ЖҮРЕККЕ ЖЕТКЕН ЖАН ЖЫЛУЫ

680
0
Бөлісу:

Атырау облыстық Қарттар үйінде жаңа жылға арналған «Қарттарым-асыл қазынам» атты мәдени іс-шара өтті. Оған «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қарттарды құттықтауға келген көшбасшы партияның Атырау филиалы өкілдері, облыстағы мұнай компанияларының өкілдері мен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының өнерпаздары қатысып, қарияларға жан жылуын дарытар сөздер арнап, сыйлықтар берді.

Тағдыры ерекше күтімге арнал­ған үйде өтіп жатқан қарияларға, ән мен күй, би мен өлеңдер арнал­ған шарада ешкім күтпеген сыйды Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының сурет бөлімінің мұғалімі мен оқушылары жасады.
Сурет өнерінен дәріс беретін Мейірбек Бақтияр өзінің сурет­шілік өнерге үйретіп жүрген оқу­шыларымен бірігіп бастама кө­теріп, қалалық жастар ресурс­тары орталығының «Сенің бастамаң» атты жоба аясында қолдап көріп, Қарттар үйіндегі 100 ата-әжелердің пор­треттерін майлы бояумен са­лып, мерекелік шарада қария­лар­ды ерекше қуантып, сыйлық жасады.
– Жаңа жыл қарсаңында қа­рияларды қуанта алғанымызға өзіміз риза болдық. Олардың риясыз күлкісін көрудің өзі ғани­бет. Жалпы қариялар үйіндегі қарт­тардың жеке портреттерін салу идеясы осы үйдің жанынан өтіп бара жатқанда ойыма келген еді. Бір күні әдейілеп барып, олар­дың суреттерін сұрап алдым. Туынды­ларды салуға 1 ай уақытым кет­ті. Портреттерді бояуда шәкірт­терім көмектесті. Жаңа жыл күн­дері жақындай түскенде тіпті қобал­жыдым. Бірақ 100 портрет сәт­ті шыққанын қариялардың ра­зы болғанынан аңғарып қуандық, – дейді Мейірбек Бақтияр.
Адамдарға жақсылық жасауға асығып тұратын, уақытын аямай­тын, қуантуды мақсат етіп тұратын адамдардың барлығын көру, мейірім атаулыдан жұрдай бола қоймағанымызды дәлелде­ген­дей. Бұл ойымызды Қарттар үйінің тұрғыны Людмила Худина да құптайды.
– Бүгін кішкентай балаша қуа­нып жүрміз. Портрет­те­рі­мізді сыйлағанда, ерекше сый­лық­­қа қатты қуандық. Жаңа жыл құт­­ты болсын! Мереке ал­дын­­­да бізге қуаныш сыйлаған әр адамға алғысымыз шексіз, – деді ол.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*