Кино заңынан күтеріміз көп

437
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Кинематография туралы» заң жобасы мен оған түзетулер енгізу жобасына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Заң жобасын Сенат 6 желтоқсанда, Мәжіліс 31 қазанда мақұлдаған еді.

Аталған заңның аясында фильм­дерге мониторинг жасайтын Біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру қолға алынады. Соған сәй­кес, ендігіде Қазақстан аумағында фес­тиваль, семинар мен ретрос­пек­ти­валардан басқа жерлерде фильм мем­лекеттік фильмдер реестрінде тір­келіп, рұқсат алған соң ғана ай­налымға шығады. Осыған дейін заң жобасын мәжілісте таныстырған Мә­дениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы жобада «Кино қорын» құру және фильм түсіруші студияларға осы қор арқылы қаражат бөлу қарастырылғанын айтқан. Оның айтуынша, студиялар кино түсіруге қажет қаражаттың жартысын өздері табуға міндеттеледі.
Сонымен бірге, жаңа заңда ки­не­ма­тографистер құқығы, «Қазақ­­фи­льм» киностудиясы аумағында еркін экономикалық аймақ құру, шетелдік өнімдерді қазақ тіліне аудару, қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілу уақы­тын анықтау жайы да қарас­тырылған. «Кинематография туралы» заң жо­басы мен оған түзету­лер енгізу аясын­да Әкімшілік құқық­бұзушылық ту­ра­лы кодекске, Салық кодексі мен «Мә­дениет туралы» заңға өзгеріс ен­гізіледі. Қазақстанда бұған дейін ки­нематография туралы, кино өндірісін рет­тейтін арнайы заң бол­маған еді.
Қазақ киносының қадірі қашқан тұс­та аталған заңның қабылданға­ны – үлкен жеңіс. Осы кезге дейін кино са­ласының мамандары бұл күнді асы­ға күткен еді. Талай жерде айтылып та, жазылып та жүрді. Енді арнайы заң­ның қабылданғаны кино саласы­ның өркендеп, дамуына жол ашады деген сенім мол. Күрделі де ауқымды дү­ниенің ақыры іске асырылғаны оң өз­герістердің бастауы болуы тиіс.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*