Зейнетақы тағайындауда не өзгерді?

219
0
Бөлісу:

2019 жылдың жаңалықтары зейнетақы жүйесін де айналып өтпеді. 1 қаңтардан бастап, әйелдер зейнетке 59 жастан жіберіліп, ең төменгі зейнетақы мөлшері 36 908 теңгенің төңірегінде тұрақтайды. Базалық зейнетақы жаңа тәртіппен тағайындалып, өтінім беру процесі жеңілдейді. Осы және өзге де өзгерістер жөнінде шағын шолу жасап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Зейнет жасы сізбен қатар өседі
2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, әйелдердің зейнетке шы­ғу уақыты 59 жас деп өзгереді. Ер­лер үшін бұрынғыша – 63. Әйел­дердің зейнет жасын жыл сайын сатылап өзгерту 2018 жыл­дан басталған. Мемлекеттік ше­шім 1960-1964 жыл аралығында туған әйелдерге қатысты қолда­ны­лады. 2027 жылға дейін жалға­са­тын зейнет жасын ұлғайту про­цесі әр жылы белгіленген жас мөл­шеріне алты айдан қосып оты­рады.
1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралы­ғын­да экологиялық қауіпті аймақта тұр­ған немесе Семей полиго­нын­да зардап шеккен ер адамдар 50, әйелдер 45 жасында зейнетке шы­ғады. Бес немесе одан артық ба­ланы өмірге әкелген, асырап ал­ған және 8 жасқа дейін тәр­бие­леген аналар зейнет жасын 53-ке дейін қысқартуға мүмкіндік ала­ды.
Одан бөлек, сақтандыру ком­паниясымен шарт жасасқан са­лым­шы зейнетке ерте шыға ала­ды. Әйелдер үшін 50 жас 6 ай, ер адамдарға 55 жаста аталған нұс­қаны пайдалануға болады. Бұл жүйені Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің бас­қарма басшысы Жадыра Дәулет­ханова Informburo ақпараттық порталына берген сұхбатында былай түсіндіреді:
– Жаңа жылдан кейін әйелдер есеп шотына 13,5 млн теңге жи­наса, 50-ден 6 ай асқанда зейнет­кер­лікке шыға алады. Биыл 12 млн теңгеңіз болса, зейнетке шы­ғуға мүмкіндік бар еді. Ал ер­лер 55 жас­қа дейін 9,6 млн теңге жи­науы керек. Сол кезде ғана зей­нетке ерте жіберіледі. 2018 жы­лы бұл сома 9 млн теңге болды. Жыл сайын жинайтын ақшаның кө­лемі де өсіп келеді.

Көп еңбек етсең, сәл артық ақша аласың
Базалық зейнетақы – зейне­та­қы жасына жеткен азаматтарға мемлекет тарапынан төленетін мін­детті әлеуметтік көмек. Бұрын бұл көмек еңбек өтілі мен зейне­та­қы қорына жасалған аударым­дарға тәуелді болмайтын. 2018 жыл­дың 1 шілдесінен бастап ба­за­лық зейнетақы еңбек өтілі мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты есеп­те­леді. Оған дейін барлығына бір­дей 15 274 теңге көлемінде база­лық зейнетақы төленіп келсе, ен­ді 10 жыл немесе одан кем жұ­мыс істегендер ең төменгі күн­кө­ріс деңгейінің 54 пайызын, ал он жылдан артық еңбек өтілі бар аза­маттар әр үстеме жыл үшін 2 пайыз­ға артық төлем алады. Мә­селен, 2019 жылы ең төменгі күн­көріс деңгейі – 29 698 теңге. Де­мек, 20 жыл еңбек еткен азамат 29698 теңгенің 54 пайызына қо­сым­ша үстеме он жыл үшін 20% алады.
Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Мадина Әбіл­қасымова есептеудің жаңа әдісін та­ныстыру барысында «Еңбек өті­лін толық есепке алу үшін 2 мил­лионға жуық зейнеткердің құ­жаттары қаралды. Бір миллион адам ең төменгі күнкөріс дең­гейі­нің 100 пайызын, 930 мың азамат 37 мен 81 пайыз аралығында үсте­ме ақша алады – деп түсіндірді.

