ҚОР БАСПАНАСЫЗДЫ ҚОЛДАЙ МА?

202
0
Бөлісу:

Өткен жылы жазда іске қосылған «7–20–25» бағдарламасы аясында екі мыңнан аса қазақстандық пәтерге ие болды. Астанада жеңіл­дікпен ипотекаға ие болғандар саны 860 болса, Шымкентте – 49. Маңғыстау облысында 216 өтініш мақұлданса, Солтүстік Қазақстанда – 2 ғана. Күз ортасында жария болған осы дерекке байланысты Президент бағдарламаға қолдау көрсетпеген шенеуніктерге сөгіс жариялап, жыл соңында басшылар қызметін «7–20–25» бағдарламасы бойынша бағалайтынын айтқан болатын.

«Үкімет жұмыс істемейді, Ба­қытжан (Сағынтаев – Пре­мьер-министр – ред.). Әкім­дер жұмыс істемейді. Бар­лық әкімдерден сұраймын, адам­­дарға жақсы болу үшін тағы не істеу керек?», – деді ке­зекті жол­дауын­­да Ел­ба­сы. Сон­да бағ­дар­ламаны жүзеге асы­руда көш бас­тап тұрған Ас­­тана (864 ма­құл­данған өті­ніш), Ал­маты (757), Маңғыстау об­лы­сы (216), Шығыс Қа­зақ­стан облысы (188), Ақмола облысы (154) болса, Түркістан об­лысы, (0 өтініш), Солтүстік Қа­зақстан облысы (6), Павлодар об­лысы (12), Жамбыл облысы (34), Кос­танай облысы (45) аут­сайдерлер қатарынан табылды.
Есте болса, екі мыңыншы жылдардың ортасында Мем­лекеттік бағдар­ла­ма­мен үй бе­рілетін кезде құжат тап­сыру­шылар тұрғын үй де­пар­та­мент­терін төңкеріп жібе­рер­дей ке­зекке тұратын. Ал ол кез­де ипо­­теканың бастапқы жар­насы 10 пайыз, жылдық пайыз­дық мөлшерлеме де 10 пайыз болды. Қанша жылға алу­ды өзіңіз шешесіз. «7–20–25» бағ­дарла­ма­сында 7 пайыздық став­ка бола тұра 2006 жылдардағы серпін байқалмайды. Неге?
Сарапшылар бұл тенден­ция­ны тұрғын үйлердің жетіс­пеу­шілігімен, жекеменшік құрылыс компанияларының Астана мен Алматы қалаларында ғана үй салуды қалайтынымен, құ­рылыс компанияларының ай­мақтарға барғысы келмей­тінімен түсіндірді. Себебі, құ­рылыс компаниялары аймақ­тар­дағы халықтың төлем қабі­ле­тінің төмендігінен ол жақта үй салғысы келмейді екен. Соң­ғы себептің жаны бар. Кімнің бас­паналы болғысы келмейді дей­сіз, бәрінің қолын байлай­тын бастапқы жарна. Осы мәселені шешу үшін былтыр қазан айында Сенат депу­тат­тары «7–20–25» ипотекалық бағ­дар­ламасы бойынша пәтер сатып алуға қаражаттары жет­пейтін қазақстандықтарға Бі­рыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорындағы өздерінің зейнетақы жинақтарын беруді ұсынған-ды. Сенаторлар мұндай тәжіри­бе­нің шетелдерде қолданы­ла­тынын айтуды да ұмытпады.
– Бастапқы жарна құюға ақ­шалары жеткіліксіз жас­тар­дың «7–20–25» ипотекалық бағ­дарламасына қатысуына қолдау көрсету үшін оларға зейнетақы қорының қаражатын бағыттап, неге көмектеспеске? Мен үш-төрт пәтері бар адамдар жайлы емес, басында баспана-сы жоқ­тар туралы айтып отыр-мын, – де­ген еді Сенат депутаты Нари­ман Төреғалиев.
БЖЗҚ басшысы Нұрбүбі Нау­рызбаева заң мұндай фун­к­цияны қарастырмай­ты­нын, зейнетақы қорындағы ақша тіпті адал еңбектің арқасында жиналса да, қандай да бір мү­лікті сатып алуға бағыттал­ма­ға­нын айтып, ұсынысты қол­да­мады.
Баспанасыз халыққа қаржы қи­маған БЖЗҚ «ҚазАгро» ұлт­тық холдингіне келгенде «жо­марттық» танытты. «ҚазАгро» холдингінің 450 млрд теңге тұратын облигацияларын сатып алды. Ал аталған холдингтің Қор қаржысын қайтару қабілеті күмәнді, себебі холдинг қарызға белше­сінен батып отыр. Оны біз емес, вице-премьер, ауыл шаруа­шы­лығы министрі Өмір­зақ Шөкеев өткен жылдың ма­мырында айт­қан. Оның дере­гінше, «Қаз­Агро» 2017 жылы 126 миллиард тең­геден астам шығынға батқан. Сөзбе-сөз кел­тірсек, «…кезінде ком­пания шетелден валютамен несие алып, оны басқа екінші деңгейлі банктерге теңгемен сал­ған. Кейін девальвация бол­ған кезде бағам айырмашылығы шықты. Сосын, кейбір екінші деңгейлі тұрақсыз банктерге ақ­ша салы­нып, салдарынан 58 миллиард теңге жоғалды. Был­тырдан бері бұл тапшылықты жойдық. Қазір капиталды ұл­ғай­тып, транштар мен капи­талға ақша құйып жатырмыз. Сосын, валютамен алған не­сиелерді теңгеге ауыс­тыруға ты­рысып жатыр­мыз. «ҚазАгро» үкіметтің ауыл шаруа­­шылығы саласындағы не­гізгі операторы болғандық­тан, оның банкрот болуына жол бермейміз, жағ­дайын жақсар­тамыз» деген. Демек, БЖЗҚ құй­­ған инвес­ти­ция да холдинг қарызын жабуға жұмсалады.
