АУҒАНСТАН – ИГЕРІЛМЕГЕН КЕҢІСТІК

367
0
Бөлісу:

Ауғанстан Ислам Республикасы – Орта Шығыстағы мемлекет. 1978 жылдан бері азаматтық соғысқа тап болып, атыс-шабыс пен бомба жарылысынан және оның зардабынан әлі күнге арыла алмай жатқан елдің экономикалық ахуалы да төмен. Осы орайда бізді бейтаныс ауған елі, ондағы шындық пен жалғандықтың текетіресі, экспорттық һәм импорттық әлеует жағдайлары қызықтырды. Осы тақырыптар төңірегінде ауғанстандық жас сарапшы Ясир Рашидпен сұхбат құрдық.
– Ясир, 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айна­лы­мы 180,2 млн АҚШ долларын құрады. Бұл был­тырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3 пайызға жоғары (151,1 млн АҚШ доллары). Ауған нарығында біздің ел үшін қандай бағыт тартымды?
– Ауғанстанның экономикалық әлеуеті зор деп айтар едім. Себебі, біздің елде мұнай-газ кен орындары, тас, құрылыс материалдары көп. Ауғандар да Қазақстан нарығына өз тауарларын шығарудың тың жолдарын іздестіруде. Қазақстан жағынан кептірілген жеміс пен кілем, асыл тас, мәрмәрлар сұранысқа ие. Тұрақты көлік дәлізі ашылған кезде қазақ бизнесі біздің нарықтан өз үлесін алады деп үміттенемін. Қазір ең басты кедергі – транзит дәлізі. Бізде инфрақұрылым әлсіз. Елге келген, елден кеткен жүк көлемін уа­қы­тында қамтамасыз етіп үлгере алмайды. Биз­несті дамытудағы басты кедергі осы. Сон­дықтан ТМД теміржол ұйымы ынтымақтас­тығына мүше болуы біз үшін маңызды.
– Біздің кәсіпкерлердің ойынша, Ауғанстан Үнді мұхитына жетудің ең қысқа жолы болуы мүмкін. Бұған қатысты не айтасыз?
– Мүмкін. Ауғанстан – қазба байлықтарына бай ел. Инвестиция тартып, адамдарға жұмыс тауып беріп, мемлекеттілікті қалыпқа келтіру – біздің арманымыз. Пәкістанға, Үнді мұхитына өз жеріміз арқылы шыққымыз келеді. Көршілес елдердің барлығы үшін Ауғанстанның маңызы бар. Түркіменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанның қатысуымен ірі газ жобалары басталды. Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістанды қамтитын электр желісін тарту жөнінде CASA-1000 деп аталатын жоба бар. Ауғанстанға Түркіменстан, Өзбекстан арқылы тартылып жатқан теміржол желісі – аса қуатты инфрақұ­рылымдық жоба. Келешекке жоспарланып отырған Тәжікстан-Ауғанстан теміржолы Орталық Азия елдерінің жылы теңіздерге жақындай түсуіне мүмкіндік ашады. Бұл – аса ірі транзиттік ел, үлкен нарық көзі. Қазір Ауғанстанда 30 миллионнан аса халық тұрады. Бұл – үлкен нарық.
– 2018 жылы Ауған телеграф агенттігі Ауған­станның шахталар және мұнай өнеркәсібі минис­тр­лігінің жоғары лауазымды өкілі елде жаңадан 1,4 мың­нан астам пайдалы қазба кеніштері ашылғанын айтты. Бұл аса құнды байлық емес пе?
– Ауғанстандағы пайдалы қазбалар кенін 2010 жылы Пентагонның жұмыс тобы 908 млрд доллар деп бағалаған. Бірақ Ауған үкіметінің бағалауынша, ол – 3 трлн доллар шамасында. Осы ресурстарды тиімді пайдалану ел экономикасын түбегейлі өзгертер еді. Ауғанстанды кедейшіліктен, террор­лық озбырлықтан шығаруы мүмкін деп есептейді сарапшылар. Ауғанстан аумағынан өтетін газ құбырына қатысты жоба аяқталса, алдағы екі жыл ішінде «энергетикалық дәлізге» айналуға мүм­кіндік бар. 1735 шақырымға созылып жатқан «Түркіменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан» дәлізіндегі Ауғанстанның үлесі 735 шақырымды құрайды. Бұл мәселе 1990 жылдардың бас кезінде көтеріліпті. Қауіпсіздік мәселесі ушығып тұрғандықтан, кейінге шегеріліп келген. Газ құбыры арқылы жылына Түркіменстаннан 33 млрд текше метр газ тасымалдауға болады. Ауғанстанның өз аумағында сонау 70-жылдары мұнай және газ кен орны табылған болатын. Сол кен орындары әлі күнге игерілмей бос жатыр.
– Ауғанстан алыс-жақын көршілеріне қандай тауарларды экспорттай алады?
– ЭСКАТО Ауғанстан үшін өнімнің 200-дей түрін анықтады. Тоқыма, түсті металл, пластик – қосымша құны барынша жоғары салалар. Қолғап, күртеше, пальто, сырт киім, азық-түлік өнімдерін Ауғанстан өз күшімен өндіріп жатыр. Біздің ел минералдар шығарғанмен, өндіріс дамымаған. Оны экспортқа шығаруға мүмкіндік жоқ.
