Есіл еңбектен – еселі еңбекке

162
0
Бөлісу:

Қазақстанда еңбек өнімділігі дамыған елдердегіден үш есе, кейбір салаларда тіпті 8-10 есе төмен. Бірақ бұл – «қазақ­стан­дық жұмысшылар жалқау» деген сөз емес. Сарапшылар осы көрсеткішке бизнес үдеріс­тің жеткілікті дәрежеде сапалы ұйымдастырылмауы, жабдықтардың көне болуы, кәсіпорындардағы техноло­гия­лардың артта қалуы ықпал ететінін айтады.

Еңбек өнімділігі өндірістің және тиісінше бүкіл ел эконо­микасының тиімділігін сипат­тайтын көрсеткіш саналады. Сондықтан алдыңғы қатардағы барлық мемлекеттер оған мән береді. Кеңес кезінде жұмыс­шылардың тиімді еңбек етуіне түрткі болу үшін «стахановшылар қозғалысы» мен «социалистік жарыс» ойлап табылды. Бірақ қысқа мерзім ішінде қаптаған рекордтар орнағанына қара­мастан, кеңестік ол тәсілдердің ұзақмерзімді кезеңде орнықты нәтиже бергені шамалы. Қазір қоғам да, заман да басқа. Қа­зақстан бұл көрсеткішін дамыған елдер тәжірибесіне сәйкес арт­тыруға күш салып жатыр. Өткен жыл­дың алдын ала қорытын­дылары осы саладағы жағдайды анықтап берді.
Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму бірінші вице-ми­нистрі Роман Склярдың айту­ынша, елімізде мысалға, индус­трияландыру арқасында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1,2 есеге артқан.
– Индустрияландыру жыл­дары бұл көрсеткіш 29,6 мың доллардан қазір 31 мың 400 дол­ларға дейін өсті. Еңбек өніміне көптеген факторлар ықпал ететіні сөзсіз. Дегенмен бірінші кезекте мемлекеттің жан-жақты қолдау көрсетуі нәтижесін беріп жатыр. Кез келген жаңғырту жұмыстары, цифрлы техноло­гия­ларды енгізу еңбек өнімділігінің ұлғаюына жол ашады, ал ол – өз кезегінде шы­ға­рылатын өнімнің бәсекеге қабі­летінің шешуші факторы. Осы бағытта ұдайы жұ­мыс атқарып жатырмыз, – дейді Р.Скляр.
Әйтсе де, оның байламынша, осы маңызды көрсеткіштің өсі­мін шектейтін факторлар бар, оның бірі – өңдеу өнеркәсібі са­­лаларын дамытудың техно­ло­гия­лық дең­ге­йі, оның артта қа­луы болып отыр.
«Мемлекет отандық кәсіп­орындарды қолдау үшін түрлі ынталандырушы құралдарды пайдаланып келеді. Атап айт­қан­да, «Өнімділік – 2020» бағ­дар­ламасы бүгінде қолданылатын бірқатар тетікті қарастырады. 2018 жылы кәсіпорындарға жаңа техноло­гия­ларды енгізгені үшін 500 мил­лион теңгеге жуық өтем­ақы тө­ленді. Сондай-ақ ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік конс­трук­торлық жұмыстарды суб­си­диялау көзделген. Бұдан бөлек, «Қазақ­станның даму банкі» ар­қылы кәсіпорындарға техно­ло­гия­лық қайта жарақтандырылып, бә­се­кеге қабілетті болуы үшін ли­зингтік несиелендіру ұсыны­лады. Экспортты қолдаудың ар­найы бағдарламалары да биз­несімізді сыртқы нарықтарға шығуға ын­та­ландырады, бұл еңбек өнімінің артуына жол ашады», – дейді Р.Скляр.
Дүниежүзілік банк сарап­шыларының айтуынша, қазақ­стандықтарды тіпті де еріншек, жұмысқа жоқ деуге болмайды. Жұмысқа жұмсалатын уақыт бойынша еліміз ешкімге дес бермейді. Мысалға, Статистика комитетінің «Еңбек өнімділігін есептеу әдістемесіне» сәйкес, Қазақстанда жұмыс уақытының ең жоғары қоры 1 920 сағатты (52 апта) құрайды. Салыстыру үшін алсақ, АҚШ-та жұмыс уақы­ты­ның орташа көлемі – 1 789 са­ғатты, Австралияда – 1 664 сағат­ты, Швецияда – 1 609 сағатты, Швейцарияда – 1 568 сағатты, Норвегияда – 1 427 сағатты, Германияда 1 371 сағатты құ­райды. Демек, халқымыз еңбек­сүйгіш, бірақ тиімділіктің төмен­дігі кесірінен сол есіл еңбектің біраз бөлігі еш кетеді.
Салдарынан, экономикалық өсімнің драйверіне, еліміздің жа­һандық деңгейде бәсекеге қабі­летінің басты факторына айналуы тиіс еңбек өнімі көр­сеткіші дамыған елдерден артта қалып жатыр. Не себеп? Дү­ние­жүзілік банктің таяуда тұсауы кесілген «Өнімділіктің стагна­циясы жағ­дайындағы эконо­микалық әр­тараптандыру» атты кеңауқымды зерттеуіне жүгінсек, бұған кәсіп­орын­дар­дағы тиімсіз басқару, жегіқұртқа баланатын сыбайлас жемқорлық және сот жүйесінің әлсіздігі де кері ықпал етеді екен.