Әрі қарай айтсақ, холдингтің еншілес компаниясы ауыл шаруашылығы саласында пай­даланылатын ұшақтар шығару үшін Қарағандыдағы «Қаз­Авиа­Спектр» зауытына қомақты ақша салды, бірақ бірде-бір ұшақ көрмедік. 13 миллион дол­ларға бағаланған зауыт ал­дыңғы жылы кәсіпорынның мүлкі мен аумағын үш миллион долларға да сата алмады деген дерек бар. Аустралиядан сатып алып, Boeing ұшағымен Қазақстанға әкеле жатқан асыл тұқымды сиыр­лардың қырылған оқиғасы тағы бар. Мұндай кері кеткен жобаларды іздесек, шыға береді. Айтпағымыз, табысынан шы­ғыны көп холдингке құйған қаржы қайта ма, әлде құмға сің­­ген судай жоғала ма? Оны уақыт еншісіне қалдырамыз. Оның жанында «7–20–25» бағдар­ла­ма­­сына қаржы берсе, қай­тары­мы болар еді дейді сарапшылар.
– БЖЗҚ Қор ақшасына қол сұғуға болмайды, Әзірбай­жанға кеткен ақша – анау. Бүйте бер­се, халықтың Қорға деген се­ні­мі жо­ғалады. Өйткені кеңес за­­манында өмір бойы жинаған ақшасынан айырылып қалған­дар әлі де бар. Сондықтан бұл қатаң қадағалайтын мәселе. Қор ақшасы, әрине, айналымда болуы керек, ол ақша сақтанды­рылған жобаларға, мемлекеттік облигацияларға салынуы тиіс. Ресейде Ана капиталы бар, Ана капиталын тұрғын үйге жұм­сауға рұқсат етілген. Сол сияқты Зейнетақы қорындағы ақшаны «7–20–25» бағдарламасына қол­­­дануға әбден болады және қа­­жет те. Қазіргі ең негізгі мә­селе – баспанасыздық. Егер сол мә­се­лені шешуге Қордан бері­ле­тін қаржы қолдау жасай алса, жүзеге асыруға болады», – дей­ді экономист Жангелді Шым­шықов.
Мәжіліс депутаты Құдай­бер­ген Ержан «ҚазАгроға» бе­ріл­ген қаржы қайтады дегенге сенсе де, көңілінде күдік бар.
– Қор қаржысын холдингке ин­вестиция ретінде құю туралы ше­шім қабылдағандардың бұ­рынғы жұмыстарында қандай оң нәтиже болғанына мән бе­рілуі керек деп санаймын. Олар­­дың жауапкершілігі қай дең­­гейде деген мәселе өте өзек­ті. Өзім банкир болып істе­ген­діктен, күдіктенетінім рас, ха­лық қаржысы жұмсалатын кез­де жеті рет өлшеп кесу маңызды. Ал «7–20–25» бағдарламасы үшін Қордан жи­нақтаған қар­жысын бер­геннен гөрі бастапқы жар­на­ны 20-дан 10-15 пайызға тү­сір­ген жөн. Оның үстіне бұл бағ­дар­ла­маға деген сұраныс аса жо­ғары емес. Мәселе сонда. Бағ­дар­ла­ма­ны «3–10–25» деп өз­гертсе… Өйт­кені, пәтерлердің шар­­шы метрі өте қымбат», – дей­ді Құ­дайберген Төлепұлы.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков «7–20–25» бағдарла­ма­сының бастапқы жарнасына қазақстандықтың зейнетақы қо­рындағы жинағынан ақша беруге болады деп санайды.
– Жас маманға 20 пайыз бас­тапқы соманы жинау қиын. Сондықтан зейнетақы қорын­дағы өз ақшасы ғой, берілсін. Оның қорға ақша жинап қойып, пәтер жалдап тұруы ақылға сый­майды. Қордағы жинақ ақ­шаны қалтасына салып жатқан жоқ. Бір қордан алып, екінші қор­ға береді. Ақша солай «жұ­мыс істейді». БЖЗҚ басшылығы бұған дейін таратып жіберген ақшаны жинап алсын, әуелі, жас­тардың өміріне тежеуіш бол­май. Бұрын біз егемен ел бол­сақ, халыққа тиімді заң қа­былдаушы ек деп армандай­тын­быз. Бүгін тәуелсіз елміз, заң қатып қалған дүние емес, өмір алға жылжыған сайын өзге­рістер енгізіліп тұруы заңдылық. Зейнетақы қоры туралы заң рұқсат бермейді деп қарсы бол­ғанды түсінбеймін. Өзгеріс ен­гізуге әбден болады. Тағы бір ай­тарым, «7–20–25» бағдар­ла­масы бойынша баспаналы бол­ған­дарды жұмыстан шы­ғар­майтын норма қабылданса… Себебі, ол біз­дің елдің азаматы, қарызы бар. Қарызын өтеп болғанша, қыл­мыс жасамаса, жұмыстан шы­ғарылмауы керек. Бұл ипо­тека қарызын қайтару тетікт­е­рінің бірі болар еді», – дей­ді эко­номист.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*