ТАБЫСТЫ ҮШ ЖЫЛДЫ ТАҢДАУ ҚҰҚЫҒЫ БЕРІЛЕДІ
Ынтымақты зейнетақы – аза­маттың еңбек өтілі мен 1998 жыл­дан бастап жинақтаушы қорға өт­кізген жарнасына сәйкес есеп­телетін төлем. Одан бөлек, енді ын­тымақты зейнетақыны та­ғайын­дау кезінде 1995 жылдың 1 қаң­тарынан бастап, азаматтың ең­бек өтіліндегі кез келген 3 жыл­ды таңдауға болады. Бұл туралы ойы­мен Жадыра Дәулетханова бө­лісті:
– Сіз 2019 жылы зейнетке шық­тыңыз делік. Еңбек өтіліңізді 40 жыл деп алайық. Соңғы үш жыл­да жұмыс істемеуіңіз де мүм­кін. 2016, 2017, 2018 жылдары 80 мың ғана жалақы алдыңыз. Оған дейін айлығыңыз – 150 мың теңге бол­сын. Бұл жағдайда сізге жа­лақыңыз жоғары болған кездегі көрсеткіштердің есепке алынғаны тиімді. Сондықтан 40 жылдық ең­бек өтіліндегі кез келген үш жыл­ды таңдап, сол уақыттағы та­бысыңызды дәлелдеп беруге бо­лады. Зейнетақы соған сәйкес та­ғайындалады.
Бұрын зейнетақы қорының са­лымшылары жинақталған ақ­шасын ай сайын, тоқсан сайын не­месе жылына бір рет алу нұс­қаларының бірін өз қалауы бойын­ша таңдаса, енді бұл төлем­дер әр айға бөлініп беріледі. Зей­нетке шығу туралы өтінім бе­ріл­ген сәтте, салымшының жинақ қаржысы 12 еселенген ең төменгі зей­нетақы мөлшеріне тең (36 908*12 = 442 896 ) немесе одан аз болса, бұл төлем бірден қолға бе­ріледі. Жинаған ақшаңыз 442 896 теңгеден артық болған жағдайда, ай сайынғы төлем есебінде алып отырасыз. Шет елге тұрақты өмір сүруге қоныс аударған азамат жи­нақталған соманы толық алуға құ­қылы. Ай сайынғы төлем алып оты­рып, өмірден өткен азаматтың қал­ған қаржысын оның мұра­герлері еншілей алады.
Тағы бір жаңалық қағаз ай­на­лымын қысқартатын «бір те­резе» қағидатымен байланысты. Осы­ған дейін зейнетке шығу үшін тол­тырылатын өтініштердің әлегі көп болатын. «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпо­ра­ция­сына 3 өтініш, базалық зей­не­тақы төлемін тағайындау үшін 2 өтініш жазатын азамат бір айдан кейін зейнетақы жарнасының со­ма­сы мен зейнетақы жинақт­а­рының арасындағы айырмасын білуге тағы өтініш тапсыратын. Ал бірыңғай жинақтаушы зей­не­тақы қорындағы жинақтар есебін білу тағы қосымша қағазды талап ететін. 2018 жылдың 1 шілдесінен бас­тап жеңілдетілген тәртіпке сай аза­маттар бір өтініш ғана тол­тырады әрі оны онлайн жасауға мүмкіндік алады. Өтінішті БЖЗҚ сайтында 1,2 топтағы мүгедектігі бар, зейнетақы алуға алғаш рет ын­та білдіріп отырған, электрон­ды цифрлық қолтаңбаға ие, шот­тары бұғатталмаған, банкте тең­геде ашылған есепшоты бар аза­мат қалдыра алады. Бұл туралы Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Мадина Әбіл­қасымова «Зейнет жасына жет­кендер зейнетақы тағайын­датуға құжаттарын 1 шілдеден бастап бір ғана мемлекеттік корпорацияға тапсыратын болады. Ол үшін бір­неше құжаттар тізімі мен өті­ніш беру жеткілікті. Ал мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйесі ав­томатты түрде іске қосылады. Со­нымен қатар зейнетақы мөл­шері автоматты түрде есептеліп, жеке тұлғаның зейнетақы шотына аударылады – деп мәлімдеген бо­латын.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*