Шетел нарығы қазақстандық еттің дәмін сезе бастады

568
0
Бөлісу:

Өткен жылы елімізде ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру мақсатында етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы іске қосылды. Бұл – Елбасының тұрақты басымдық беріп келе жатқан өзекті мәселелерінің бірі.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан хал­қына арна­ған «Қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: та­быс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауында «Аг­роөнер­кәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қай­та өңделген ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Икем­ді әрі ыңғайлы стандарт­тар­ды енгізу және ауыл шаруа­шы­лығы сала­сын­­дағы беделді шет­елдік маман­­дарды – «ақыл­ды адам­дар­­ды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тә­жі­рибесін пайдалануымыз ке­рек. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруа­шы­лық жүргізудің жаңа дағды­ла­рын үйрету үшін жаппай оқыту жүйе­сін қалыптастырған жөн. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қо­­сымша кемінде 100 миллиард тең­­ге қарастыруды тапсы­ра­мын» деген болатын.
Бүгінде елімізде мал шаруа­шы­­лығын, оның ішінде етті мал шаруашылығы саласын да­мы­туға қажетті барлық қолайлы жағ­дайлар жасалған. Қазақстан жайылым жердің көлемі бойын­ша әлемде бесінші орын­да. Мал шаруашылығы үшін 180 миллион гектардан астам жайы­лым жеріміз бар. Хал­қы­мыздың жартысынан көбі ауыл­дарда тұрады және ата­кә­сіппен айналысады. Сондықтан мал шаруашылығы айналысу біз үшін өте қолайлы.
Соңғы жылдары қазақ­стан­дық фермерлерді етті мал шаруа­шылығын дамыту мақ­са­тындағы іске жұмылдыруда рес­публикалық «Сыбаға» бағ­дарламасының атқарған жұ­мысын атап өтуге болады. Бағ­дарлама аясында шет елдерден асыл тұқымды төрт-түлік мал алынды. Сонымен қатар елі­міз­дегі шағын шаруашылықтар 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді да­мы­тудың мемлекеттік бағдар­ла­масы шеңберінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін кө­теру жұмыстарына белсенді түрде қатысып келеді.
Бұл бағыт бойынша бүгінгі таң­да көптеген шаруашылықтар шет­елден асыл тұқымды мал сатып алып, одан төл алады. Етті жас малды бордақылау алаң­дарына тапсырады. Олар, тиі­сінше еттің тауарлы көлемін жинақтап, оны ішкі және сырт­қы нарықтарға жеткізумен ай­налысады. Бұл жұмыстың ар­қасында шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігі көтеріліп, жер­гілікті малдың саны мен са­пасы артады. Ең маңыздысы – ауыл тұрғындарының басым бө­лігі жұмыспен қамтылып, отан­дық азық-түлік нарығының тұрақ­тылығы нығайып, сала­ның экспорттық бағыттылығы күшейіп келеді.
Таяуда өткен Мәжілістегі Үкі­мет сағатында Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Ауыл ша­руашылығы министрі Өмір­зақ Шөкеев 2018 жыл ауыл шар­уашылығы үшін берекелі әрі табысты жыл болғанын ерек­ше айтып өтті.
«Жыл өте берекелі, астықты бол­ды. 22,8 млн тонна астық жи­­­налды. Экспорт былтырға қа­рағанда 34 пайызға ұлғайды. Ет экспортын, өткен жылы уәде бергендей, 5 мың тоннадан 18 мың тоннаға жеткіздік. Келесі жылы 30 мың тоннаға жет­кі­зе­міз деп отырмыз. Сондықтан осы жыл ауыл шаруашылығы са­ласына өте берекелі әрі та­бысты жыл болды деп ойлай­мыз», – деді ол.
Алдағы уақытта еліміздің 2017-2021 жылдарға арналған аг­роөнеркәсіп кешенін дамы­ту­дың мемлекеттік бағдарла­ма­сы өзгертілмек. Оның ай­туын­ша, тек ет экспортын 2 мил­лиард 600 миллион долларға дейін жеткізуге еліміздің бар­лық мүмкіндігі бар. Өйткені, қа­зір қазақстандық ет өнім­де­ріне Сауд Арабиясы, Вьетнам жә­не өзге де бірнеше ел қы­зы­ғушылық танытып отыр.
Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің өкілдері мал және өсімдік шаруашылығындағы бір жылғы нәтижелерге арнал­ған (желтоқсан айында өткен) брифинг мәліметіне сүйенсек, ет экспортының көлемі 18,8 мың тоннаны құраған. Ал жос­парланған көлем – 15 мың тон­на. Сыртқа шығарылған еттің тең жартысы Түркістан облы­сы­на тиесілі болды.
Елімізде фермер шаруа­шы­лық­тардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50,0 мың басты құрайды. 11 айда 67 мың бас малды сатып алуға өтінімдер қабылданды. Со­ның ішінде 55 мың басқа өті­нім мақұлданып, несиелер бе­рілген. Сондай-ақ «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 170 мың бас қой сатып алынған. «Аналық малды асылдандыру жоспары 1,0 млн басқа жетті. Ал асыл­дандыруға барлығы 977 мың бас мал (98%) қатысып отыр. Шет мемлекеттерден жал­пы саны 14,5 мың бас ірі қа­ра әкелінген.
Қазіргі кезде ет экспортын арт­тыруда алға қойып отырған мін­деттер тек ірі өндірушілер есе­бінен жүзеге асырылып ке­леді. Сондықтан ірі ет өн­діру­шілерді қолдауға мемлекет та­рапынан көңіл бөлінуі – құп­тарлық іс. Әлемдік нарықтың таңдайы қазақ даласында жайыл­ған мал етінің дәмін енді сез­ді. Біздің елден ет және ет өнім­дерін экспорттағысы ке­летіндердің қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Кәсіпкер Сай­лау Тотықов еліміздегі мал етіне шетелдіктердің сұранысы артқан сайын ішкі нарықтағы ет бағасы қымбаттай беретінін алға тартады.
Ауыл шаруашылығы са­ласын қолдауға бағытталған мем­лекеттік бағдарламаның арқасында соңғы кездері әр өңірдегі мал басы мен мал өнім­дерінің көлемі де арта түскен. Елімізде 2027 жылға қарай ет өндіру көлемін 184 тоннаға жет­кізу көзделген. Етке деген ішкі қажеттілік толығымен қам­сыз­дандырылып, өзге өңірлерге оның 4,5 мың тоннасы жібе­ріл­ді. Сондай-ақ, 474 тонна ет Ре­сейге экспортталды. Ет өнді­ре­тін 26 кәсіпорын жергілікті шикізатпен қамтылып отыр.
Міне, осындай көрсеткіш­тер­ден-ақ, еліміздің ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдерін, оның ішінде етті экспорттау көрсет­кіш­терін еселеуге мықтап кіріс­кенін анық байқауға болады. Соның ішінде ет өндірісі мен оны өңдеу үшін бірқатар шара­ларды іске асыру – кезек күттір­мейтін мәселе. Бірінші кезекте, ет экспортын дамыту үшін елімізде өндірілетін ет өнімдері сыртқы нарықта сапасы және ба­ғасы бойынша бәсекеге қа­білетті болуы тиіс. Ал бұл орай­да, ет сапасы жоғары болуы үшін малды асылдандыру мен оны күтіп бағу айла-тәсілдерін жақсы меңгергеніміз жөн. Сырт­­қы нарыққа шығарылатын өнім қашанда өтімді болуы үшін бағасы сапасына сай келу к­ерек екенін ескерсек екен. Сон­дай-ақ, ет және ет өнімдерін тұ­рақты экспорттауда ветери­нарлық шаралардың алар орны ерек­ше. Біріншіден, ауру мал­дан дұрыс өнім алынбаса, екін­шіден, малдан жаппай ауру та­был­ған жағдайда өзге елдерге ет экс­порттау мүмкін болмай қа­ла­тынын жақсы білеміз. Сон­дықтан мал шаруа­шы­лы­ғының даму қарқынын одан ары сақтап қалу үшін сыртқы нарыққа өнім шығару жолдарын тынбай із­дестіру қажет. Сонда ғана мал шаруа­шылығы одан ары дамып, бұл сала тауар өндірушілері үшін табысты бола түспек.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*