауына бақылау жасау және жемқор­лықпен күрес саласында партия саясатын пәр­менді жүргізу, – деп бастады сөзін «Нұр Отан» партиясы Батыс Қа­зақ­стан об­лыстық филиалына қарас­ты партиялық бақылау ко­мис­сия­сының төрағасы Мәлік Құлшар.
– Қазақстан Президенті, пар­тия Төрағасы Н.Назарбаевтың партия ұйымдарының алдына айқындап берген негізгі бағыт­тарының бірі – партиялық жауап­­кершілікті арттыру, қара­пайым адамдардың мұң-мұқ­тажына мұқият көңіл бөлу, мемлекеттік қызметкерлерден Әдеп кодексін бұлжытпай орын­далуын талап ету, тұрғын­дарға неғұрлым жақын болып, олар­дың талап-тілектеріне құлақ асу. Осыған байланысты облыстық филиалдың партия­лық бақылау комиссиясы есепті мерзімде бірқатар жұмыс атқарды.
Аймақтық партия комис­сиясы отырысында партияның Орал, Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе аумақтық филиал­дарында пар­тиялық мүшелік жарналардың уақытылы және толық жиналуы­ның барысы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фрак­циясының инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген қара­жат­тарды және бюджеттік қара­жаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша құ­рылған комис­сия­лардың жұмысы туралы мәсе­лелер қаралды.
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының 2015 жылғы 19 қарашадағы (№034) қаулы­сымен бекітілген «Мемлекеттік, өңірлік бағдарламаларды пар­тиялық мониторингтеу және бақылау туралы» ережесіне сай, Батыс Қазақстан облысы бойын­­ша пар­тиялық мони­торинг және бақылау көр­сет­кіштері тізіміне ақпарат жинақ­талып, аумақтық партия фи­лиалдарында партиялық мо­ниторинг және бақылау топ­тары құрылды. Құрылған топтар жұмыстарын жоспарға сай жүр­гізіп келеді.
Мүдделі мемлекеттік құры­лымдардың өкілдері және пар­тиялық бақылау тобы мүше­лерінің қатысуымен партия бағдарла­маларының орын­далуын тексеру мақсатында жер­гілікті жерлерде рейдпен жиі шығып тұрады. 2018 жылы осындай 94 рейд өткізілді.
«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға бөлінген қара­жаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылауды жүзеге асыру мәсе­лелері бойынша мәслихаттар жа­нынан құрылған комиссия құра­мында, тұрғын үй құрылысы, жол құрылысы ны­сандарында болып, құрылыс сапасына мониторинг жүр­гізілді. Мемлекеттік, аймақтық бағдарламаларды іске асыруға бюджеттік қаражатты тиімді іске асыруға байланысты анықталған кемшіліктер болған жоқ, – деді Мәлік Иманқұлұлы.
«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының мә­ліметіне қарағанда, ішкі пар­тия­лық тәртіпті нығайтуға қатысты нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, партия жарғы­сының талаптарын сақтамағаны үшін есепті кезеңде 17 партия мүшесі партиялық жазаға тар­тылған. Осы көрсеткішті тар­қа­тыңқырап айтар болсақ, сы­байлас жем­қорлық сипатындағы әрекет­терге жол бергені үшін 16 партия мүшесі партия қатарынан шы­ғарылып, 1 партия мүшесіне сөгіс жария­ланған. Егер осы мәліметті жіктеп-жіліктей түс­сек, жемқорлық әре­кетке бар­ғандардың ішінде тұрғын
үй – коммуналдық саласы бойын­­ша – 2, білім саласы бойын­­ша – 4, денсаулық сақтау саласы бойын­ша – 1, ауыл ша­руа­­шылығы бойынша – 1, вете­ринария саласы бойынша – 3, жеке кәсіпкерлік бойынша – 1, басқа мемлекеттік құрылымдар бойын­ша 4 қызметкер партиядан шығарылып, 1 мем­ле­кеттік қызметшіге сөгіс жария­ланған.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес майданындағы жұмыстың пәр­­менділігін арттыру үшін пар­­­тия­­лық комиссиялар «Ақ­жайық –­ адалдық алаңы» акция­ларына белсенді атсалыспақ. Аумақтық партия комиссия­ларымен бірлесіп аудандарда көшпелі мәжілістер ұйымдас­тыр­мақпыз, – деді сөзін түйіндей келе «Нұр Отан» партиясы БҚО фи­лиалы партиялық бақылау комис­сиясының төрағасы Мәлік Құлшар.
Күн тәртібіне қойылған мәсе­лелер бойынша облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық фи­лиа­лының төрағасы Алтай Көлгінов­тің ұсынысы және кеңей­тілген жиынға қатысушы партия мүше­лерінің дауыс беруімен тиісті қаулылар қабыл­данды.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*