САЛЫҚ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

311
0
Бөлісу:

Биыл да салықты уақытында төлемейтіндерге қолданылар жаза қатайып тұр. Әдеттегідей, салық төлеуге немқұрайлы қараушылардың банк карточкасы бұғатталады. Бұл жазаның пайда болғанына бірнеше жыл болды. Ал биыл салық саласында қандай жаңалық бар? Бүгінгі әңгіме сол жөнінде. Жыл басынан бері «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп айдар тағылған топ бірыңғай жиынтық төлемін төлеуді бастайды. Ал салығын төлемей жүрген бизнес субъектілеріне амнистия жасалады. Сондай-ақ, табысы аз жұмысшының салығы азаяды.

Бірыңғай жиынтық төлемді кімдер төлейді?
Екі жылдан бері жыр болған бірыңғай жиынтық төлем (бұдан ары – БЖТ) туралы норма биыл қолданысқа енгізілді. Бірден айтайық, БЖТ – салық емес, ол төрттөлемді біріктірген жинақ. Оған жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­ды­ру төлемі, әлеуметтік сақтан­дыру аударымы кіреді.
Республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыс­тық маңызы бар қалалар­дағы БЖТ мөлшері – 1 АЕК (2019 жылы – 2 525 теңге) көлемінде, елді­ме­кендерде 0,5 АЕК-ті (2019 жылы – 1 263 теңге) құрайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дарға кімдер жататынын айтайық: мал бағып, егін мен бау-бақша егетіндер; базар мен пойыз төңі­регінде сауда-саттық жасайтын­дар; сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғалар (арба итерушілер); фрилансерлер; үй қызметкерлері (бала бағушы); такси қызметін атқаратындар мен ірілі-ұсақты жекеменшік кәсіп­керлер кіреді. Өздері жасаған тағамдарды, тәттілерді, түрлі қолөнер, тоқыма бұйымдарын ғаламтор арқылы сататындар аз емес. Олар көп жағдайда үйде отырып жұмыс істейді. Қысқасы, қызметтері ресми құжатта көрсетіле қоймаған, салық төле­мей­тін, жарна аудармайтын­дар өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар қатарына қосылады.
Ал өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар тізіміне кірмейтіндер үшін салық пен әлеуметтік төлемдер төлеу тәртібі бұрынғы қалпында сақталады.
Белгілі мекемеде тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлерге жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын табыстың 3,5% мөлшерінде аударым төлейді. Сол аударымдар негізінде әр адамның табысы есептеледі. Ал БЖТ төлеушілердің табысы олардың аударымдарына байланысты есептелмейді. Енде­ше өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар­дың табысы қалай есептеледі? БЖТ төлеушілердің айлық табысы ең төменгі жалақы деңгейіне теңестіріледі. Мәселен, БЖТ төлеушілерден Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін аударым мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызын құрайды. Яғни, қала тұрғындары үшін – 505 теңге, ауыл тұрғындары үшін – 253 теңге.
Әлеуметтік аударымдар негі­зін­де табыс есептелетін болса, БЖТ төлейтін қала тұрғындары­ның табысы 14 428 теңгені (505 теңге: 3,5% х 100%), ауыл тұрғын­дары­ның табысы 7 228 теңгені (253: 3,5% х 100%) құрайтын еді. БЖТ төлеушілердің табысы ең төменгі жалақы деңгейінде есеп­те­летіндіктен, әлеуметтік төлемді көбірек төлесе де болады. Аударым арқылы табысы есепте­леді деп қорықпау керек.
Бүгінгі күні өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ешқандай төлем төлемей-ақ, ел қатарлы ауруханаға қаралып жатыр. Мін­детті медициналық сақтан­дыру енгізілгенде, олар бұл қызмет­терден қағылады. Сол себепті олар қалтасынан өз болашағы үшін қаржы салуына тура келеді. Ескерер жайт, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бюджетке БЖТ төлемегені үшін жазаланбайды. Себебі, олар БЖТ төлегенде келе­шегі үшін төлем жасайды. Сонда ғана мемлекеттен тиісті көмек ала алады. Төлем жасамаса, алмайды.