– Сондай-ақ мемлекеттің қам­қорлығына жүгініп, масыл болып отырған ірі компания­лар­дың, соның ішінде квазисек­тордың және жеке бизнестің тиімсіз кәсіпорындары сақталып келеді. Дұрысы сол, өнімсіз компаниялар нарықтан кетуі керек. Әйтпесе, Қазақстан на­рықтық жаңарудың көптеген маңызды элементтерін толық­қанды жүзеге асыра алмайды. Қазақстанда ойыншылардың аз шоғыры, соның ішінде әсіресе, мемлекеттік кәсіпорындар ше­шуші тауарлық нарықтарда үс­темдікке ие. Ал талдау көрсет­кендей, жаңа технологиялы шағын және орта кәсіпорын­дар­дың өздері ескі әрі ірі кәсіп­орындарға қарағанда, әлдеқайда өнімді, – дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Фрэнсис Ато Браун.
Жаһандық қаржылық ұйым зерттеуі бойынша, елімізде өнім­­діліктің жыл сайынғы өсімі ­2010 жылға қарай 2%-дан аспай­тын деңгейге дейін төмендесе, ал 2014-2016 жылдары тіпті теріс мән­де болып, 2%-ға кеміп кеткен.
Әйткенмен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек эконо­миканың негізгі салаларында 2018 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш бойынша оң ди­на­мика байқалғанын айтады. Көлік саласында еңбек өнімі – 3,1%-ға, құрылыста – 9,3%-ға, өнеркәсіпте 4,3%-ға артқан. Өнер­кәсіп салалары бойынша өсім тау-кен өнеркәсібінде (9,1%), сумен жаб­­дықтауда (3,3%) тіркелген. Ма­шина жасауда – 11,5%-ға, химия өнеркәсібінде – 9,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 1,6%-ға ұлғайды.
– Алайда 2018 жылдың жар­тыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімінің индексі тек
98,2%-ды құрады. Өңдеу өнер­кәсібіндегі кері динамика сала­ның 40%-дан астамын қамтитын металлургиядағы еңбек өнімді­лігінің төмендеуімен байланыс­ты. Металлургиядағы өндірістің жалпы өсімі 3,7%-ды құрағанына қарамастан, еңбек өнімінің көрсеткіші 7,4%-ға төмендеді, – деді министр.
Оның түсіндіруінше, көрсет­кіштің кемуіне өткен жыл басы­нан бері негізгі металл түрлері бағаларының орташа есеппен 9-дан 20%-ға дейін құлдырауы себеп болды. Лондон металдар биржасының ақпараты бойынша бұған АҚШ пен ҚХР арасындағы «сауда соғыстары» және АҚШ долларының нығаюы әсер етті.
– 2017 жылы фармацевти­ка­лық саладағы өнімділік 138,3%-ды құраған болатын. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 17,4%-ға қыс­қар­ды. 2018 жылы «Химфарм» кә­сіп­орнында жөндеу жұмыс­тары жа­салғандықтан (оның са­ладағы үлесі 45%), сектордағы өндіріс көлемі 24%-ға, яғни 1 520 585 өнім­нен 804 мың 168 ке­ліге дейін күрт төмендеді, – дейді Ж.Қасымбек.
Сонымен қатар еліміздің 17 өңірінің 9-ы еңбек тиімділігін арттыруда өткен жылды жетіс­тікпен қорытындылады. Озықтар қатарында Қызылорда (153,9%), БҚО (126,3%), Маңғыстау (122,9%), Қостанай (108,7%), Ақтөбе (105,3%), Павлодар (104,7%), Ақмола (104,2%), Қа­рағанды (100,2%) облыстары және Алматы қаласы (108%) бар.
Индустрия және инфрақұ­ры­лым­дық даму министрі еңбек өнім­ділігін арттыруға кедергі бо­ла­тын негізгі бір фактор ре­тінде тех­но­логиялық артта қалу­ды ата­ды.
– Мәселен, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 80 пайыздан астамы қарапайым қол еңбегін немесе жартылай автомат­тан­ды­рылған өндірісті ғана қолда­нуда. Осыған байланысты, бірін­шіден, қаржылық қолдау құрал­дарын дамыту арқылы кәсіп­орындарды жаңғырту ісіне ин­вестиция құюға ынталандыру қажет. Екіншіден, өнеркәсіпті цифрландыру бо­йынша жоспар­ланған шараларды іске асыруды жалғастыру, кәсіп­орындарға қо­йылатын техно­ло­гиялық талап­тар мен стандарт­тарды жоғары­лату керек, – деп түйді Жеңіс Қасымбек.
Қазақстан бұл көрсеткішін жақсарту жолынан танбайды. Еңбек өнімділігі 2020-2025 жыл­дарға арналған Индустрия­лан­ды­рудың жаңа, үшінші бесжыл­ды­ғының негізгі индикаторларының бірі болып айқындалды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*