– Ауғанстан да – транзиттік дәліз. Оған Тәжік­стан, Пәкістан елдерін енгізіп, дәлізді кеңейте түсуге болатын шығар?
– Иә, біздің ел – трансшекаралық кең ауқымды саудаға да қолайлы аймақ. Соңғы 40 жылда әлем Ауғанстанды тек әскери тұрғыда, әскери күштер тұрғысында ғана қарастырып келді. Ауғанстан экономика тұрғысынан да қызықты. Бүгінгі таңда бұл ел барлық гуманитарлық ұйымдарды тартып отыр. Ал келешекте Ауғанстан Пәкістан мен Орталық Азия елдері арасындағы транзитті елге айнала алады.
– Есірткі саудасы Ауғанстан экономикасының 15 пайызын құрайды екен. Еңбек нарығында есірткіге тәуелді топтың белсенді жұмыс істеуі экспорт өндірісіне қаншалықты әсер етеді?
– Сіздің бұл мәліметті қандай ақпарат көздерінен алғаныңызды білмеймін. Бірақ бұл да Ауғанстан жайлы мифпен байланысты айтылып отыр деп ойлаймын. Заңды секторда жұмыс жасауға арналған мүмкіндік қалыптасса, адамдар қолын қылмысқа былғамайды. Жеке секторды дамыту және экономиканы әртараптандыру адамдарды заңсыз заттардың өндірісі мен айналымынан бойын аулақ салуға есік ашады.
– Ауғанстанның сауда көлемі мен экономикалық интеграциясы тым төмен. Неге?
– Тарифтік саясат кедергісін келтіруі мүмкін. Ауғанстан мен Орталық Азия арасында тарифтерде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ал Өзбекстанмен арадағы тариф айырмашылығы – 10 пайыз. Ауған­станнан экспортталатын және мұнда қымбат ба­ғамен сатылатын жекелеген тауарларға баж салығы тым жоғары. Егер басшылар тарифтік айыр­ма­шылықты азайта алса, онда ауғанның тропикалық жемістері бірден қазақ нарығына келер еді…
– Ауғанстандағы қазақтар жайлы не айта аласыз?
– Қазақтар негізінен Мазари-Шариф, Құндыз, Бағлан және Кабул қалаларында тұрады. Олар ауған дәстүрін ұстанады. Бірақ ұлттық дәстүрінен қол үзіп кеткен жоқ. Кабулде қазақ отбасыларымен көрші тұрдық. Балаларымен бір мектепке бардық. Олар үй ішінде қазақ тілінде сөйлесіп, бір-бірімен құда болуға тырысады. Қазақша сауатымды қазақ достарым ашты. Елде жүрген кезде ойымды жеткізетінмін. Ауғанстан заңы бойынша шетелде жоғары білім алу үшін сынақты жақсы тапсыруың керек. Мен Қазақстанды таңдадым. Алғашқы кезде қиындау болды. Дегенмен ынтаң болса, кедергі жоқ екен. Қазір Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде халық­аралық саясат саласы бойынша оқып жатырмын.
– Қазақ басылымдарын оқып тұрасың ба?
– Астанада тіркелген Ауғанстанның диплома­тиялық корпусында өндірістік тәжірибеден өттім. Қазақстандағы саяси оқиғалардан хабардар болып отыруды мамандығым міндеттейді.
– Біз сіздің ел туралы жазсақ, қандай ақпаратқа сүйенерімізді білмейміз. Сіздің ел шетелдік БАҚ хабарлаған деңгейде ме?
– Ауғанстан жайлы БАҚ бетінде жарияланып жүрген ақпарат біржақты. АҚШ-тың немесе Ресейдің сүзгісінен өтеді. Шындық соның таса­сында қалады. Ауғанстан жайлы білгіңіз келсе, барыңыз, көріңіз. Сонда қару ұсынған немесе есірткі тасыған емес, сізді құшақ жайып қарсы алған елді көрер едіңіз. Әлемде Ауғанстандағы тұрақтылықты қаламайтындар бар. Соғыс бұл – қару. Қару – бизнес. Себебін түсініп отырған шығарсыз. Ауған халқымен әлемдік өркениетті байланыстыратын алтын көпір үзіліп қалды. Журналистер соның жалғасуына мүдделі болса екен деймін. Ауғанстанда жылына 10 шақты кино шығып тұрады. 10 шақты теледидар және 100-ден астам БАҚ ақпарат таратады. Мемлекеттік тапсырыспен әдеби кітаптар шығады.
Ауғанстан Түркия, Үндістан сияқты алыс-жа­қын көршілерімен мәдени интеграцияны бастады. Соның аясында бірігіп кино түсіру, жазушылардың кітабын аудару, студенттер үшін грант бөлу жолға қойылмақ. Жыл сайын 500-ден астам жас Қазақ­стан, Ресей, Түркияның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Халықаралық гранттарға қатысып, АҚШ, Англия, Токио университеттерінде оқып жатқан жастар көп. Соғыстан шаршаған елді өркениет көшіне солар жетелейді. Мен соған сенемін. Қазақстанда 200-дей ауған студенті оқып жатыр. Көбі – медицина және ауыл шаруашылығы саласында.

Әңгімелескен
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*