Табысы аздың салығы аз
Мемлекет басшысы өткен жылдың басында жариялаған Бес әлеуметтік бастамасында жал­ақы­сы төмен қызметкерлер еңбек­­ақысын салық жүктемесін азайту арқылы көбейтуді ұсынған болатын. Ұлттық экономика министрлігі осы тапсырма шеңбе­рінде былтыр тиісті жұмыс атқарып шықты. Салық заңна­ма­сындағы бұл түзетулер 2018 жылғы 2 шілдеде шыққан «Әлеу­меттік қамсыздандыру туралы» заңға енгізілді. Заң осы жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Яғни, осы айдан бастап жалақысы аз жұмысшыларға салынатын салық көлемі азайды.
Таратып айтсақ, 1 қаңтардан 25 айлық есептік көрсеткішке (бұдан ары – АЕК) дейінгі еңбекақысы бар жұмысшыларға салынатын салық 10 есеге азайды. Биыл бір АЕК 2525 теңге, демек 63 125 теңгеден аз айлық алатын жұмысшылардың жалақысынан 1 пайыз ғана салық ұсталады.
Жұмыс беруші қызметкері үшін міндетті салықтарды төлей­тіні белгілі. 63 125 теңге жал­ақы алатындар салықты мейлін­ше аз төлесе, жұмыс беру­шіге қаржы­лық ауыртпалық түсірмейді әрі қызметкердің еңбекақысы да өседі. Жалпы елімізде төменгі еңбекақы алатын 2 миллионнан астам адам бар. Олардың қатарында ауыл шаруа­шылығы мен сауда саласында жұмыс істейтіндердер­дің үлесі басым.
Бұл бастамаға кезінде сарап­шылар түрлі баға берді. Мысалы, бір тарап Алматы, Астана, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтау сияқты өңірлерде жалақы жоғары болғаны­мен, Солүстік Қазақстан, Қоста­най, Жамбыл мен Қызы­лорда облыстарында жалақы төмен. Оның үстіне жалақысы аз топта еңбек жолын енді бастаған мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Биыл күшіне енетін заң солар үшін де қаржылық қолдау болады дейді. Екінші тарап салық жеңіл­дігінің бұл түрі халық тұрмы­сын түзеп жібереді дегенге сенбейді. Бұл халықтың билікке деген оң көзқарасын қалыптасты­ру үшін тиімді әдіс деп санайды.

Рақымшылық кімдерге арналған?
Өткен жылдың қазан айындағы жолдауында Президент бизнес жұмысын таза парақтан бастауы үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізуді жүктеген болатын. Тапсырма тап-тұйнақтай орындалған секілді. Осы айдан бастап шағын және орта бизнес өткен жылдың 1 қазанына дейін жинақталған қарыздарын 2019 жылдың аяғына дейін төлесе барлық айыппұл мен өсімнен босатылады.
Мемлекеттік кірістер комите­ті­нің төрағасы Марат Сұлтан­ғазиев­тің дерегі бойынша, қазіргі есепке сәйкес, рақымшылыққа 90 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі қатыса алады. Олар­дың жалпы қарызы 340 миллиард теңгені құрап отыр. Соның ішінде негізгі қарыздың көлемі – 210 миллиард теңге. Дәл осы қарыз төленсе, мемлекет 122 миллиард теңгенің өсімін, сондай-ақ 7,3 миллиард теңгенің айыппұлын сызып тастауға дайын.
Осы тұста ескерер мәселе бар, салық рақымшылығына темекі, алкоголь мен кен өндіру саласын­дағы ірі кәсіпкерлік нысандар ілінбейді.

Қай санатта жүреріңізді өзіңіз шешесіз
Жалпы, салықты уақытында төлеу туралы ұстаным өткен жылдың шілде айында енгізілгені белгілі. Содан бері салық төлеуді ұмытсаңыз яки төлемесеңіз, ұялы телефоныңыз бен электронды поштаңызға салық берешегін өтеу туралы хабарлама келіп тұрады. Хабарлама келген күннен 30 жұмыс күні ішінде жеке тұлға салық берешегін өтеуі қажет. Өте­месе, мемлекеттік кірістер орган­дары салық бұйрығын шыға­рып, атқарушылық іс жүргі­зу меке­ме­сіне жіберіп, мәжбүрлеп өндіріп алатын.
Ал биыл салық төлеушілердің тәуекел деңгейі ескерілмек. Яғни, салық төлеушілер төмен, орташа және жоғары деген санаттарға бөлінеді.
Төмен санаттағыларға салығын уақытында төлеп отырғандар кіреді. Мысалы, салықты әр айдың 25 күні төлеу керек, белгілі себептермен бір-екі күн төлей алмаса, өсімпұл мен айыппұл салынбайды, өз еркімен төлеуге мүмкіндік беріледі. Бірақ салықты ұзақ уақыт төлемесе, тиісті шара қол­даныла бастайды. Егер осындай әрекет бір жылда бірне­ше рет қайталанса, келесі жылы ол орташа санатқа көшірі­леді. Берілген мүм­кіндікті пайдаланып, салығын уақытында жауып үлгерсе, төменгі санатта қалуына болады.
Мүлкіңізге иелік ете алмайты­ны­ңыз жөнінде хабарлама келген сәттен бастап, жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші 1 жұмыс күні өткен соң, тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқы­зыл­ған салық төлеуші 10 жұмыс күні өткен соң берешекті төлеуі керек.
Салық төлеушінің банк шоттарындағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алу туралы хабарлама келген күннен бастап жоғары санаттағы салық төлеуші 5 жұмыс күні өткен соң, орташа санаттағы салық төлеуші 20 жұмыс күні өткен соң қарызды қайтаруы қажет. Бұл ақпарат жылына екі рет анықталып, «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасына жіберіледі. Ал 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап аталған ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтында жарияланады. Сондық­тан салық төлеуге салғырт қарау­шы атанғыңыз келмесе, салық төлеушінің қай санатына жататы­ныңызды қазірден айқын­дап алыңыз. Бәлкім, мына дерек жедел шешім қабылдауы­ңызға ықпал етер, 2018 жылы қарашаға дейінгі дерек бойынша, салық берешегін өтемеген 34 мыңнан астам салық төлеушінің банк шоттарының шығыс операция­лары тоқтатылған.

Айдана БЕГІМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*